Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Алтыншы бағыт: бизнесті шектен тыс тексерістен қорғау маңызды

Алтыншы бағыт: бизнесті шектен тыс тексерістен қорғау маңызды

Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында ел экономикасының барлық саласын жаңғырту үшін цифрландыру мен жасанды интеллект технологиясын жеделдетіп енгізу мәселесіне ерекше тоқталды. Алдағы үш жылда Қазақстанды цифрлық елге айналдыру мақсатында нақты стратегиялық межені белгіледі.

Ел Президентінің жаңа бастамалары Қазақстанды жаһандық аренада бәсеке­ге қабілетті ел ретінде танытумен қатар, хал­­қымыздың тұрмыс сапасын арттыруға зор ықпалын тигізеді. Жолдауда негіз­гі жеті міндет айқындалды. Соның алтын­шысы «Кәсіпкерлер елі­мізді цифрлық дамы­тудың қозғаушы күші болуға тиіс» деп аталды. Сонымен қатар инвестиция тарту, өңдеу өнеркәсібін, ауыл шаруа­шылығын, көлік-логистикасын дамыту, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мен су инфрақұрылымын жаңғырту, биз­несті қолдау, экономиканы жан-жақты жаң­ғырту арқылы адам капита­лын да­мы­ту жөніндегі міндеттер жүктелді.

Бұл – жаңа заманның шақыртуларына сай бәсекеге қабілетті елді дамытудың басты тетігі. Президентіміздің биылғы Жолдауы еліміздің экономикасымен қа­тар қоғамдық-саяси дамуына жаңаша серпін береді.


Жеті бағытты қамтыған құжатта еліміздің экономикасын арттыра отырып, жасанды интеллект технологиясын да­мы­ту бағыты нақтыланды.
Жолдаудың алтыншы бағытында айтыл­ғандай «Елімізде шағын және орта бизнестің ішкі жалпы өнімдегі үлесі 40 пайызға, ал жұмыспен қамту ісіндегі үлесі 50 пайызға жуықтады. Бұл – жаман көрсеткіш емес. Бірақ осы сала­ны жүйелі түрде жетілдіре түспесе, экономиканы дамыту және тұрмыс са­пасын жақсартуға тың серпін бере алмай­мыз» деді Президент.

Шын мәнінде шағын бизнес субъекті­сінің ішінде өнім өндіретін кәсіпкерлер саны алты пайызға да жетпейтіні жа­сырын емес. Орта бизнесте бұл көр­сеткіш жоғарырақ болғанымен, бәрібір көңіл көншітпейді.

«Былтыр мен «Экономиканы ырық­тандыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қойдым. Бұл құжат биз­нестің мүддесін ескере отырып, барынша ашық реттеу үлгісіне көшуге негіз болды. Бірақ Жарлық толық орын­далмай отыр» деп Президент іскер азаматтардың әлеуетін толық ашу мәсе­лесі күн тәртібінен түспейтінін ескертті.

Елімізде 21 кодекс, 300-ден астам заң барын ескерсек, оларға тым көп түзету енгізілген. Кейбір нормалар бір-біріне қайшы келіп жататыны анық. Бұлар түптеп келгенде, осының бәрі бизнестің да­муына кедергі келтіріп отыр.


Президент айтқандай, жақын күн­дері Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің жанынан Ин­теллект арқылы реттеу орталығы құ­рылады. Бұл орталық заңнаманы рет­ке келтірумен, түсінікті әрі тиімді ұсы­ныстар әзірлеумен айналысатын бола­ды. Сондай-ақ Мемлекет басшысы қол­даныстағы нормалардың Кәсіпкерлік кодекске сәйкестігін қосымша тексеріп, тізімді тезірек қолданысқа енгізу қажет екенін айтты.

Кәсіпкерлік саласына инвестор тарту, өндеу өнеркәсібін өркендету жолында аудан көлемінде атқарылған ауқымды жұмыс жеткілікті. Қазіргі уақытта басты құжатта инвестициялық белсенділікті арттыру және қолдау іс-шарасын же­тілдіру мәселесін ерекше атап өту маңызды. Осы ретте инвестициялық бел­сенділік пен қолдау іс-шарасы туралы аудандық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Алмат Сәдуақасов айтып берген болатын.

– Соңғы 3 жылда негізгі капиталға са­лынған инвестиция көрсеткішінің жос­­пары артығымен орындалуда. 2022 жылы – 45,8 млрд теңге, 213,1 пайызға, 2023 жылы – 61,2 млрд теңге 130,5 пайызға және 2024 жылы – 83,2 млрд теңге 132,3 пайызға артығымен орындалды. 2025 жылға қойылған меже – 85,0 млрд теңге. Ағымдағы жылдың 8 айында ауданға 46,8 млрд теңге инвестиция тартылды. Бұл жоспардың 55 пайызын құрайды. Қазіргі таңда 9 ай­дың қорытындысымен 100 пайызға шығу үшін мұнай компанияларымен есептілікті тапсыру бойынша тиісті жұ­мыстар жүргізілуде. Қазақстанның экономикалық дамуының басты бағыты – өңдеуші өнеркәсіпке инвести­ция тарту болып табылады. Бұл еліміздің шикізатқа тәуелділігін төмендетуге, тех­нологиялық жаңғыртуға және ішкі өндіріс көлемін арттыруға мүмкін­дік береді. Осы тұрғыда жүзеге асы­рылатын жобалардың үлкен үлесі Қазақстанның өңдеуші өнеркәсіп сек­­торының дамуына бағытталған. Сон­дай-ақ инвестициялық бастамалар ай­мақ­тардағы экономикалық даму­ды күшейтіп, жұмыс орындарын кө­бейтуге ықпал етеді. Жалпы ауданда инвестиция тарту бойынша оң көр-сет­кіштерге қол жеткізу үшін қолайлы климат қалыптасқан. Жолдаудағы өзекті міндеттердің бірі – өңдеу өнер­кәсібін дамыту. 2025 жылдың қаңтар-тамыз айларында ауданның өнеркәсіп орын­дары 68,8 млрд теңгенің өнімін өн­діріп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда, бұл көрсеткіш 178,8 пайызға орындалды. Өңдеу өнеркәсібінің көлемі 10,0 млрд тең­гені құрап, 2024 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 133,0 пайыз­ға артығымен орындалды, – деді Алмат Сандыбайұлы.

Сонымен қатар құжаттың бұл бағы­тында «Мемлекеттік кірістер комитеті цифрландыру үдерісі бойынша мем­лекеттік органдар арасында көш бас­тауға тиіс. Бұл мекеме жасанды интел­лектінің және басқа да озық тех­нологияның әлеуетін салық төлеу­ші­лердің мүддесіне сай тиімді қолдануы керек» деп айтылды. Яғни жаңа Салық кодексі қазіргі нормалар мен рәсімдерді өзгертумен шектелмеуі керек. Бұл құ­жат салық төлеушілердің ашықтық пен адалдыққа негізделген жаңа таным-түсінігі мен болмысын қалыптастыруға тиіс.

Мемлекет әрқашан адал жұмыс істейтін салық төлеушілердің мүддесін қор­ғайды. Олардың адал еңбегінен түс­­кен салықты елімізді дамытуға жұм­сайды.

«Салықтан түскен әр теңге халық­тың игілігіне жұмсалуға тиіс. Бұл – аза­маттарға сапалы мемлекеттік қызмет көрсетіліп, инфрақұрылым салынып, мем­­лекеттік қолдау шаралары ұсынылуы қажет деген сөз» деді Президент.

Тағы бір өзгерісті қажет ететін құ­рылым Даму институттары болды. Осы күні Даму институттары кәсіпкерлердің белсенділігін арттыру ісінде айрықша рөл атқаруға тиіс. Бірақ олардың жұ­мысында біраз кемшілік бар. Даму институт­тарының қызметін өзгертетін кез келді.
Бұдан бөлек, арнаулы бағытта Үкі­мет Мемлекеттік мүлік туралы заңды жаңартуға тиіс деген тұжырым айтылды. Заңда мемлекеттің экономикаға қатысу шегі нақты айқындалуы керек. Сондай-ақ басқару ісіне қатысты құқықтық талаптар көрсетілуі қажет деп нүкте қойылды.

Ел экономикасын өркендетуде маңыз­­дылығы жоғары салық және кәсіп­­керлік саласындағы өзгерістер ел-халықтың дамуы мен жаңғыруына қыз­мет ету тиіс.

Бибісара ЖАНӘЛІ


30 қыркүйек 2025 ж. 279 0