Отбасылық жанжал зорлық-зомбылыққа итермелейді
Сарапшылардың дерегінше, тұрмыстық зорлық-зомбылық әрбір сегізінші отбасында бар. Қоғам дертіне айналған бұл құбылыстың тереңдеп кетуі заңнаманы қатаңдатуға әкелді. Яғни әрбір жетінші әйел экономикалық, әрбір алтыншы әйел – физикалық және әрбір үшінші әйел – психологиялық зорлық-зомбылыққа ұшырауда.Отбасында кездесетін қорқыту мен кемсіту үйреншікті жағдайға айналса, күн сайын ақпарат көздерінде тарап жатқан тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты қылмыстың орын алып жатқанына елдің құлағы да үйренді.
Осы өзекті мәселені талдау әрі талқылауға арналған семинарды Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы ұйымдастырды. Семинар «Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және құрбаны деп танылған адамдарға көрсетілетін арнаулы әлеуметтік қызметтер» тақырыбын арқау етті. Жиында Қызылорда облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының директоры Жандос Тұсмағамбетов, Қызылорда облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бас маманы Оралхан Бәкида, облыстық полиция департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасының отбасылық тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімінің аға инспекторы, полиция майоры Гүлжан Ильясова хабарлама жасады.
Орталық директоры, облыс бойынша осал топтардың құқығын қорғау жөніндегі уәкілі Жандос Тұсмағамбетов тұрмыстық зорлық-зомбылық, оның шешімі, қазіргі күрделі ахуал туралы ақпарат берді.
– Ел Президенті өзінің Жолдауында бұл мәселе ушығып кеткенін айтты. «Отбасылық зорлық-зомбылық заңмен реттелуге тиіс және қоғам тарапынан төзбеушілік көзқарас болуы керек» деді. Мұны реттейтін үлкен күш – қоғам, оның институттары және заң. Осынау адамзатқа ауыр тиетін, күрделі тақырып шын мәнінде қоғамда болып жатқан жағдай екенін білеміз. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың белгілері бұл ауданда да бар. Бұл салыстыратын жағдай емес. Тек қана алдын алып, көмек көрсетуіміз керек. Заңды қатаңдату арқылы бұл кеселмен күрес күшейеді. Мәселен, заңға енген өзгеріске сәйкес енді зәбір көрсетушіге арыз-шағымсыз қылмыстық қудалау шаралары жүргізіледі, – деді Жандос Бектайұлы.
Сонымен қатар Қылмыстық Кодекстің 108, 109 бабына енген өзгерістер туралы да айтылды. Яғни заңға сәйкес екі жылдан бастап жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы белгіленген.
Маманның пікірінше, тәртіп заңнамасын күшейту арқылы мәселенің шешімі болады. Сонымен қатар ұлттық құндылықтарымызды балабақшадан бастап баланың бойына сіңіріп, тәрбиелеуіміз керек. Сонда ғана отбасылық зорлық-зомбылық деген мәселенің алдын алуға, жүйелі шешуге болады.
Одан әрі тұрмыстық зорлық-зомбылықтың төрт түрі болатыны айтылып, әрқайсысына талдау жасалды. Біріншісі, күш көрсету зорлық-зомбылығы – дене күшін қолданып, денені ауыртып денсаулыққа қасақана зиян келтіру. Екіншісі, психологиялық зорлық-зомбылық – адамның психикасына қасақана әсер ету, оны қорқыту, қорлау, бопсалау. Психикалық, дене және жеке басы дамуының бұзылуына әкелетін әрекеттерді жасауға мәжбүрлеу арқылы ар-намысы мен абыройын кемсіту. Үшінші, экономикалық зорлық-зомбылық – адамды заңмен көзделген құқығы бар тұрғын үйінен, тамағынан, киімінен, мүлкінен, қаражатынан қасақана айыру. Төртінші, сексуалдық зорлық-зомбылық – адамның жыныстық еркіндігіне қауіп төндіретін құқыққа қарсы қасақана іс-әрекет, сондай-ақ кәмелетке толмағандарға қатысты сексуалдық сипаттағы іс-әрекеттер.
Семинар қорытындысында пікір айтылып, қоғам дертіне айналған тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандары үшін уақытша баспанаға айналған «Дағдарыс» орталығының жұмысы туралы дайындалған бейнесюжет көрсетілді.








