Бірегей жобаның қорытынды кезеңі өтеді

– «Кітап оқы да, тұлға бол» жобасы Сырдария ауданында бастау алған бірегей жоба болды десем артық айтқандық емес. Өйткені, қазіргідей электронды құрылғылардың әлеуеті артып тұрған кезеңде жастар, оқушылардың кітап оқуға деген құлшыныстары азайып бара жатыр. Осыны аңғарып аудан оқушылары арасында аталған жобаның бірінші кезеңін білім ошақтарында ұйымдастырдық. Біз мектепішілік кезеңдерді қорытындыладық. Енді екінші кезең, яғни аудандық деңгейде өткізуді жоспарлап отырмыз, – деді жобаға бастамашы болған айтыскер ақын Н.Мансұров.
Бірегей жобаны ұйымдастырушыларды аудан әкімі арнайы қабылдап, оқушылардың кітап оқуға деген талпынысына қолдау білдірді. Соған байланысты «Кітап оқы да, тұлға бол!» байқауының аудандық кезеңі желтоқсан айының 23-і күні өткізілмек. Бұл жолы 12 мектеп бойынша бірінші кезеңде жеңімпаз атанған 104 оқушы бақ сынайды. Оқушыларға суреткер жазушы, көрнекті қаламгер Бердібек Соқпақбаевтың «Балалық шаққа саяхат» повесі ұсынылады. Бұл туындыда қарапайым ауыл тіршілігі, қазақ қауымының күйбеңі, ауыл балаларының мінез-құлықтары көркем де, қарапайым түрде суреттелген. Шығарма, шын мәнінде, оқушының өмір жолын табуға ықпал ететін тәрбиелік мазмұнымен де қымбат.
Айта кетейік, қорытынды кезеңнің жеңімпаздары «Алғыс хатпен» және бағалы сыйлықпен марапатталады.
«ТТ» ақпарат