Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№ 51 газет

12 шілде 2025 ж.

№ 50 газет

09 шілде 2025 ж.

№ 49 газет

05 шілде 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Шілде 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031 
» » Ұмытпастың ұмытылмайтын жылдары

Ұмытпастың ұмытылмайтын жылдары

Адамгершілігі мол, достыққа берік жақсы жандардың қасыңда жүргені қандай ғанибет! Мына өмір солармен нұрлы көрінетіндей. Сондай абзал азаматтың бірі – Ұмытпас Байдаулетов.

Біз Ұмекеңмен жігіт шағымыздан таныс біліспіз. Оның ағасы Амантаймен көрші тұрдық. Әбекең де аузын ашса көмекейі көрінетін аңқылдаған жан еді. Бір өкініштісі өмірден ерте кетті. Көңілге демеу салатыны артында ізін жалғар ұрпақтары қалды.

Ұмытпаспен жастық шақтағы таныс білісіміз кейін достыққа ұласты. Ол аудан әкімдігінде, мен аудандық газетте қатар жұмыс жасадық. Ол білімді, білікті, тәжірибелі маман болды.

Екі қоғамға да беріліп қызмет жасаған Ұ.Байдаулетов – Шағанның тумасы. Ол мектеп бітіргеннен кейін Қызылорда қаласындағы Н.А.Гоголь атындағы педагогикалық институттың физика-математика фа­ку­льтетіне оқуға түсті. Осы жоғары оқу орнын тәмамдаған соң Тереңөзек ауданындағы №191 Іңкәрдария орта мектебінде математика пәнінің мұғалімі болып еңбек жолын бастады. Жігерлі жас ұстаздық қызметімен қатар мектептің, ауылдың қоғамдық жұмыстарына белсене араласты. Еңбек еткен бес жыл ішінде талай шәкірттері математика пәні бойынша аудандық, облыстық олимпиадалардың жүлдегері атанды. Мұғалімдік жұмысымен қоса қоғамдық негізде мектеп комсомол ұйымының жетекшісі болды. Сол кезеңдегі жастар бастамасына қызу үн қосты. Іңкәрдария ауылында мектеп бітірушілер қатарынан алғашқы шопан комсомол Жастар бригадасын құруға атсалысты.

1983 жылы ауылда комсомол жас­тар ұйымы құрылып, Ұ.Байдаулетов шаруашылықтың алғашқы комсоргі болып сайланды. Қызметімен бірге спорт нұсқаушылығын да қоса атқарды. Ауыл жастары арасында спорттық өмір салтын қалыптастыру жолында аянбай еңбек етті. Аудандық спорт жарыстарында ауыл жастары түрлі спорт түрлерінен жүлделі орындарды иеленді. Аудан орталығынан шалғай орналасқан ауылда он екі жыл абыройлы жұмыс жасағаннан кейін қызметі өсіп, аудандық атқару комитетіне жасы кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссия хатшысы болады. Көп ұзамай аудандық экономика комитетінің экономист, араға жылдар салып, аудан әкімшілігінің баға жөніндегі инспекторы болып жұмыс істеген. Осы жылдары елімізде жекешелендіру жұмыстары басталып, Ұ.Байдаулетов аудандық комиссияның хатшысы болғандықтан тұрғын үйлерді, кәсіпкерлік нысандарды және өндіріс орындарын жекешелендіруге өз үлесін қосты.

Ұмекең 30 жылдан астам мемлекеттік қызметте болып, өзіне тапсырылған жұмыстарды үлкен жауапкершілікпен атқарды. Сырдария ауданы әкімдігінде бас маман, туған ауылы Шағанда әкім болды. «Туған жерге туың тік» дегендей, елді мекенді көркейтуге белсенді атсалысты. Осы кезеңде абаттандыру жұмыстары кең көлемде басталып, орталық көше тек қана жаяу жүргіншілер жүретін, тұрғындар демалатын (Арбат) орынына айналды.

Сонымен қатар ауылды шет аймақтармен байланыстыру үшін Шіркейлі каналына жаяу жүргіншілер көпірі салынып, елді мекенді тұтас жарықтандыру жұмыстары жүргізілді. Ұмытпас Ақдәулетұлы ауы­лына әкім болған кезінде Шағанға 1000 орындық мектеп құрылысы бас­талып, оның сапалы салынуына қоғамдық ұйымдармен бірге бақылау жүргізді.

Мемлекеттік қызметте абыройға бөлену оңай емес. Ол барлық кезде де жауапкершілікті сезініп, елмен етене қызмет жасады. Өзі тәжірибелі ағалардан үйрене жүріп, кейінгі жастарды тәрбиеледі. Ұмытпасқа қашанда бірсөзділік, адамгершілік, алға қойған мақсатын орындау тән. Өйткені ол текті атаның ұрпағы. Әкесі Ақдәулет Үмбетаев екінші жаһан соғысына қатысқан. Бейбіт өмірде агроном мамандығын меңгеріп, елді мекеннің көркейіп, кемелденуіне атсалысты.

Анасы Ибагүл Үмбетаева бүгінде 85 жасты бағындырып отыр. 13 бала тәрбиелеп өсірген Батыр ана Сырдария ауданының Құрметті азаматы. Үмбетаевтар жанұясы 2023 жылы «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының облыстық кезеңінде жүлделі бірінші орынды жеңіп алды.

Ұмытпас Ақдәулетұлы 2018 жылы мемлекеттік қызметтен абы­роймен зейнет демалысына шықты. Аудан басшысының «әлі де жұмыс жасауыңа болады» деген қол­қалауына қарамастан жастарға орын босатты.

Бүгінде ол отбасылық жағдайына байланысты Ақтөбе қаласында тұрады. «Туған жерге кіндігіммен байланғанмын» дегендей, елмен тұрақты байланыста. Әлеуметтік желі арқылы ауданда болып жатқан түрлі оқиғаларға, жарқын жетістіктерге үн қосып, азаматтығы мен патриоттығын көрсетіп келеді.

Абзал азамат, өнегелі отбасы басшысы Ұмытпас Байдаулетов жақында мерейлі 70 жасқа толды. Оның жүріп өткен жолы жастарға үрдісті үлгі. Өзіңе зор денсаулық, отбасыңа амандық тілеймін ардақты досым! Әрдайым биіктерден көріне бер. Елге адал қызмет еткен жанның мәртебесі қашанда биік болмақ.

Шаһарбек НҰРСЕЙІТ,
ҚР Журналистер Одағының мүшесі
12 шілде 2025 ж. 87 0