Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Аздырар адам болсын

Аздырар адам болсын

Қоғамға үлкен зиян келтіретін, рухани және әлеуметтік тұрғыдан адамдарға зардап шектіретін ауыр дерттер бар. Бұл дерттер – құмар ойын, ішімдік ішу, алаяқтық және нашақорлық. Бұл індеттер тек жеке адамның ғана емес, тұтас қоғамның тыныштығы мен болашағына қауіп төндіріп отыр. Өкінішке қарай, қазіргі қоғамда бұл жаман әдеттер кең таралып, адамгершілік пен имандылық құндылықтарына қауіп төндіруде.

Осы мәселелердің дініміздегі орны мен зияндылығы туралы айтып өтейік.
Бірінші: құмар және ішімдік.

Адам баласын екі дүниеде де бақытсыздыққа душар ететін рухани дерттің бірі – құмар мен ішімдік. Бұл екеуі – адам ақылын тұмшалап, жүрегін қарайтатын, нәпсіні аздырып, иманды әлсі­рететін ең қауіпті күнәлі іс. Қасиетті Құ­ранда және ар­дақты Пай­ғам­барымыз­дың өсиетінде бұл еке­уі­не ерекше тоқ­талып, мұсылман қауы­мына ескерту жасаған. Алла Тағала қасиетті Құранда:

«Уа, иман келтіргендер! Шындығында арақ, құмар ойын, пұттар, көріпкелдік жасайтын жебелер – лас, шайтанның істерінен. Сондықтан да олардан аулақ болыңдар, сонда құтыласыңдар! Шындығында шайтан арақ пен құмар ойындар арқылы сендердің араларыңа от салып, дұшпандық пен жеккөрушілікті орнатуды, сендерді Алланың зікірінен, намаздан алыстатуды қалайды, сонда да тоқтатпайсыңдар ма?! Аллаға мойынсұныңдар әрі Оның елшісіне мойынсұныңдар, сақтаныңдар! Ал егер кері кетсеңдер, біліңдер, Елшіміздің бар міндеті анық жеткізу ғана» деген («Мәидә» сүресі, 90-92-аяттар).

Аятта арақ пен құмар – лас, жиіркенішті, күнәлі іс деп аталады. Себебі олар – тек тәнге емес, жанға да у. Шайтан осы лас істермен адамды азғырып, тура жолдан тайдырады. Жаратушы Иеміз бұл істерге тіпті «жақындамаңдар» деп бұйырды. Бұл – жай ғана «жасама» деген сөз емес, оған қарама, қызықпа, бас­тама, ойнама – бәрі күнә іс деп баяндап тұр.
Арақ – ақылды алып, арды өшіретін у. Құмар – қалтаны қағып, қайғыға салатын қақпан. Екеуінің де түбі – өкініш, опық жегізу, азапқа салу.

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің хадисінде:
«Ішкіліктен сақ болыңдар! Өйткені ол – барлық жамандықтың кілті» дейді. Өйткені адам ішімдік ішсе, нәпсісіне ерік беріп, ар-ұятты ұмытады. Өтірік айтып, зина жасап, ұрлық істеп, тіпті адам өлтіруге дейін барады.

Алла Тағала жоғарыда көрсетілген аят соңында: «Мүмкін құты­ларсыңдар» дейді. Бұл – үміт. Бұл – мұсылманға мүмкіндік. Демек, кімде-кім осы лас істерден бас тартса, екі дүниенің де бақытын табады.

Екінші: есірткі – сананы улайтын індет.
Есірткіге тәуелді адам – шын мәнінде еркіндігін жоғалтқан адам. Ол Жаратушының бұйрығына құлақ аспай, ақылы мен жүрегін улайтын, рухын әлсірететін жолға түседі. Ондай жан өзіне аманат етілген денесін қор қылып, құлшылықтан, ізгі істен алыстайды, жүрегі қарайып, иманнан ажырай бастайды.

Адам баласына берілген ең үлкен нығметтердің бірі – денсаулық. Онымен қатар бос уақыт та – Жаратушының аманаты. Бұл екеуі туралы Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

«Адамдардың көбі қадіріне жете бермейтін екі нығмет бар, ол – денсаулық және бос уақыт» деген.
Алайда қазіргі қоғамда бұл екі нығметке немқұрайлы қарайтындар аз емес. Әсіресе жастардың арасында зиянды әдеттерге бейімделу, соның ішінде есірткіге тәуелді болу – тек жеке тұлғаның емес, бүтін бір қоғамның дертіне айналған. Жан мен тән азабын тартып жүрген мұндай адамның көзіне дүние мәнсіз, өмір бос көрінеді. Ақырында бұл үмітсіздік өлімге апарады. Алла Тағала қасиетті Құранда:
«Өз-өздеріңді өлтірмеңдер, шын мәнінде Алла сендерге ерекше мейірімді» деген («Ниса» сүресі, 29-аят).

Ислам діні денсаулықты тек тәннің емес, иманның да бір бөлігі ретінде қарастырады. Құлшылық жасау, жақсы істер орындау – бәрі де деннің саулығына тәуелді. Ораза ұстау, намаз оқу, қажылыққа бару – мұның бәрі физикалық дайындықты қажет етеді.

Қорытындылай келе айтарым, әрбір нығ­меттің өзінің шүкіршілігі бар. Жаратушы Алла ұрпақ берсе, сол балаға ізгі тәрбие беру шүкіршілік. Байлық берсе, мұқтаждарға, туған-туысқа көмектесу, садақа-зекет беру шүкір­шілік. Сол секілді, Алла денсаулық берді, оның шүкірлігін денсаулықты күту және сол ден­саулыққа зиян келтіретін әдеттерден аулақ болу арқылы өтейміз. Ал, нығметке шүкір ете білетін құлыңа Алла «нығметімді арттырып беремін» деп Қасиетті Құранда уәдесін беріп қойған.

Олай болса құрметті жастар! Алла берген нығметтердің қадірін біліп, сол нығметтермен қоғамға пайдалы болуға асығайық!

Нұрсұлтан СЕРІКҰЛЫ,
Сырдария ауданының бас имамы


27 қыркүйек 2025 ж. 110 0