Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » "Қазақстанның Құрметті құрылысшысы"

"Қазақстанның Құрметті құрылысшысы"

Өткен ғасырдың бел ортасында құрылыс саласының өркен­деуінде өзіндік жол қалыптасқан еді. Сәулеті келіскен көп ғима­раттың тұрғызылуы дәуір жылнамасындағы елеулі өзгеріс саналды. Қарқынды түрде жүргізілген құрылыс басынан табылған Амантай Есмағанбетов жүктелген міндетті абыроймен атқара білді. Құрыш қолды құрылысшы іскерлігімен талай қиындықты еңсеріп, қызметтегі беделіне нұқсан келтірмеді. Күрделі мамандықты игеріп, жүрек қалауындағы іспен айналысқанды жөн көрді. Кәсіби тұрғыдан өз саласының білгірі атанған жанмен пікірлескен біз құрылысшы бойындағы барлық қасиетке қанықтық.

Кейіпкерімізге өмірлік көзқарас кәсіби бағдарды игеру жолында көп көмектесті. Шағаннан түлеп, орталықтан білім алған Амантай секілді жас жігіттің ойында құрылыс мамандығын игеру тұрды. Осылайша 54 жыл бұрын ол Алматы қаласындағы Қазақ политехникалық институтына «Құрылыс инженері» мамандығы бойынша оқуға түседі. Болашақ инженер құрылыс саласы бойынша бағдарлы білімді 5 жылда толықтай меңгереді. Содан кейін арнайы жолдамамен «Южэлеватормельстрой» тресіне қарасты ПМК-ға келген жас маман құрылыс шеберінің көмекшісі ретінде еңбек жолын бастайды. Бұдан кейін құрылыс шебері, құрылыс жұмыстарын басқарушы болып, еңбек етеді.

– Туған жерге жолдама арқылы келгенімде қарқынды жүргізіліп жатқан құрылыс басынан табылдым. Сол жылдары Қызылорда қаласы мен Жалағаш ауданында элеватор салынған болатын. Мұнда жұмыс мұнарасын, 18,36 силосты мұнаралар, күріш ақтайтын цехтар, гранулаға арналған цех, 20 тонналық автокөлік таразысын, 150 адамдық асхана, 10 пәтерлік тұрғын үй және «Комбикорм» зауытының құрылысы жүргізілді. Алғаш қызметке келген мен үшін аталған құрылыс аумағы – тәжірибе алаңы болды. Осы кезде мекеменің жоспарына сәйкес, 36 силос мұнарасы салынып, бүкіл Одақтық рекорд орнатылды. Қажырлы еңбектің арқасында Мәскеу қаласында білімімді жетілдірдім, – дейді Амантай Есмағанбетов.

Жылдар бойы құрылыс саласының сан түрлі бағдарламаларына иек артқан кәсіби маман жүздеген адаммен қызметтес болған. Алғашқыда барлық салаға жауапты болған ол кейбір қиындық тудыратын мәселелердің күрмеуін шешуге тырысқан. Мәселен, құрылыс басында жан-жақтан келген мамандардың тілін табу, оларға жұмысты үлестіріп беру, жоспарланған межені дер кезінде орындау секілді міндеттер кіреді.

Кейіннен Амантай аға «Риссовхозстрой» тресіне қарасты ПМК-18 мекемесіне жұмысқа орналасады. Ірі кәсіпорында құрылыс жұмыстарын басқарушы, аға басқарушы, өндірістік техникалық бөлім басшысы қызметтерін атқарады. Ауданға қарасты Шаған, қазіргі Нағи Ілиясов, Шіркейлі ауылдарында участке басшысы бола жүріп, бірнеше ғимарат салуға атсалысады. Негізінен, мәдениет үйлері, әкімшілік ғимараты, сауда орталықтары, тұрғын үйлер, медпунктер, савхоз орталықтарының суландыру жүйелері, «Полевой стандар», мал бордақылау алаңы секілді нысандардың құрылыстары Амантай Есмағабетұлының бастамасымен салынған.

– Ол кезде әр жылдары ауданда қандай ғимарат салынатыны жоспарға енгізіледі. Соған орай жұмысшыларды сайлап, уақытылы құрылысты аяқтауға тырысамыз. Құрылыс материалдары тапшылық еткенде өзге елге сапарлап, сапалысын табуға жұмыс жасаймыз. Техника қоры жеткілікті болды. Тас қалаушыдан бастап, күрделі жөндеу жүргізетін мамандар арнайы сынақтан өтетін. Әр нысанның салынуына да жауапкершілікпен қарадық. Мұрағатта әрбір шебердің жасаған құрылысы мен елеулі еңбегі қағазға түсіріліп, мұқият сақталады. Олқылық орын алған жағдайда жауапты шеберден себебі сұралады. Сондықтан біз тапсырылған жұмысты ыждағаттылықпен атқара білдік, – дейді ардагер құрылысшы.

Құрылыстағы бірнеше жылғы еңбегінің жемісті жолы Амантай ағаны ұстаздық қызмет етуге бастамашыл болды. Өз кезегінде құрыш қолды құрылысшы артынан ерген ізбасарларын дайындау мақсатында Тереңөзек кентінде орналасқан №88 орта кәсіби техникалық училищесіне арнайы пән мұғалімі болып қызметке орналасады. «Ауыл шаруашылығының құрылысының шебері», «Сылақшы», «Тас қалаушы», «Электр дәнекерлеуші», «Мелиорация мамандары», «Тракторист-машинист» мамандығы бойынша жас мамандарды дайындаған оқытушы училище директорының оқу-өндіріс жөніндегі орынбасары қызметіне дейін көтеріледі.

– Әр ауылдан келген жастарды құрылысшы мамандығына бейімдеу оңайға соқпады. Теориялық білім мен тәжірибе жүзінде оларды шыңдау маңызды рөлге ие. Мамандықтың байыбына барып, бар жағынан бағдарлай алу білім алушыға керекті қасиет. Өйткені, келешек олар тұрғызатын құрылыстың сапасы көпшілік көңілінен шыққаны дұрыс. Сондықтан жас мамандарды даярлауда құрылыс басында өткерген негізгі жұмыстарымыз көмекші құрал болды, – дейді кәнігі құрылысшы.

«Қызылордасельстрой» тіресіне қарасты ПМК-1608 мекемесінде құрылыс жұмыстарын басқарушы, өндірістік техникалық бөлім басшысы қызметтерін атқарған Амантай Есмағанбетұлы №4, 16, 18, пәтерлі тұрғын үйлерін салуға атсалысты. Халықтың жайлы баспана алуына мүмкіндік туғызды. Ал сол кездегі Тереңөзек аудандық атқару комитететінде сәулетші болған Амантай аға Тереңөзек кенті мен ауыл орталықтарындағы «Орман-тоғай мекемесіне қарасты жерлерді қайтарып алып, тұрғын үй салуға зор үлес қосты. Ал 1989-1992 жылдары Тереңөзек аудандық атқару комитетінің төрағасының орынбасары болған білікті маман ауданда «Тұрғын үй» бағдараламасы аясында барлық үйге мұқтаж жандарға қол ұшын созды. «Сырдария» өзеніне салынатын көпір жобасын жасатқанымен, Кеңес Үкіметі ыдырағаннан бұл бағыттағы жұмыс аяқсыз қалды.

Білікті басшы, тәжірибелі маман Амантай Есмағанбетов 1992-1994 жылдары құрылыс, коммуналдық шаруашылық, өндіріс мекемелері мен мелиорация жұмыстарына жауапты Тереңөзек ауданының әкімінің орынбасары қызметін абыроймен атқарды. Жауапты кезеңде алыс-жақын шетелдерге шығып, өндіріс саласын дамытуға күш салады. Құрылысты тоқтатпау үшін арнайы матер­иалдарды өзге өңірлер мен шет мемлекеттерден тасымалдайды.

Бүгінде 72 жасқа келген Амантай ағаның көз алдында өткен жылдар әлі күнге сайрап жатыр. Бізбен әңгіме барысында Мелиорация кәсіпорны мен тұрғын үй жәрдем ақы орталығында басшылық жасаған жылдары туралы айтып берді.

Өндіріс саласын түбегейлі меңгергеннен кейін Мелиорация кәсіпорнын басқаруым таңсық жағдай емес еді. Менімен бірге кәсіби мамандар жер тегістеу, су жолдарын салуға зор үлес қосты. Күндіз-түні халықтың игілігі жолында аянбай еңбек еттік. Сонымен бірге тұрғын үй жәрдемақы орталығында жүріп, құжаттар рәсімдеуге қатысты біршама қыруар тірлік атқарды. Аудандағы тұрғын үйлер есепке алынды. Жәрдемақы алатын жандарға көмек көрсетілді, – дейді білікті басшы.

Амантай ақсақал зейнетке шыққанға дейін 14 жыл бойы Қызылорда облысының халықты әлеуметтік қорғау департаментінде Қызылорда облысы бойынша Мемлелекеттік еңбек инспекторы қызметінде абыройлы еңбек етті. Инспектор ретінде ол талай даулы мәселелердің шешілуіне мұрындық болды. Алдынан халықтың еңбек қатынасына байланысты мәселері бірінен соң бірі шықты. Еңбек заңнамасына сәйкес, арызданушының мәселесін шешу алдыңғы орында тұрды.

– Аталған мекемеде қызмет еткен жылдары Сырдария, Жалағаш, Қармақшы аудандарымен қатар, Байқоңыр қаласының азаматарының жұмыс барысындағы еңбек заңнамасының бұзылуына болдырмауын бақыладым. Еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау бойынша арыздар егжей-тегжей сараланады. Уақытылы айлық төлемеу, жұмыс беруші мен қызметкерлердің арасындағы түсініспеушілік. Маусымдық жұмыстардағы қиындықтар. Техникалық талапқа сай қызметкердің жұмыс жасауы. Қорғаныш құралдарының болуы. Қызмет барысында өрескел заң бұзушылықтар орын алуы біздің салада ескеріледі. Мәселен, қайбір жылы «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» авто жолын салу кезінде жұмысшылардың жалақысы уақытылы төленбеуі үлкен қиындық туғызды. Сол кезде қызметкерлердің қиындықтарын шешуге ауқымды жобалар жүзеге асырылды. Заң аясында жыл сайын жүздеген арыз-талаптардың шешілуі қадағаланды. Жекелеген кәсіпорындағы кемшіліктер тексеріліп, дер кезінде қалпына келтіру тапсырылды, – дейді Амантай Есмағанбетұлы.

Ауданның сан қырынан дамуына қажыр-қайратын арнаған Амантай Есмағанбетов 2012 жылы зейнет демалысына шықты. Зейнеткерлік жасқа келгенімен, кейінгі буынға ақыл-кеңесін айтудан жалықпайды. Себебі, ардақты ардагер 2013-2015 жылдары аудандық орталық ауруханада заңгер қызметін атқарған болатын.

Құрметті құрылысшы жары Дарияш Ермағанбетовамен осыдан 48 жыл бұрын ота­сады. Мәуелі бәйтерекке айналған отбасында 3 қыз 2 ұл үлкен өмірге қанат қақты. Қызы Айнұр аудандық қаржы бөлімін абыроймен басқарып келеді. Айгүл технология саласын меңгерсе, Айткүл білім саласының білікті маманы. Ұлдың үлкені Мейрамбек өрт сөндіру саласында қызмет қылса, Әділбек темір жол саласында еңбек етеді.

Саналы ғұмырында кейіпкерім сан саланы дөңгелетіп әкеткені белгілі. Толастамас құрметтің белгісі болар, жақында «Құрметті құрылысшы» медаліне қол жеткізді. Аудан әкімінің «Алғыс хаты», «Еңбек ардагері» медалі, «Сырдария ауданының 90 жылдығы» мерекелік медалі жемісті жұмысына берілген лайықты марапат деп білеміз. 5 перзенттен 14 немере сүйген Амантай ақсақал бос уақытын тиімді пайданалады. Ақсүйектер ойыны саналатын бильярд ойнауды жаны сүйеді.

Балтабай ОРДАБЕКОВ
14 тамыз 2021 ж. 563 0