Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№ 76 газет

07 қазан 2025 ж.

№ 75 газет

04 қазан 2025 ж.

№ 74 газет

30 қыркүйек 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031 
» » Майдангерге тағзым!

Майдангерге тағзым!

Адамзаттың даму тарихына қарап отырсақ, саналы тіршілік иесі көп уақытын соғыспен, біреудің жерін, елін жаулап алумен немесе өз тәуелсіздігін қорғаумен өткізген екен. Қаншама ақыл, ой, идея қоғамды өркендетуге емес, жүздеген жылға кейін шегінтуге жұмсалған. Қаншама құрбандық жасалды. Алысқа бармай-ақ өткен ғасырды алайықшы. Ресейді тұралатқан бірінші дүниежүзілік соғыс, қатарынан екі төңкеріс, екінші дүниежүзілік соғыстың Ұлы Отан соғысы деп аталатын.

Қазір саусақпен санарлық болып қалған май­дангерлерді көрдік, олардың ерлік, еңбек жолынан үлгі алып өстік. Сондай жанның бірі Жұматай Әлекеев жайлы айтқым келеді.

Жұматай Кенжесарыұлы 1918 жылы Қызылорда облысы Сырдария ауданында дүниеге келген. Қазан төңкерісінен кейін алмағайып уақытта туғандардың маңдайына тағдырдың өзі қиындық жазып қойғандай. Әрине, бірінші дүниежүзілік соғысты окоп қазуға алынғандардан, олардың жан­ұяларынан басқа қазақ толық сезіне қойған жоқ. Бірақ Жұматай ағаның балалық шағына тура келген зорлықпен жасалған ұжымдастырудың зардабын, ашаршылықты, қуғын-сүргінді көріп өсті. Өмір күрес, ол қан майданда ғана емес бейбіт өмірде де жүріп жатады. Сол ауыр кезеңнің өзінде балалар білім алды, бұл еліміздің кейінгі өркендеуінің алғашқы баспалдағы еді. Жұматай Кенжесарыұлы 1926 жылы сегіз жасында мектепке барды, 5 жыл оқып көкірек көзі ашылды. Одан әрі қарай оқуға мүмкіндігі болмады. Қатарластары сияқты еңбекке ерте араласты. Мектепте көзі ашылып, дүниетанымы кеңейсе, бұғанасы қатпай ауыр жұмысқа жегілуі оны қатты ширатты. Ойы да, бойы да өсті. Жиырма жастан енді ғана асқан жігіт еңбектің арқасында тұлғаланып «Сен тұр, мен атайын» дейтіндей дәрежеге жетті.

Өмір енді ­ғана жақсарып келе жатып еді, бірақ осы кезде екінші дүниежүзілік соғыс басталды. Әскери міндет, одан басқа азаматтық парыз бар. Соғыс басталғанына тура бір жыл болғанда, яғни, 1942 жылдың 24 маусымында Сырдария әскери комисса­риаты әскер қатарына шақырды. Қатарластарымен бірге майданға аттанды. Шайқасқа түспес бұрын №77 гвардиялық атқыштар полкінде қысқа мерзімді әскери радист мамандығына даярлады. Оған себеп болған бойында білімнің дәні бары, орыс тілін білетіндігі ғана емес, нені болса да қағып алатын, үйренуге дайын тұратын қағылездігі еді. Содан осы полктің 54-бөлімше батальонына атқыш радист етіп жіберді. Тамыз айында алғаш рет шайқасқа түсті. Сол күнгі аспандағы тырналардың тізбегіндей бірінің соңынан бірі үшбұрыштанып ұшқан неміс ұшақтарының тізбегіне таңданысы кейін де көп уақыт есінде жүрді. Сол ұшақтардан құмалақтап түскен бомбалар жер-дүниенің астан-кестеңін шығарды. Дәл осы кезде батальонның полкпен байланысы үзіліп әбігерге түсті. Ағамыз негізгі байланыс бөлімшісінен 10-шақырымдай алға кетіп, ыңғайлы жерді таңдап алып байланысты қалыпқа келтіріп, штабқа шайқас ахуалын хабарлап отырды.

Соғыста бәрі де болды, талай рет немістермен қиян-кескі шайқасқа түсті. «Кебін киген келмейді, кебенек киген келеді» дегендей, талай қанды қырғында аман қалды. Соғыс біткен соң жауын­герлердің бәрін бірдей елге қайтара қойған жоқ. Алдымен жарақаты барларды, мұғалімдерді, басқа да ауыл шаруашылығына аса қажетті адамдарды босатты. Екінші жағынан жеңіс туы желбірегенімен, бейбітшілік толық орнай койған жоқ еді. Оған әскери қызметте аса керекті радист-байланысшы қызметін қосыңыз. Сонымен 1946 жылдың маусым айының 24 жұлдызында КСРО Жоғарғы Кеңесінің жарлығымен әскерден босатылды.

Ол кезде қазіргідей майдангерлерге қандай да құрмет көрсетіп жататын кез емес еді. Көп ойланып жатпай Тереңөзек аудандық байланыс торабына жұмысқа тұрды. Осынау аға ұрпақтың өткен өміріне қарап отырсақ, олардың бірінші орынға міндет пен парызды қойғанын, жан аямай еңбек еткенін көресіз. Қызмет іздеу, кеудемсоқтық олардың жанына жат еді. Жұматай аға да көп жыл байланысшы болды, бірақ қарапайым жұмыстың өзінде оның өрелі адам екені, жұмысын жақсы білетіні көрініп тұрды. 1961 жылы бұл кісіні аудандық байланыс торабының Қаракұм бөлімшесіне бастық етіп тағайындап, 1978 жылы құрметті еңбек демалысына шықты.

Иә, аға ұрпақтың өмірі жайлы айтқанда сол заманның зұлматы соғысқа қайта орала береміз. Қаншама боздақ елге оралмады. Жетім бала мен жесір әйелдің қайғысы да бір кемеге жүк болады.

Ал елге аман келгендер соғыста қираған дүн­иені қалпына келтіріп, халық шаруашылығын өркендетті.
Мәдениетті, білімді ұрпақ тәрбиелеп өсірді. Соғыста көрсеткен ерлігі үшін Жұматай Әлекеев «Қызыл жұлдыз», бірінші дәрежелі «Отан соғысы», оннан аса медальмен марапатталды. Бұл жерде мен кейінгі мерекелік медальдарды қосып отырған жоқпын.
Екінші дүниежүзілік соғыс. Қанды майданнан аман келген жауынгерлерден ауданда қазір бір-ақ адам қалды. Әрине, кісі жасы шектеулі, уақыт өз дегенін алады. Бірақ олардың тарихта ізі қалды. Майдангерлердің өлмес рухы, өшпес бейнесіне мәңгі тағзым!


Шаһарбек НҰРСЕЙІТ,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі


27 қыркүйек 2025 ж. 339 0