Қоғамның басты індеті саналатын сыбайлас жемқорлықпен күресу – ұзақ әрі күрделі процесс. Ол тек заңмен ғана емес, адамдардың санасындағы өзгерістен басталатынын білеміз. Әрбір азамат адал еңбек етіп, әділдікке ұмтылса, қоғамда сыбайлас жемқорлыққа орын болмайды. Сондықтан мемлекет, қоғам, отбасы, жастар осы кеселмен бірлесе күресуі керек.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің ел халқына жолдаған Жолдауларында сыбайлас жемқорлықтың жолын кесуге байланысты тиісті тапсырманы сала мамандарына жүктеді.
Сыбайлас жемқорлық – кез келген мемлекеттің тұрақты дамуына кедергі келтіретін, құқықтық, экономикалық және әлеуметтік салаға зиянын тигізетін қауіпті құбылыс санатында. Бұл – лауазымды тұлғалардың өз билігін жеке мүддесі үшін пайдаланып, заңсыз әрекетке баруы екені даусыз. Расында, жемқорлықпен күрес тек заң арқылы емес, сана арқылы жүзеге асады. Кез келген адам адал өмір сүріп, әділдікке ұмтылуы – бүгінгі күннің маңызды дүниесіне айналған. Адал азамат – мықты мемлекеттің негізі секілді.
Негізінен, жемқорлықтың ең кең таралған түрі – пара беру және алу, қызмет бабын асыра пайдалану, мемлекеттік қаражатты талан-таражға салу екенін бұған дейін де айтып жүрміз. Мұндай іс-әрекет әділетсіздікке, халықтың билікке деген сенімінің азаюына әкеледі. Қазақстанда сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мемлекеттік деңгейде жүргізілуде. Елімізде «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заң қабылданды.
Сонымен қатар қоғамның әрбір мүшесі бұл күреске өз үлесін қосуы тиіс. Жастарды адалдыққа тәрбиелеу, ашықтық пен әділдікті насихаттау – жемқорлықтың алдын алудың тиімді жолы. Қорытындылай келе, сыбайлас жемқорлықпен күрес тек мемлекеттік органдардың ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Тек әділдік, тазалық және заң үстемдігі орнағанда ғана ел болашағы жарқын болатыны сөзсіз.
Жалпы Ақжарма ауылдық округі әкімшілігінің қызметкерлері жергілікті тұрғындарға сыбайлас-жемқорлық факторларын болдырмау мақсатында түсіндірме жұмысын жүргізіп келеді. Әрқашан ашықтық қағидатын ұстану арқылы жемқорлыққа жол бермеу керектігін жақсы білеміз. Үнемі адал еңбектің берекесін көріп, оңай пайда табуға төзбеушілік қасиетін ұстанғанымыз жөн.
Ерлан ЕШМҰРАТОВ,
Ақжарма ауылдық округінің әкімі