Қазақтың тілі – қазақтың жаны

Бұған дейін «тіліміздің ертеңі қараңғы» деп, жастардың тілді шұбарлауын жиі тақырып арқауы етіп келдік. Дәл бүгінгі таңда мәселе жүз пайызға шешілмесе де, қазақ тілінің деңгейі мен мәртебесі көтерілгені айқын. Қазақ тілі барлық жерде насихатталып, қазақ тілін қолданушылар саны біртіндеп артып келеді. Сандарды сөйлетер болсақ, дүние жүзінде жеті мыңнан астам тіл бар. Соның ішінде үш мыңнан астамы жойылып кету қаупінде тұр. Қазақ тілі бұл санатқа кірмейді. Нақтырақ айтар болсақ, қазақ тілі әлемде ең кең таралған тілдердің арасында 79-шы орынға ие. Бұл ретте күрделі қарама-қайшылыққа толы кеңес заманында ана тілімізді әлемдік лингвистика картасынан жойылып кетуден сақтап қалған зиялы қауым өкілдері мен отаншыл азаматтардың еңбегі орасан.
5 қыркүйек – Қазақстан халқы тілдері күні. Бұл күн – ұлттық құндылықты ұлықтап, қазақ тіліне деген құрметтің арта түсетін күні. 1989 жылы 22 қыркүйекте «Тілдер туралы» заң қабылданып, 1998 жылдан бастап мемлекеттік мереке ретінде тойланды. Алайда 20 жылдан кейін атаулы дата өзгеріске ұшырап, 2017 жылдан бастап Тілдер күні 5 қыркүйекке ауыстырылды. Себебі бұл күн жоғарыда айтып өткен, небір қилы заманда тілімізді сақтау үшін жан алып, жан берген ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күні. 2018 жылдан бастап Қазақстан халқының тілдері күні Алаш арысының туған күнімен қатар атап өтіліп келеді.
Әлбетте, тілге деген құрмет бір күнмен есептелмесі анық. Тіл мәртебесі – ел мәртебесі. Тіл тағдыры – ұлт тағдыры. Бұл сөзге жасанды жанашырлықпен емес, терең түсінікпен қарау орынды. Тіл халық өмірінде маңызды рөл атқарады. Ол – халықтың басты құндылығы. Бір елді екінші бір халықтан ажырататын да, ұлтқа ғана тән рухани байлық та тілмен тікелей байланысты.
Кез келген қызмет көрсетуде қазақ тілін таңдау – тілге деген құрметтің бастауы. Тіл мәртебесін көтеруде кәсіпкерлерге де артылар жауапкершілік зор. Яғни жарнама немесе дүкеннің атын жазуда белгіленген нақты ережелерге сүйену орынды. Осы орайда жақында аудан әкімдігінің қолдауымен кең көлемде «Жарнама – тіл тазалығының көрінісі» атты байқау өтіп, кәсіпкерлерге өз жұмысын таза қазақ тілінде жүргізу ұсынылды. Бұл ретте «Қазақ тілі» қоғамы қазақ тілінің мерей-мәртебесін арттыру жолында үлгілі жұмыс жүргізіп келеді.
Ұлт зиялысы Ахмет Байтұрсынұлы «Ұлттың сақталуы мен жоғалуына да себеп болатын – халықтың өзі. Тілі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады» дейді. Тіл – мәдениеттің жемісі. Тіл жоғалса ұғымдар жоғалады, ұғымдармен бірге құндылықтар күйрейді, құндылықтармен қоса мәдениет те мәресіне жетеді. Бұл нағыз деградацияға апаратын жол. «Өз ұлтына басқа жұртты қосамын дегендер әуелі сол жұрттың тілін аздыруға тырысады» дейді ұлт жанашыры. Бұл даналық сөзді дәйектеп жатудың өзі артық.
Тіл туралы сөз қозғағанда тіл – саясаттың емес, жүректің ісі екенін айта кету орынды. Тілге деген құрмет сыртқы фактордан емес, халыққа жанашырлығы басым азаматтың жүрек түкпірінен орын алуы тиіс.
Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ
Фото: Ашық дереккөзден