Қарымды қаламгерге "Сырдария ауданының Құрметті азаматы" атағы берілді
Кеше Сыр өңірі баспасөзінің алып бәйтерегіне айналған "Сыр бойы" және "Кызылординские вести" газеттерінің мерейлі мерейтойында журналистика саласының ардагері Итен Қарымсақұлы "Сырдария ауданының Құрметті азаматы" атағымен марапатталды.
Итен Қарымсақұлы 1939 жылы 20 сәуірде Қызылорда облысы, Сырдария ауданы №3 ауылда дүниеге келген. Қарымды қаламгер құқық тақырыбына жазатын журналист-жазушы ретінде елге танымал. 1966 жылы қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін журналист мамандығы бойынша бітірді. Сонымен қатар Итен Абсаттарұлы Свердловск қаласындағы округтік әскери тілшілер және сержанттар даярлайтын әскери мектептерді тәмамдады.
Сыр қаламгері 1958-1960 жылдары Қызылорда облыстық «Ленин жолы» /қазіргі «Сыр бойы»/ газетінің редакциясында әуелі хат тіркеуші, одан кейін әдеби қызметкер. 1960-1963 жылдары әскер қатарында қызмет етті, сержант - взвод командирі, әрі округтік әскери «Красный боец» газетінің штаттан тыс тілшісі болды. 1963-1971 жылдары Қызылорда облыстық «Ленин жолы» /қазіргі «Сыр бойы»/ газетінің редакциясында жауапты хатшының орынбасары, әдеби қызметкер. 1971-1973 жылдары Торғай облыстық «Торғай таңы» газеті редакциясы жауапты хатшысының орынбасары. 1973-1980 жылдары Жезқазған облыстық «Жезқазған туы» газетінің бөлім меңгерушісі, әрі алқа мүшесі. 1980-1985 жылдары Қызылорда қалалық кеңесі атқару комитетінің бөлім меңгерушісі. 1985-1996 жылдары Қызылорда облыстық «Сыр бойы» газетінің тілшісі, бөлім меңгерушісі, әрі облыстық прокуратураның бас маманы қызметін қоса атқарып, танымдық-құқықтық басылым «Прокуратура тынысы» газетін тұрақты түрде шығарды, редакциялық кеңестің мүшесі болды. 1996-2009 жылдары Алматы қалалық прокуратурасының баспасөз хатшысы. Прокуратураның тұңғыш құқықтық, танымдық басылымы «Прокуратура хабаршысы» атты екі тілде шығатын газетін барынша қысқа мерзімде ашуға қол жеткізді. Ал, 2002 жылы бұл газеттің аты «Тура жол» деп өзгертілді әрі қала құқық қорғау органдарының құқықтық, танымдық органы ретінде шығаруды жолға қойды. Газет екі тілде бірдей жарық көрді. Сол жылдары редакциялық кеңестің мүшесі болды. 2014 жылдан республикалық «Құқықтық Қазақстан» газеті Бас редакторының орынбасары қызметтерін атқарды.
Талай табанды еңбегімен ел ықыласына бөленген жерлесімізді мерейлі марапатымен құттықтаймыз!
«ТТ»-ақпарат