Қазақ тілі – ұлттық бірліктің тірегі
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында қазақ тілінің қазіргі жағдайы мен оны дамыту жолдары туралы ой бөлісті. Ол өз сөзінде қазақ тілінің бәсекеге қабілеті артып, оны үйренуге деген қызығушылықтың күн санап көбейіп келе жатқанын атап өтті.
Иә, расында да қазір мемлекеттік тілді білу – сәнге айналды, жастар арасында оны меңгеруге ұмтылыс күшейді. Бұл құбылыс мемлекеттік тілді меңгерудің кәсіби тұрғыда өсуге және табысқа жетуге ықпал ететін маңызды факторға айналғанын көрсетеді. Бизнес саласы да тұтынушылардың сұранысына сәйкес маркетингтік науқандарын қазақ тілінде өткізуге бет бұрғаны жасырын емес.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, мұның бәрі тіл саясатының дұрыс бағытта жүргізіліп жатқанын көрсетеді. Әлемде 7 мыңнан астам тіл бар болса, бүгінде оның үш мыңы жойылу қаупінде тұр. Бірақ қазақ тілі мұндай топқа кірмейді. Себебі, 2024 жылы қазақ тілі әлемдегі ең көп таралған тілдердің арасында 79-орынға көтерілді. Бұл – өткен ғасырдың ауыр сынақтарына қарамастан, ана тілімізді сақтап қалған ұлт зиялылары мен қоғам қайраткерлерінің ерен еңбегінің нәтижесі екені сөзсіз.
Тілді одан әрі дамыту үшін білім беру саласының инфрақұрылымын жетілдіру, оқу орындарында қазақ тілін үйрету жүйесін жақсарту, сондай-ақ мұғалімдердің мәртебесін арттыру қажет. Президент “Қазақ тілі” қоғамының бастамасымен құрылған арнайы қорға қолдау көрсетудің маңыздылығын атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ тілінің болашағы жарқын екеніне сенімді екенін білдіріп, мемлекеттік тіл ретінде оның халықты біріктірудегі рөлін ерекше атап өтті. Сонымен қатар, тіліміздің мәртебесін көтеру жолында басқа тілдерге қарсы қоймау керек екенін де ескертті. Мемлекеттік тілді дамыту – ұлттың жауапкершілігі мен ортақ міндеті.
Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ,
Қазақстан Жазушылар және
Журналистер одағының мүшесі
Қазақстан Жазушылар және
Журналистер одағының мүшесі