Жүлделі орынды жеңіп алды
Журналистердің кәсіби мерекесі қарсаңында газетіміздің бас редакторы Ақтөре Ибрагимұлы «Мемлекеттік тіл және БАҚ» облыстық байқауынан жүлделі 1-орынды жеңіп алып, абырой биігінен көрінді.
Қызылорда облысының қоғамдық даму басқармасының ұйымдастыруымен жергілікті журналистер арасында өткен байқау қорытындысы қаламгерлер мерекесіне орайластырылған еді. Байқауға облыс орталығы мен алыс-жақын аудандардан қатысқан журналистер тіл туралы басылым бетінде жарық көрген мақалаларын ұсынған. Жеңімпаздарды анықтау барысында танымдық әрі мәселе көтеріп, ұтымды шешу жолдарын ұсына алған қаламгерлерге басымдық берілген.
Жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырлатын байқау мемлекеттік тіл саясатын бұқаралық ақпарат құралдарында насихаттау жұмыстарын жандандыру, мемлекеттік тілдің өзекті мәселелеріне арналған мақала мен бағдарламалар арқылы оқырман танымын кеңейтуге бағытталған. Айта кетейік, атаулы байқау «Үздік мақала» және «Үздік теле және радиобағдарлама» номинациялары бойынша өткен.
Кәсіби мереке қарсаңында бас қосқан қаламгерлерді облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары А.Қамбаров құттықтап, еңбектеріне табыс тіледі. Сондай-ақ сайысқа келіп түскен материалдарды Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының төрағасы Қ.Есімсейітова бастаған қазылар алқасы сараптаған. Жиын барысында сарапшы журналист байқауда бақ сынаған мақалалардың деңгейі туралы пікірін ортаға сала отырып, әріптестерін мерекемен құттықтады.
Байқау қорытындысымен І орынға «Тіршілік тынысы» газетінің бас редакторы, ақын Ақтөре Ибрагимұлы, ІІ орынға Арал ауданының құрметті журналисі Жаңабай Кемал, ІІІ орынға «Жалағаш жаршысы» газеті бас редакторының орынбасары Жандос Жазкен лайықты деп табылды. Ал, ынталандыру сыйлығына «Qyzylorda» телеарнасының тілшісі Гүлай Әшекова, Арал аудандық «Толқын» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі Оңталап Жолдасов, «Жаңақорған тынысы» газетінің тілшісі Мақпал Патенова ие болды. Байқау жүлдегерлері басқарма басшысының Алғыс хатымен және естелік сыйлықтармен марапатталды.
А.МҰХАНБЕТҚАЛИ