«Қазақ» атауымен ұштасқан Қызылорда тарихы

«Біздің мемлекеттігіміз мыңжылдықтардан бастау алады, оның тамыры тым тереңде жатқаны даусыз. Бірақ осыдан бір ғасыр бұрын ұлтымыздың өз атауының оралуы тарихи әділдік орнату жолындағы маңызды қадам болғанын ашық айтуымыз керек. Бұл істе сол кездегі Үкімет басшысы Сәкен Сейфуллин айрықша рөл атқарды. Ол «Қазақты қазақ дейік, қатені түзетейік» деген мақала жазып, арнайы идеологиялық науқанды бастап берді» деп атап өтті.
«Қазақ» атауын қайтару жолында елдің іргетасын қалауда еңбегі сіңген қайраткерлердің орны ерекше. Осы бір төл есімнің қайта жаңғыру жолындағы зерттерулерге тоқталсақ.
24.kz журналистері Шернияз Жалғасбекұлы мен Жандос Битабаровтың авторлық мақаласында Шернияз Жалғасбекұлының «қазақ» атауын қайтарылу жолындағы бастамаға пікір білдірген.
– 1913 жыл. Екінші ақпанда Ахмет Байтұрсынұлы бастаған бір топ алашордалықтардың қолдауымен «Қазақ» газетінің алғашқы нөмірі жарық көрді. Басылымның не себепті бұлай аталуы белгілі болатын. Алғаш рет «қазақ» атауын қолданысқа қосу идеясы іс жүзінде іске асты, – деп айтып өткен. Сондай-ақ С.Сейфуллин музейінің директоры Марат Әбсеметовтің пікіріде қоса жазылған.
– Енді ХІХ ғасырда да бұл мәселе қатты көтерілген. ХХ ғасырдың басында «Қазақ» газетінде алғаш рет Міржақып Дулатұлы «қазақ» мәселесін көтереді. Ресейдің Сібір қазахтары шыққаннан кейін, Сібір қазахтарымен шатастырмау үшін ресейліктер бізге «қырғыз» деген атау қойды. Қырғыздарды «қара қырғыз» деді. Бірақ қазақ халқы өзін ежелден қазақ деп келген. 1923 жылы «Еңбекші Қазақ» деген газет бар, №66 санында Сәкен Сейфуллин Үкіметтің төрағасы болып тұрғанда «Қазақты «қазақ» дейік, қатені түзетейік» деген үлкен мақала жазады. Ол кезде үкіметтің құрамында С.Сейфуллин, А.Байтұрсынов, Ә.Ермеков, С.Сәдуақасовтар болды. Мәжит Шонбалов, Ахмет Бірімжанов деген үлкен азаматтар сол пікірді көтеріп жүрді, – дейді М.Әбсеметов.
Осы тақырып бойынша зерттеу жасаған тарихшы Сәбит Шілдебайдың зерттеуінше, 1925 жылдың 15-19 сәуір аралығында Ақмешіт қаласында Қырғыз АКСР Кеңестерінің бесінші бүкілқазақтық съезі өтеді. ҚазОАК төрағасы С.Меңдешев кешкі сағат 21:00-де съезді салтанатты түрде ашық деп жариялайды. Съездің күн тәртібіне 6 мәселе қойылады. Бірақ бұлардың ішінде біз қозғап отырған оқиға жоқ еді. Бірақ күтпеген жерден сөз алған РК(б)П Қырөлкекомының екінші хатшысы С.Қожанов «қырғыз» атанған қазақ халқына тарихи дұрыс атауын қайтару, республиканы «Қазақстан» деп өзгерту, ал Ақмешіт атауын Қызылорда деп ауыстыру ұсыныстарын ортаға салады. Бұл бастаманы съезд делегаттары орындарынан тұрып ду қол шапалақтап, қолдау көрсетеді. Осындай қолдаумен 1925 жылдың 19 сәуірінде «қазақ» атауы қайтарылып, БОАК бұл шешімді сол жылдың 15 маусымында ресми мақұлдады.
Бұл тұста елдің қамын ойлаған, ұлтының болашағының жарқын болуына үлес қосқан, жоғарыда аталған Алаш қайраткерлері және де басшылықтағы қазақ азаматтарының орны ерекше. Олардың «қазақ» атауының өркенін жайып кең тарауына қосқан үлесі орасан зор. Зерттеуші, тарихшы Сәбит Шілдебайдың келтірген дерегі мен 24.kz журналистерінің төл есім туралы жазған авторлық мақаласы да құнды пікірлер мен ақпаратқа толы.
Сыр елінің 100 жылдық тарихына тоқталсақ. Қызылорда қаласының түпкі тарихы Қоқан хандығымен байланысты. Сол хандықтың тұсында Ақмешіт бекінісі болып іргетасы қаланған. 1853 жылғы тамыздан бастап, генерал В.А.Перовскийдің атымен Перовск бекінісі аталған.
Сырдария өзенінің бойына құлашын самғай орналасқан бекініс 1867 жылы қала мәртебесін алып, уезд орталығы болады. 1917 алғаш рет Кеңес өкіметі осы Перовскіде орнады. Халық саны өсіп, қаланың әл-ауқаты жақсара бастады. Ақмешіт атауы 1922 жылы қайтарылғанымен, 1925 жылы өткен бүкілқазақтық съезде «Қызылорда» болып өзгертіліп, сол кездегі Қазақ АКСР-інің астанасы мәртебесі бекітілді. Қалада мәдени орындар ашылып, 1938 жылы облыс орталығына айналды. Жылдан-жылға күрделі құрылыс жұмыстары жүріп, электр станциясы, күріш, кірпіш зауыттары іске қосылды. Көптеген тұрғын жұмыспен қамтылып, халықтың әлеуметтік жағдайы арта бастады. Қырқыншы жылдардағы әлемдік дүрбелеңнен кейін аймақта аяқ киім фабрикасы, ет комбинаты, сүт зауыты және тағы да басқа қызметтік орындар ашылып, соғыстан кейінгі жағдай ретімен реттелді. Қалаға ауқымды жаңалық әкелген 1956 жылы бой көтерген Тасбөгет жанынан салынған су бөгеті еді. Сондай-ақ көптеген білім ордалары салынып, жоғары оқу орны мен мәдени ошақтар пайдалануға берілді.
Қызылорда қаласының экономикалық жандануы 1996 жылдан бастау алды. Осы жылдың 8 қазанында ҚР Президентінің жарлығымен «Қызылорда арнайы экономикалық аймағы» құрылды. Бұл бастаманың қолдауымен аймақта кәсіпкерлік дамып, жан-жақтан инвестиция тарту сияқты жұмыстар жүргізілді. Өңір бойынша сауда, бизнес, өнеркәсіп, байланыс қатынастары реттеліп, экономикалық дамуы өсті.
Қазіргі таңда аймақ орталығының гүлденуі тікелей облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қалыптастырған бірізді жұмысының жемісі. Бір ғасыр тарихы бар қаланың бұрынғы бейнесін бүгінгі көрінісімен салыстырғанда айырмашылық жер мен көктей екені жоғарыда айтылған қала тарихының жолынан аңғаруға болады. Күннен-күнге әсем ғимараттармен толығып, жұмысы әсте бір тынбаған құрылыс нысандарының бой көтеруі халық игілігі екені анық. Атап айтып өтсек, биыл ғана қолданысқа берілген облыстық музей ғимараты, сәулетті салынған музыкалық колледж, қала орталығында күрделі жөндеуден өткен автожол мен жаяу жүргінші жолы, Сырдария жағалауының қайта жаңғыруы сондай-ақ аймақтың әр ауданында бой көтерген «Руханият орталығы» мәдени, экономикалық дамудың айрықша белгісі.
Ал бүгінде облыс орталығының мәдени, ғылыми дамуына жастардың да үлесі бар. Қазіргі таңда жас буынның қоғамға тез сіңісіп, елдің инновациялық өркендеуіне сонымен қатар саяси жаңғыруына тікелей атсалысуда. Айрықша атап өтсек қала бойынша жастарды қолдау мақсатында түрлі ұсыныстары мен іс-шаралар арқылы өскелең ұрпақты елдің дамуына үлесін қосуға себеп болып жүрген «Qosyl» орталығы және әр ауданда жұмысын жемісті атқарып отырған Жастар ресурстық орталығы бар. Олардың әр күні арнайы қызықты іс-шарамен жоспарланған. Әр бастаған бастамасы жастарды патриотизмге баулып, үлкен ортаға бейімдейді. Кез келген саламен таныстырып, бос уақытын көңілді әрі пайдалы өткізуге тырысады. Бұл бастама Сыр жастарының цифрлық қоғамда ұялы телефонға үңілмей, бос уақытын тиімді пайдаланып қана қоймай туған жеріне еңбегі сіңетіндей азамат болуға тәрбиелейді.
Қызылорда қаласының аталуы мен «қазақ» атауының қайтарылғанына биыл 100 жыл. Бұл айтулы мерекені әрбір облыс тұрғыны білуі маңызды. Қазір қоғамдық ортада «сұрақ-жауап» айдары арқылы бұл айтулы күнді сұрасақ бірі біліп, бірі білмесі анық. Сондықтан алдағы уақытта осы бір тарихи күнді, тарихи жылды әлеуметтік желі арқылы болсын дәріптеп, халыққа жеткізуіміз маңызды. Жоғарыда жазылған әрбір сөздің мағынасы тереңде. Қазіргі таңда цифрлық кезең болғандықтан әр ұрпақтың туған жерінің, туған өлкесінің, өскен қаласының тарихын білуі міндетті. Оны әрі қарай жеткізіп, дамытып, жас өреннің санасына ұғындыру ақпараттың жаршысы бола білген тілшілердің қолында. Ол мейлі газет, мейлі әлеуметтік желі арқылы болсын барынша ақпараттандыру маңызды.
Гүлсезім ЖАНСЕРІКҚЫЗЫ