Қария – алтын діңгек
Елімізде алпыстан асқан 2,8 миллион адам тұрады. Бұл дегеніміз – жыл сайын қарттық жасқа жеткен жандардың өмір сүру ұзақтығы ұлғайып келе жатқанын көрсетеді. Өткен жылдың қорытындысы бойынша елдегі қарт кісілердің өмір сүру ұзақтығы 75 жасты құрады. Шын мәнінде, қалалықтар мен ауылдық жердегі қариялардың тіршілік ауаны мүлдем сәйкес келмейді. Өткен ғасырдың бел ортасында еңбекпен ерте есейген орта буын өкілі жастарға ақыл айтатын ақсақалға айналды.Сырдария ауданында 4271 ардагер бар. Қазіргі уақытта аудан көлемінде қазыналы қарттарға айрықша құрмет көрсетіліп келеді. Үнемі елдегі әр бастамаға үн қосып отыратын ақылман азаматтардың орны – төр. Ұлы Отан соғысының ардагері, 103 жастағы Яхия Тасыров келер ұрпаққа саналы ғұмырындағы ауыртпалыққа толы кезеңді баяндап отырады. Бұл ретте басқа мемлекеттер аумағындағы ұрыс қимылына қатысқандар – 38, жеңілдіктер бойынша ҰОС-ның ардагеріне теңестірілгендер – 20, тыл ардагері – 98 екенін айта кеткен жөн.
Бүгінде Сырдария аудандық ардагерлер кеңесі жанындағы 15 бастауыш ұйымның жұмысы жолға қойылған. Әрбір ауылда сан салада қызметімен танылған жандар назардан тыс қалмайды. Бейнетпен белі бүгіліп, алтын құрсақты жанға айналған аналар қауымы – отбасының шамшырағына айналған. Шындығында қарияның әрбір әжімі – өмірдің өрнегі, тағдырдың ізі секілді. «Қариясы бар үй – берекелі үй» десек, олар отырған шаңырақтан жарық кетпейтінін, ырыс ортаймайтынын жақсы білеміз.
Қазанның алғашқы күні қазақстандық қариялар атаулы күнді атап өтеді. Жыл сайын зейнет демалысына шығып, ардагерлер қатарын толықтырған жандар қаншама. Қоғам өмірінде қажыр-қайратымен танылған жақсы мен жайсаңның көбісі – ардагерлік кезеңге жете алмай кеткені өкінішті. Ұлттың ұйтқысы, жол бастар әрбір ақсақал сөзінің дуалы болуымен, жастарға айтар ақылымен дараланады.
Б.ОРДАБЕКОВ







