Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Бәрінен де кітап оқыған озар

Бәрінен де кітап оқыған озар

Оқушылардың кітап оқуға деген құштарлығын арттыру мақсатында аудан көлемінде айтыскер ақын, «Сырдария ауданының құрметті азаматы» Нұрмат Мансұров пен аудандық мәслихат депутаты, Сырдария аудандық «Тіршілік тынысы» газетінің бас редакторы Ақтөре Ибрагимұлының бастамасымен және ұйымдастыруымен «Кітап оқы да, тұлға бол» жоба­сының қорытынды кезеңі өтті.

Аталған жоба аудандағы бірқатар мектепте ұйымдастырылып, мектеп оқушыларының кітап оқуға деген ынтасы артты. Соның жалғасы Те­реңөзек кентіндегі №131 Т.Қозы­баев атындағы орта мектепте өтіп, мектеп оқушылары Бауыржан Момыш­ұлының «Ұшқан ұя» және Бердібек Соқпақбаевтың «Балалық шаққа саяхат» шығармалары бойынша эссе жазып, сұрақтарға жауап берді.

Жобаны ұйымдастырушылар мектеп оқушыларының шығарманы толық оқып, одан түйгендерін ашық жеткізе білгенін айтты. Тіпті, олардың арасында шығармаларды конспектілегендер де бар екенін жеткізіп, оқушылардың кітап оқуға ынтасы жоғары екенін атады. Және де жобаға қатысушы 5-7 жә­­не 8-10 сынып оқушылары арасынан үздіктерді анықтады. Нәти­же­сін­де, «Ұшқан ұя» кітабын оқып, сол бойынша үздік эссе жазып, ауыз­ша сұрақтарға жауап берген Ай­ару Әскербекқызы бас жүлдені же­ңіп ал­ды. Бірінші орынды Жансая Құр­ман­баева, екінші орынды Гүлсезім Ти­мур­қызы иеленді. Ал «Балалық шақ­қа саяхат» шығармасы бойынша бас жүл­деге Еңлік Русланқызы ие болса, бірінші орынға Аружан Смайлхан, екінші орынға Аслан Ниязмағанбетов және үшінші орынға Дәулет Жұмабек пен Нұрайым Ғалымқызы лайық деп танылды. Жеңімпаздар арнайы дип­лом және велосипед, смарт сағат, шах­мат және жарық беретін лампа се­кілді бағалы сыйлықтармен марапат­талды.

Айта кету керек, жоба демеушілік есебінен ұйымдастырылуда. №131 Т.Қо­­зыбаев атындағы мектепте өт­кен іс-шараға «Қызылдихан» шаруа қо­­жалығы тарапынан демеушілік көр­сетілді. Жоба қорытындысында айтыс­кер ақын Н.Мансұров пен аудандық мәслихат депутаты А.Ибрагимұлы сөз сөйлеп, білімге құштар балалардың тәр­биелеуіне қолдау біл­­дірген шаруа­шылық төрағасы Алдан­берген Құл­баев­­қа ризашылығын жеткізді.

– «Кітап оқы да, тұлға бол» жо­ба­­сы Сырдария ауданында бас­тау ал­ған бірегей жоба болды десем ар­тық айтқандық емес. Өйткені, қа­зір­гідей электронды құрылғы­лар­дың әле­уеті артып тұрған кезеңде жас­тар, оқушылардың кітап оқуға деген құл­шыныстары азайып бара жатыр. Осыны аңғарып аудан оқушы­лары арасында аталған жобаны ұйым­дас­тыруды қолға алдық. Бұған дейін ау­дандағы бірнеше мектепте «Кітап оқы да, тұлға бол» жобасы өт­кі­зіліп, оған мектептерден көптеген оқу­шылар қатысты. Өздерің секілді берілген шығармаларды оқып, сол бойынша түсінгендерін қағаз бетіне түсірді. Біздің де мақсатымыз сол – кітап оқыған оқушы өзінің түсініп, ұғынғанын еркін жаза білсе, жеткізе білсе, болашағынан зор үміт күтеміз. Міне, осындай жарқын жобаға бүгінде басқа аудан, қаладағы мектептерден өткізу туралы ұсыныс түсіп жатыр. Біз енді мектепішік кезеңдерді қо­рытындылап отырмыз. Енді осы ке­зеңде жеңімпаз атанғандар аудан­дық кезеңде бақтарын сынайтын болады. Жобаның №131 Т.Қо­­зыбаев атындағы мектепте өтуіне ықпал жаса­ған Алданберген Құлбаев ағамызға алғыс ай­­тамыз, – деді айтыскер ақын Н.Ман­сұров.

Сондай-ақ мектеп директоры Ай­­­нұр Әлиева оқушылардың кітап оқуға деген ынтасын арттыру мақ­са­тындағы жобаны ұйымдас­тыру­шы­­лар­ға алғысын жеткізді. Және де «Қы­зылдихан» шаруа қожалы­ғы­ның төрағасы А.Құлбаев мектепке әркез қолдау білдіретінін, аталған жобамен қатар бірқатар мектеп оқушы­ла­рының тынығу лагерінде демалуына жолдамаға демеушілік жасағанын айтып, ризашылығын білдірді.






Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ


07 маусым 2022 ж. 425 0