Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Берері мол бірегей жоба

Берері мол бірегей жоба

Бірер жыл бұрын ауданымызда «Кітап оқы да, тұлға бол!» жобасы жүзеге асып, оқушылар арасында кітап оқу байқауы ұйымдастырылған болатын. Аталған жоба биыл «Кітап оқы да, кемелден!» атауымен жалғасын табуда. Жобаның идея авторлары әрі ұйымдастырушылары – ақын, Сырдария ауданының Құрметті азаматы Нұрмат Мансұр мен «AMANAT» партиясының Сырдария аудандық филиалының Атқарушы хатшысы Ақтөре Ибрагимұлы.

Жобаның негізгі мақсаты – жастарға кітап оқыту мәдениетін үйрете отырып, рухани азықпен сусындату, білімді жас­тарды ынталандыру болып табылады. Ауқымы кең «Кітап оқы да, кемелден!» жобасында биыл мектеп оқушылары Ғабит Мүсіреповтің «Ұлпан», Қасым Қайсеновтің «Жау тылындағы бала», Мұхтар Әуезовтің «Қараш-қараш», «Көксерек», «Оқыған азамат», «Қорғансыздың күні», Сансызбай Сарқасқаевтың «Тәмпіш қара» туындыларын оқып, тест тапсырып, билет бойынша кітап мазмұнын баяндады. Қорытындысында жүзден жүйрік шыққан оқушылар дараланып, жеңімпаз атанды.

Нақтырақ айтсақ, кітап оқу байқауы Ақжарма, Іңкәрдария, Аманкелді, Шаған, Нағи Ілиясов, Сәкен Сейфуллин, Қалжан ахун және Асқар Тоқмағамбетов ауылындағы мектеп оқушылары арасында өткізілді. Бұл ретте сайыстың әділ әрі ашық өтуіне айтыс өнерінің дара тұлғасы Серік Ыдырысов, жас ақын, «Күміс қалам» иегері Ақжол Түменбай, мемлекеттік қызмет және білім саласының майталмандары, ардагерлер, кітапханашылар, қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдері атсалысты.

– Бірер жыл бұрын айтыскер-ақын Нұрмат Мансұр ұйытқы болып, сол кездегі ауданымыздың әкімі, қазіргі ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Мұрат Нәлхожаұлы мен руханиятшыл, жанашыр азаматтар қолдап жақсы бір жобаны бірлесе жүзеге асырған едік. «Кітап оқы да, тұлға бол!» атты жобамыз көпшіліктің қолдауына, оң бағасына және оқушылар арасында танымалдыққа ие болып, жоба қатысушыларына үлкен серпіліс, мотивация сыйлады. Жеңімпаздарға марапаттау салтанатында велосипед, смарт сағат, шахмат тақталары және лэд жарықшамдар, алғыс хаттар берілді. Биыл аталған жоба тағы да жалғасын тауып, бірнеше елді мекенде өткізілді. Биыл жобамыздың атауын «Кітап оқы да, кемелден!» деп алып отырмыз. Бізге ауданымыздың әкімі, көзінде оты бар жалынды жастардың жанашыры Берік Әбдіғаппарұлы қолдау көрсетіп, тиісті бөлімдер мен мекемелерге нақты тапсырма бергенін айтып өткеніміз орынды. Негізі «AMANAT» партиясының да «Кітап – AMANAT» атты жобасы бар. Біз қолға алған жоба мен партияның мақсатты жұмыстары ұштасады. Біздің ұсынысымызды жерге тастамай жеңімпаздарға сыйлықтарын үйлестіруге қолдау білдірген азаматтарға ризашылығымызды білдіреміз, – дейді «AMANAT» партиясының Сырдария аудандық филиалының Атқарушы хатшысы Ақтөре Ибрагимұлы.

Айта кету керек, биыл жоба ауданның 8 мектебінде жүзеге асып, әр мектептен сегіз оқушы жеңімпаз атанды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді марапаттау 1 маусым мерекесі қарсаңында «Руханият» орталығында ұйымдастырылады.Марапаттау рәсіміне аудан әкімі, жоба демеушілері, жобаның идея авторлары мен ұйымдастырушылары қатысады деп жос­парлануда.

Балтабай ОРДАБЕКОВ

24 мамыр 2025 ж. 84 0