Оқушыларға мотивация сыйлаған жоба

«Кітап оқы да, тұлға бол!» атты жобамыз көпшіліктің қолдауына, оң бағасына және оқушылар арасында танымалдыққа ие болып, жоба қатысушыларына үлкен серпіліс, мотивация сыйлады. Жеңімпаздарға марапаттау салтанатында велосипедтер, смарт сағаттар, шахмат тақталары және лэд жарықшамдар, алғыс хаттар берілді.
Биыл аталған жоба тағы да жалғасын тапты. Биыл жобамыздың атауын «Кітап оқы да, кемелден!» деп алдық. Бізге ауданымыздың әкімі, көзінде оты бар жалынды жастардың жанашыры Берік Әбдіғаппарұлы ағамыз қолдау көрсетіп, тиісті бөлімдер мен мекемелерге нақты тапсырма бергенін айтып өткеніміз орынды. Осы ретте жобаны ұйымдастыру жұмыстарына «AMANAT» партиясының аудандық филиалының Атқарушы хатшысы ретінде мен де атсалысқан едім. Партиямыздың да «Кітап – AMANAT» атты жобасы бар.
Нұрмат ақынмен бірге қолға алған «Кітап оқы да, кемелден!» атты жобамыз сәтті жүзеге асып, нағыз білімді, кітаппен дос болған, оқымысты оқушылар жеңімпаз атанды. Білімі толысқан, зерек оқушылар кітап оқып зердесін аша түсті. Аудан әкімі Берік Сәрменбаев жеңімпаздарды марапаттау іс-шарасына қатысты. «AMANAT» партиясы да әдебиет пен мәдениет саласын дамытуға әркез қолдау білдіріп, нақты жұмыстарды атқаруда. «Ұлттық мұра» жобасы өнердің өрісін, мәдениеттің мерейін биіктетсе, «Кітап – AMANAT» жобасы арқылы еліміздегі мыңдаған кітапхана жаңа оқулықтармен қамтамасыз етіліп, ақын-жазушылардың кітаптары насихатталып, кітап оқу мәдениеті қалыптасуда.
Бала болашағы үшін үлкен мотивация беретін жобамыздың сәтті жүзеге асқанына қуаныштымыз!
Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ,
ақын, ҚР Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі