Ұлттың темірқазығы

Кез келген ұлттың ең қасиетті де бірегей құндылығы ана тілі екені даусыз. Тілді мансұқ етпей, өз дәрежесіне көтеру арқылы өзгеге айбынды ел екенімізді көрсете аламыз. Қаймағы бұзылмаған, ата дәстүрді берік ұстанған Сыр өңірінде қазақ тілінің мәртебесі қашанда биік. Өзге тілді біле тұрып, өз тіліңді құрметтей алғанда, рухани байлықтың қолдану аясы кеңейеді. Қашанда тілдік норманы сақтай отырып, ғылыми тұрғыдан зерттеу жүргізу – күн тәртібінен түспейді. «Ethnologue» ұйымы әлемде 2025 жылдың көрсеткіші бойынша 7100-ден астам тіл бар екенін анықтаған. Жыл сайын өздігінен 20-30 тіл жойылып кетеді. Жалпы әлемде тілдің жойылуына бірнеше себеп қарастырылған. Адамдар ауылдан қалаға көшіп, сол жердегі үстем тілге бейімделеді. Осындай маңызды көптеген фактор тілдің жойылуына әкеліп соқтырады.
Мемлекеттік саясаттың негізгі бағытының бірі – ана тілінің мәртебесін биіктету. Аудан бойынша тіл саясатын жүзеге асыру өз деңгейінде жүргізіліп келеді. Сырдария аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі тарапынан жылдық жоспар бекітіліп, ана тіліміздің қолдану аясын кеңейтуге байланысты кешенді іс-шаралар қабылданған. Бүгінде дербес бөлім мен халықаралық «Қазақ тілі қоғамы» қоғамдық бірлестігінің аудандық филиалы бірлесіп жұмыс атқаруда. Кәсіпкерлік нысандарына қазақ тілінде атау беру туралы рейд жүргізіліп, заң аясында түсіндірме жасалады. Көбіне жарнамалық ақпаратты қазақ тілінде көпшілікке ұсыну көзделген. Аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі сан түрлі деңгейдегі мектеп оқушылары мен ересектер, өзге ұлт өкілдері арасында байқау ұйымдастырып, тілдің мерейін айшықтай түседі.
– Біздің бөлімнің негізгі қызметтік бағытының бірі – еліміздегі тілдердің қолданыс аясын саралап, заңдық тұрғыдан іс-шаралармен қамту екені белгілі. Оның ішінде, ана тілімізді кеңінен насихаттау арқылы мемлекеттің басты құндылығын көпшілікке айшықтау. Жақында кәсіпкерлер арасында байқау өткізіп, ана тілімізге құрметпен қараған жандарды марапаттадық. Кәсіп иелері қашанда өзінің бизнесін қазақ тілінде жүргізіп, оның өміршеңдігіне аса мән бергені дұрыс. Алдағы уақытта ана тіліміздің өрісін кеңейтетін кешенді іс-шаралар қолға алынады, – деді аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Анар Қалдыбаева.
Ана тілің біліп қой,
Еркіндігің, теңдігің.
Ана тілің біліп қой,
Мақтанышың, елдігің, – деп Қадыр Мырза Әли өлеңмен өрнектегендей, тілін білмеген түбін білмейтінін ұмытпайық.
Балтабай ОРДАБЕКОВ
Фото: Ашық дереккөзден