Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№ 34 газет

10 мамыр 2025 ж.

№ 33 газет

06 мамыр 2025 ж.

№ 32 газет

03 мамыр 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031 
» » Теңдессіз тарих: қарт майдангерге құрмет көрсетілді

Теңдессіз тарих: қарт майдангерге құрмет көрсетілді

Ұлы Жеңіске, бүгінгі бейбіт тіршілікке үлес қосқан әрбір майдангер алдында түгел ұрпақ борыштар. Көзі тірі тарих, тау тұлғалы ғасыр адамы Яхия Тасыров бүгінде 103 жас­та. Жеңістің 80 жылдығы мерекесі қарсаңында батагөй ақсақалға құрмет көрсетілді.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен Жеңістің 80 жылдығын атап өтуге, қатары сиреген қарт майдангерлерге құрмет көрсетуге ерекше мән берілуде. Осы орайда облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев аудандағы Ұлы Отан соғысының ардагері Яхия Тасыровтың шаңырағына барып, Жеңістің 80 жылдығымен құттықтап, құр­мет көрсетті. Ардақты ақсақалға Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың құттықтау хаты мен «Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 80 жыл» мерекелік медалін табыс­тады. Дәстүрге сай иығына шапан жауып, сый-сияпат көрсетті.

Биыл тарих жылнамасында 1418 күнге созылған алапат майданның аяқталып, Ұлы Жеңіс туы тігілгеніне 80 жыл толып отыр. Сырдария топырағынан шыққан Кеңес Одағының Батырлары Нағи Ілиясов пен Жаппасбай Нұрсейітов бастаған соғыс ардагерлерінің есімін мақтанышпен айтуға болады. Ауданнан Ұлы Отан соғысына 3 мыңға жуық азамат аттанып, жартысынан көбі туған жерге оралмаған. Бүгінде Қазалы және Сырдария аудандарында 2 ҰОС ардагері тұрады. Ұлы Отан соғысының ардагері, Сырдария ауданының құрметті азаматы, 103 жастағы Яхия Тасыров 1942 жылы майданға аттанған. Сталинградты, Курскіні, Польшаны азат етуге қатысқан. Бейбіт өмірде де белсенді еңбек етіп, ауыл шаруашылығы өндірісінің өркендеуіне үлес қосқан. «Қызыл жұлдыз», І, ІІ дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» ордендері мен бірнеше медальдің иегері, елдің батагөй ақсақалы.

Айта кетейік, бұған дейін 7 мамыр – Отан қор­ғаушылар күні қарсаңында Қызылорда облысының қор­­ғаныс істері жөніндегі депар­таментінің бастығы, под­полковник Жасұлан Шанкулов Ұлы Отан соғысының ардагері Яхия Тасыровқа ҚР Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықовтың арнайы құттықтауы мен мерекелік сыйлығын табыс етсе, кеше аудан басшысы Берік Сәрменбаев бастаған бірқатар азамат Яхия Тасыровтың шаңырағына арнайы барып, атаның ақ батасын алды.

Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ

10 мамыр 2025 ж. 122 0