Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Заң мен тәртіп – мызғымас тұғырымыз

Заң мен тәртіп – мызғымас тұғырымыз

Биыл Бурабай баурайында өткен Ұлттық құрылтайдың ІV отырысында Мемлекет басшысы Сыр елі үшін жақсы жаңалықты жариялады. Келер жылы Ұлттық құрылтайдың кезекті отырысы Қызылорда облысында өтетін болды. «Бүгінгі құрылтай тағы бір тарихи белеске тұспа-тұс келді. Биыл ел астанасын Қызылордаға көшіру туралы тарихи шешімнің қабылданғанына жүз жыл толып отыр. Халқымыздың «қазақ» деген байырғы атауы да бір ғасыр бұрын қайтарылды. Біздің мемлекеттігіміз мыңжылдықтардан бастау алады, оның тамыры тым тереңде жатқаны даусыз... Мұндай маңызды оқиғалар ел жадында сақталуға тиіс. Осы ретте құрылтайдың келесі отырысын Сыр бойында, кезінде Қазақ елінің астанасы болған Қызылорда қаласында өткізуді ұсынамын» деді Мемлекет басшысы.

Сөз басында ел Президенті қоғамда қызу талқыланып жатқан салық реформасына қатысты пікірін айтып өтті. Салық жүйесі – мемлекеттік жүйенің тірегі. Бюджетте қаражат болмаса, мемлекет те өз міндетін толық атқара алмайтыны, сондай-ақ әлеуметтік міндеттемелердің де толық орындалмайтыны анық. Осы жерде халыққа дұрыс түсіндірме, ақпараттық жұмыстардың жүргізілуі маңызды. «Жұрттың бәрі экономист немесе қаржыгер емес. Мемлекеттің қандай шараны не үшін қолға алып жатқанын бәрі бірдей түсіне бермеуі мүмкін. Сондықтан реформаның мәнін әр адамға түсінікті тілмен жеткізу керек. Үкімет салық реформасына қатысты жаңа тәсілдерді ұсынды. Бұл шаралар, жалпы алғанда, дұрыс. Онда негізгі экономикалық және әлеуметтік факторлар ескерілген» деді Мемлекет басшысы. Аталған салаға байланысты халық арасында түрлі сыбыс тарап, сынға ұшырап жатқаны белгілі. Десек те, Қазақстанның бюджет қаржысының жартысынан көбі әлеуметтік саланың еншісінде екенін айта кету орынды. «Біздің еліміз – әлеуметтік мемлекет. Сондықтан білім беру, денсаулық сақтау салаларына инвестиция салуды жалғастырамыз. Бұл – біздің конституциялық міндетіміз. Бірақ шын мұқтаж азаматтарға ғана көмек көрсетілуі керек. Қызметін асыра пайдалануға, әсіресе, алаяқтыққа жол берілмейді» деді Президент.

Одан кейін Қасым-Жомарт Кемелұлы бірыңғай уақыт белдеуіне көшуге қатысты пікірталасқа тоқталды. Бірың­ғай уақыт белдеуінің болуы басқару ісі, логистика салаларында жұмысты оңтайландыруға септігін тигізеді. Сол себепті Президент бұл мәселені саясиландырудың қажеті жоғын айтып, мәселеге нүкте қойды.

Әрине, қай елде болсын идеология мәселесі бас­ты орында. Осы орайда Ұлт­тық құрылтайдың кезек­ті отырысында ұлттық құндылық мәселесі де сөз болды. Президент алаяқтар мен жалған ақпарат таратушылар, теріс пиғылды адамдар мен жалған психологтар, кино саласында атқарылған маңызды жұмыстар мен ақсап тұрған тұстарды да сөз етті.

«Біз біртіндеп барлық салада ауқымды реформалар мен нақты өзгерістерді жүзеге асырып жатырмыз. Оның бәрі халықтың тілегі мен заманның талабына сай жасалуда. Бұл жердегі түпкі мақсат – барлығын өзгерту емес. Ең бастысы – атқарылып жатқан шаруаны оңтайландырып, оның тиімділігін арттыру» деген Қасым-Жомарт Тоқаев түрлі салаға қатысты бірқатар бағдарламалар мен кешенді жоспарлардың мерзімі аяқталғанын айтып өтті. Әрине бұл құжаттардың кейбірі жалғасса, кейбірі тоқтатылады. Осы ретте Мемлекет басшысы Үкіметке мұқият ойланып, нақты шешім қабылдау қажеттігін ескертті. Жекелеген бағыттар бойынша мемлекеттік аппараттың жұмысын жүйелеп, ретке келтірудің маңызы зор.
   
                                                          

Мәдениет, руханият саласы қай қоғамның да негізгі байлығы, құндылығы. Келесі мәселені ұлттық бірегейлікті нығайту жолында мәде­ниет саласына арнаған Президент бірқатар мәселеге тоқталып өтті. Иә, қазіргі таңда Наурыз мерекесін тойлау дәстүрі жыл санап жаңғырып, жаңа қарқын алып келеді. Сол сияқты ұлттық киім кию дәстүрі де көпшілік сұранысына ие, күнделікті тұрмыста ұлттық киімді насихаттау қолға алынып келеді. Бұл ретте «Бет-жүзді тұм­шалайтын қара киімнен гөрі өзіміздің ұлттық киімдеріміз әлдеқайда артық. Әсіресе, әйелдердің дәстүрлі киімі өте ғажап көрінеді. Себебі ұлттық киім, бұл – біздің бірегей ұлттық болмысымыздың маңызды көрінісі. Оны жан-жақты дәріптеуіміз керек» деді Президент. Одан кейін аймақтарда театрларды салуға және дамытуға баса назар аудару керектігін, Абайтану институтын құру туралы айтып өтті. Сондай-ақ Мемлекет басшысы Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының белсенді жұмысы көңіл қуантатынына тоқталып өтті.

Бұдан бөлек әлеуметтік, инфра­құрылым, мәдени-гуманитарлық мә­се­лелерге байланысты сөз қоз­ғалды. «Аймақтардағы эконо­мика­ның өркендеуіне серпін беретін жаңа мүмкіндіктерге жол ашу және өңірлердің даму деңгейіндегі теңсіздікті жою – қазір мемлекет алдында тұрған негізгі міндеттің бірі. Биыл экономиканың нақты секторына жұмсалатын қаржы көлемін екі есеге жуық көбейтіп, 8 триллион теңгеге дейін жеткізу жоспарланып отыр. Алдағы жылдары Үкімет нақты секторға бөлінетін қаржы көлемін 10 триллион теңгеге дейін жеткізуге тиіс» деп бірқатар мәселе бойынша нақты тапсырмалар тиісті сала мамандарына жүктелді.

«Мен жаппай цифрландыру мен жасанды интеллектіні барлық салаға кеңінен енгізу мәселесіне үнемі назар аударамын» деген Президент қазіргі таңда үлкен сұранысқа ие болып тұрған жасанды интеллекті туралы да айтып өтті. «Экономиканың барлық саласы және еңбек нарығы жасанды интеллектінің тікелей қатысуымен түбегейлі өзгеріп жатыр. Адамзат тіршілігінің мәні мен қалыбы басқаша сипат алып барады... Жасанды интеллектіні қолдану бюджет қаражатын пайдалану тиімділігін барынша арттыруға, салық және кеден ісін жүргізудің сапасын жақсартуға, мемлекеттік сатып алу саласын оңтайландыруға, сондай-ақ азаматтар мен мемлекет арасындағы өзара іс-қимыл үрдістерінің бәрін одан әрі жеңілдетуге мүмкіндік береді. Сол себепті цифрландыру және жасанды интеллект мәселелерімен жеке өзім айналысып жатырмын» деді Мемлекет басшысы.

Келесі мәселе туризм саласына қатысты болды. «Туризм – бизнес пен экономиканың тұтас саласы. Мамандарды даярлау қажет. Табиғи байлығымен, жан-жануарлар дүниесімен бүкіл әлемге танымал еліміздің биологиялық әралуандығын қорғау айрықша маңызды міндетке айналды» деді Президент.

Сонымен қатар тазалық мәселесі әрдайым назарда. Елімізде «Таза Қазақстан» акциясы аясында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Бастамаға ел азаматтары жаппай қолдау білдіруде. Бұл тұста Мемлекет басшысы «Таза Қазақстан» – жай науқан емес. Бұл әр адамның және барша халықтың күнделікті дағдысы, өмір салты болуы қажет» деді.

Бұдан бөлек бірқатар маңызды мәселелер талқыланған Ұлттық құрылтайдың кезекті отырысында еліміздің дамуы жолында маңызды тақырыптар қозғалды. Сондай-ақ заң мен тәртіп мәселесіне баса назар аударып: «Заң мен тәртіп – біздің мызғымас тұғырымыз. Бұл, ең алдымен, еліміздің әр азаматына және барша халқымызға ортақ тәртіп... Отаншыл азаматтардың арқасында еліміз тұрақты дамып келеді. Баршаңызға тағы да шынайы ризашылығымды білдіремін. Бүгін өзекті мәселелер талқыға түсті, біз бұл мәселелер бойынша тиісті шешімдерді қабылдадық» деді Мемлекет басшысы.

Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ
Фото: Ашық дереккөзден
08 сәуір 2025 ж. 179 0