Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Экономикалық тұрақтылық пен цифрлық дамудың кепілі

Экономикалық тұрақтылық пен цифрлық дамудың кепілі

Жақында аудандық мәдениет үйінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауынан туындайтын міндеттерді жүзеге асыруға арналған жиын өтті. Жиынға аудан әкімінің міндетін атқарушы Талғат Нұртазаев, облыстық мәслихат депутаты, «AMANAT» партиясы аудандық филиалы жанындағы партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Жұмабек Ембергенов, Сырдария ау­даны прокурорының орынбасары Ғалымжан Дүйсенбаев, аудандық мәслихат депутаттары, зиялы қауым, мекеме-кәсіпорын басшылары, ауыл әкімдері мен БАҚ өкілдері қатысты.

Келелі жиынды ашқан аудан әкімінің міндетін атқарушы Талғат Нұртазаев Мемлекет басшысының ел халқына жолдаған Жолдауынан туындайтын мәселе­лерді айқындады.

– Өздеріңізге белгілі, қыркүйекте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауын жариялады. Жолдаудан туын­дайтын міндеттерді аймағымызда жүзе­ге асыру бойынша облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлының төрағалығымен арнайы актив отырысы өткізіліп, алдағы біршама жұмыс бағыты айқындалды. Ендігі кезекте бүгін ел Президентінің Жолдауынан туындайтын міндет­терді ауданымызда сапалы әрі мерзімінде жүзеге асыру мәселелеріне арналған жиында бас қосып отырмыз. Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында ел экономикасының барлық сала­­сын жаңғырту үшін цифрландыру мен жа­санды интеллект технологиясын жеделдетіп енгізу мәселелеріне ерекше тоқталды. Алда­ғы үш жылда Қазақстанды цифрлық елге айнал­дыру мақсатында нақты стратегиялық межені белгіледі. Ел Президентінің жаңа бас­тамалары Қазақстанды жаһандық аренада бәсе­кеге қабілетті ел ретінде танытумен қатар, халқымыздың тұрмыс сапасын арттыруға зор ықпалын тигізеді. Жолдауда негізгі жеті міндет айқындалды. Атап айтқанда, инвестиция тарту, өңдеу өнеркәсібін, ауыл шаруашылығын, көлік-логистикасын дамыту, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мен су инфрақұрылымын жаң­ғырту, бизнесті қолдау, экономиканы жан-жақты жаңғырту арқылы адам капиталын дамыту жөніндегі міндеттерді жүктеді. Бұл – жаңа заман­ның шақыртуларына сай бәсекеге қабілетті елді дамытудың басты тетігі. Президентіміздің биылғы Жолдауы еліміздің экономикасымен қатар қоғамдық-саяси дамуына жаңаша серпін береді, – деді Талғат Мейрамханұлы.

Әрине, биылғы Жолдауда сан сала бойынша көптеген мәселе көтерілді. Жеті бағытты қамтыған құжатта еліміздің экономикасын арттыра отырып, жасанды интеллект технологиясын дамыту бағыты нақтыланды. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұса Келдібаев мінберге шығып, елдің әлеуметттік-экономикалық даму жолындағы ауқымды жобалар жөнін­де пікірін білдірді.

– Мемлекет басшысы жыл сайын Қазақстан халқына Жолдауын жариялап, үкімет пен әкімдіктердің алдағы атқаратын жұмысын бағдарлап береді. Жолдауды ел тұрғындары секіл­ді мен де көріп шықтым. Қазір­гі уақытта су инфрақұрылымын жаңғырту, жер ресурсын жаңарту қоғамда өзектілігін жой­майды. Жер – халықтың байлығы. Жерінен айы­рылған жұрт тәуелсіздігінен біржолата қол үзеді. Алдағы уақытта жер ресурстарын тиімді бағытта жүргізу – күн тәртібінен түспейді. Өткен ғасырда су тапшылығын біз бірнеше мәрте сезінген халықпыз. Сонда ауыл шаруашылығы саласының мамандары егінді тоқтатпай, 1 миллион пұт астық жинаған кездері болды. Қашанда елдің ауызбіршілігінің арқасында қиындықты еңсеруге болады. Бір жылдары су арнасының бойына 40-тан астам насос қойылып, егістік басына су жіберіліп отырды. Тың, құнарлы жерді қашанда сақтап, тоздырып алмау амалын қарастырған жөн. Бұрынғыдай емес, қазір заманауи технологияның дәуірі қарыштап тұрғаны мәлім, – деді Мұса Алпысбайұлы.

Шындығында, асыраушы саланың, яғни ауыл ша­руа­шылығы құрылымына аса мән беру – өте өзекті. Жолдауда агроөнеркәсіп саласын дамыту, инвестиция тарту және су мәселесін шешу бойынша тың бастамалар айтылып, нақты тапсырма берілді. Бұл бағытта аудан бойынша атқарылған жұмыстар жеткілікті. Өз кезегінде «Ақжарма-2» шаруа қожалығының төрағасы Марат Бисенов сөз сөйледі.

                                         

– Бағдарламалық құжат ел дамуының стратегиялық бағдарын айқындап, мемлекеттік саясаттың алдағы жылдардағы бағытын айқындап берді. Елдің бәсекеге қабілетін арт­тыру арқылы сан салада серпінді жұмыс атқарылатыны сөзсіз. Көптеген жаңа техно­логия мен экономикалық жаңғырту барысы ауқымды түрде жүзеге асырылса, серпінді жұмыстарды көре аламыз. Мен кәсіпкер және шаруашылық төрағасы ретінде Жолдаудағы инвестициялық саясатқа қатысты жобалардың іске асуын толықтай қолдаймын. Өндеу өнеркәсібіне басымдық беріліп, жаңа серпін беру – құптарлық жағдай. Бір палаталы Пар­ламент құру бастамасы – уақыт талабына сай жүргізіліп отырған ауқымды реформаның бірі деп санаймын, – деді Марат Алдабергенұлы.

Мемлекет басшысы озық ойлы ұлт болу үшін жағымсыз әдеттерден түбегейлі арылып, мәдениетті, өркениетті қоғам құру жөнінде маңызды мәселелерді көтерді. Халықты тәуелсіздікті сақтап, ел тыныштығын бағалай білуге шақырған болатын. Мықты мемлекеттің тірегі – адам капиталы. Ойы зерек, ұлтжанды, жаңа заманның шақыртуларына дайын жас буынды қалыптастыру маңызды міндеттің бірі. Оларға ұлттық дәстүрлерімізді дәріптеу, рухани қолдап, бағыт-бағдар беруде бүгінгі аға буынға артылар жауапкершілік жоғары. Осы орайда мәдениет саласының ардагері, өлкетанушы, «Халықаралық Жазушылар одағының» мүшесі Жұмабай Байзақұлы өз сөзінде ұлттық және адами құндылықтың негізгі басымдығына тоқталды.

– Біз кеше кім болғанымызды ұмытпаймыз. Төл тарихымызға құрметпен қараймыз. Ал келе­­шекте кім болатынымыз тек қана өзімізге байланысты. Биылғы жыл атаулы күндерге толы болды. ІІ дүниежүзілік соғыстың аяқ­талғанына 80 жыл толды. Осы ретте ауданға қарасты барлық елді мекенде боздақтар мен ардагерлердің есімін ұлықтайтын кітап жарық көргені жақ­сы. Алдағы уақытта өскелең ұрпа­ғымыз батыр­лардың еңбегін біліп жүретін болады. Осы жылы Қызылорда қаласының ас­тана болғанына 100 жыл толуына орай ау­қымды іс-шара облыс көлемінде жүзеге асты. Жалпы өзім облыстық тарихи-өлкетану музейі жанынан араб тілінде жазылған жаз­баларды қазақ тіліне аударып, кітапқа түсіру­мен айналысып келемін. Қашанда ұлттың құн­дылығын зерделеп, тарихына терең­нен мән берсек, адами капиталдың маңыздылығы жойылмайды. Жолдауда Мемлекет басшысы ел азаматтарына арналған жобаларды айқын­дап, тиісті органдарға орындалу барысын же­дел­детуге тапсырма берді, – деді Жұмабай Байзақұлы.

Бүгінде дүниежүзі жаппай цифрландыру, жасанды интеллект дәуіріне қадам басқаны мәлім. Бұл бағытта уақытылы, дер кезінде ұтымды шешім қабылдаған елдер мен алпауыт трансұлттық компаниялар әлемдік экономикада көш басында тұр. Цифрландыру, жасанды интеллект бағытындағы білім саласына қойылған жұмыстар мен міндеттер бойынша Әбдіраш Жәмішов атындағы №129 мектеп-лицейінің директоры Айдос Оспанов баяндама жасады.
                                      
– Бүгінгі Жолдау Президент реформалары мен бастамаларының заңды жалғасы іспетті. Мемлекет басшысы еліміздің келешегіне қатыс­ты келелі ойларын ортаға салып, білім саласын дамыту бойынша алдымызға бірқатар міндет қойып, білім саласындағы ауқымды мәселелерге тоқталды. Сондықтан да Мемлекет басшысы өте маңызды стратегиялық мақсат қойды. Еліміз цифрлық жаңғырту ісімен тығыз сабақтасып жатыр. Жасанды интеллектіні жаппай енгізу және жаппай цифрландыру еліміздің барлық саладағы әлеуе­тін еселеп арттырады. Біздің стратегиялық бағ­дары­мыздың ең басты қыры да осы болуға тиіс. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, барлық білім беру ұйымдарында тәрбие жұмыстары жүйеленіп, балалар арасында жал­пы­­адамзаттық және ұлттық құндылықтарды дә­ріптеуге бағытталған нақты бетбұрыс жасал­ды. Басты бағдарымыз – «Адал азамат» біртұ­тас тәрбие бағдарламасы. Бұл – әр сабаққа, әр сыныптан тыс іс-шараға енгізілуі тиіс тұтас философия. Бағдарламаның мақсаты – білімді, отаншыл және жасампаз ұрпақ қалыптастыру болды, – деді Айдос Қарсақбайұлы.

Кәсіпкерлік саласына инвестор тарту, өндеу өнеркәсібін өркендету жолында аудан көлемінде атқарылған ауқымды жұмыс жеткілікті. Қазіргі уақытта басты құжатта инвестициялық белсенділікті арттыру және қолдау іс-шарасын жетілдіру мәселесі ерекше атап өтілді. Осы ретте инвестициялық белсенділік пен қолдау іс-шарасы туралы аудандық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Алмат Сәдуақасов баяндады.

– Соңғы 3 жылда негізгі капиталға салынған инвестиция көрсеткішінің жоспары артығымен орындалуда. 2022 жылы – 45,8 млрд теңге, 213,1 пайызға, 2023 жылы – 61,2 млрд теңге 130,5 пайызға және 2024 жылы – 83,2 млрд теңге 132,3 пайызға артығымен орындалды. 2025 жылға қойылған меже – 85,0 млрд теңге. Ағымдағы жылдың 8 айында ауданға 46,8 млрд теңге инвестиция тартылды. Бұл жоспардың 55 пайызын құрайды.

Қазіргі таңда 9 айдың қорытындысымен 100 пайызға шығу үшін мұнай компанияларымен есептілікті тапсыру бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде. Қазақстанның экономикалық да­муы­ның басты бағыты — өңдеуші өнеркәсіпке инвестиция тарту болып табылады. Бұл елі­міздің шикізатқа тәуелділігін төмендетуге, тех­нологиялық жаңғыртуға және ішкі өндіріс көлемін арттыруға мүмкіндік береді. Осы тұрғыда жүзеге асырылатын жобалардың үлкен үлесі Қазақстанның өңдеуші өнеркәсіп секторының дамуына бағытталған. Сондай-ақ инвестициялық бастамалар аймақтардағы экономикалық дамуды күшейтіп, жұмыс орын­дарын көбейтуге ықпал етеді. Жалпы ауданда инвестиция тарту бойынша оң көр­сет­кіштерге қол жеткізу үшін қолайлы климат қалыптасқан. Жолдаудағы өзекті міндеттердің бірі – өңдеу өнеркәсібін дамыту. 2025 жылдың қаңтар-тамыз айларында ауданның өнеркәсіп орындары 68,8 млрд теңгенің өнімін өндіріп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда, бұл көрсеткіш 178,8 пайызға орындалды. Өңдеу өнеркәсібінің көлемі 10,0 млрд теңгені құрап, 2024 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 133,0 пайызға артығымен орындалды, – деді Алмат Сандыбайұлы.

Мемлекет басшысы жаппай цифрландырудың қауіп-қатері аз емес екенін атап көрсетті. Соңғы жылдары интернет-алаяқтық мемлекеттің және азаматтардың қаржылық қауіпсіздігіне үлкен нұқсан келтіруде. Сондықтан киберқылмыспен күресу, үнемі жіті на­зар аудару қажеттігі жиында сала мамандарының назары­нан тыс қалмады.

– Бүгінде интернет-алаяқтығы қылмыстары жөнінде естімеген адам жоқ шығар деп ойлай­мын. Жалпы интернет-алаяқтары қол­данатын алдау, қор­қыту тәсілдерін білмейтін азаматтар әлі де көп десек болады. Қазіргі за­манда интернет пен цифрлы технологиялардың мүмкіндіктері біз ойлағаннан да алға дамып кеткен. Осы күні боттарға тапсырма беру немесе жасанды интернет арқылы көптеген цифрлық тапсырманы орындауға мүмкіндік бар. Интернеттің дамуымен қатар алаяқтарда уақыт талабына ілесіп, азаматтардан ақша жымқырудың жаңа тәсілдерін ойлап табуда. Шын мәнінде, интернет-алаяқтарының басқа қылмысқа қарағанда басты ерекшелігі – кез келген азаматтың жас ерекшелігіне қарамастан, барлығына бірдей жасалынуында болып отыр. Аудан бойынша есепті мерізімде 7 интернет-алаяқтық қылмысы тіркелген. Бұл бағытта аудандық полиция бөлімінің мамандары тиісті деңгейде жұмыс жасауда, – деді аудандық полиция бөлімі бастығының бірінші орынбасары Әділбек Қанзадаев.

Жиын соңында тиісті бөлім, елді мекен әкімдеріне, кәсіпорын басшыларына бірқатар тапсырма жүктелді.

Балтабай ОРДАБЕКОВ
Сурет: Нұрасыл ЕСЕНКЕЛДІ

20 қыркүйек 2025 ж. 140 0