Ұмытпастың ұмытылмас жылдары мен жолдары
Ол мектеп қабырғасында жүргенде белсенді оқушы болды. Көптеген пәндерді үздік оқыды. Әсіресе физика, математика пәндеріне зерек еді, кез-келген есепті шемішкеше шағатын. Онжылдық мектепті бітірген бойда өз біліміне сенген Шаған ауылының тумасы Ұмытпас Байдәулетов облыс орталығындағы Н.Гоголь атындағы педагогикалық институттың физика-математика факультетіне оқуға түсті.
Бес жыл студенттік өмірдің ащы-тұщысын татып, білім нәрімен сусындап, жоғары білім дипломын сәтті қорғап шықты. Сөйтіп 1977 жылы жолдамамен ауданның шалғай ауылы Іңкәрдария елді мекеніндегі №191 орта мектепте еңбек жолын бастады. Ол кезде аудан орталығына немесе Шағаннан Іңкәрдарияға бару «Барсакелмеске» барумен бірдей болатын. Көлік сирек, жол азабы бар. Ол жаққа бір барған адам екінші қайтара көпке дейін беттей қоймайтын. Сол ауылға жұмысы болып күндіз сапарға шыққан жан ілдәләлдап қоналқаға әзер жететін.
Сөздің шыны керек бұл ауылға жіберілген мамандар жолдама мерзімі біткен соң аудан орталығына немесе туған ауылына оралуға асығатын. Ал өмір, еңбек жолында кездескен түрлі қиындықтарды қажырлықпен жеңе білген Ұмытпас Байдәулетұлы Іңкәрдария ауылында тұрақты қалып, еңбек жолын жалғастырды. Ауылдың қоғамдық өміріне белсене араласты. Мектептегі оқу процесінің, түрлі шаралардың ұйытқысы бола жүріп, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметіне көтерілді. Көпшілік сеніміне ие болған жалынды жас Іңкәрдария ауылдық комсомол комитеті хатшысы қызметін бірнеше жыл абыроймен атқарды. Осы қызметте көзге түсіп, аудан орталығына шақырылды. Тереңөзек аудандық Кеңесі атқару комитетінің жасы толмағандардың істері жөніндегі комиссия хатшылығына тағайындалды. Аудандық Кеңес атқару комитетінде 6 жыл жұмыс жасағаннан кейін 1995-2000 жылдар аралығында Қызылорда облысының баға және монополия комитетінің бас маманы, Сырдария аудандық пошта торабы бастығының орынбасары қызметтерін атқарды.
Үкіметтің пәрменімен жекешелендіру кезінде аудан әкімі А.Божанова бұл жұмысқа төрағалық етсе, Ұ.Байдәулетов хатшысы болды. Сөйтіп аудандағы тың іске өзінің үлесін қосты.
Ал 2000 жылдан бастап 2018 жылы зейнет демалысына шыққанға дейін аудан әкімі аппаратында мемлекеттік қызметкер болды. Ұ.Байдәулетұлы он жылдан астам уақыт аудан әкімі аппаратының құжаттамалық бөлімінде еңбек етіп, жетекші маманнан бөлім басшысы қызметіне дейін көтерілді. Білікті қызметкер 1996 жылы Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінде құжаттамалық қамтамасыз ету саласы бойынша, 2009 және 2014 жылы ҚР Премьер-Министр кеңсесі жанындағы оқу орталығында мемлекеттік құпияларды қорғау саласы бойынша курстарда білімін жетілдірді. Мемлекеттік қызметте болған уақытында негізгі жұмысына қоса он жыл мемлекеттік құпияларды қорғау саласының жұмыстарымен айналысты. Білікті, жігерлі азамат Ұ.Байдәулетов туған жері Шаған ауылының әкімі болып та абыройлы еңбек етті.
Көпшілік арасында «Мемлекеттік қызметтен зейнеткерлікке шығу оңай емес. Үнемі ұстараның жүзінде жүресің» деген шындық сөз бар. Біздің кейіпкеріміз қызмет бабында әрдайым арды ойлап, халық үшін еңбек етті. Алғаусыз еңбек ескерілмей қалған жоқ. Талай рет облыс, аудан әкімдерінің алғыс хатымен марапатталды. «ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығы» және «Сырдария ауданының 90 жылдығы» мерекелік медальдарының иегері. Ұ.Байдәулетов – өнегелі отбасының басшысы. Марқұм асыл жары Айгүлмен бірге екі ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірді. Барлығы да жоғары білімді. Үлкен ұлы Дәурен Ақтөбе қаласында тұрады. Ол – жеке кәсіпкер. Екінші ұлы Ержан – жоғарғы сыныпты заңгер. Ол Павлодардан милиция колледжін және Астана қаласынан Заң академиясын үздік дипломмен бітірген. Ержан Байдәулетов ішкі істер органдарында «Мінсіз қызмет атқарғанына 10 жыл, 15 жыл» төсбелгісімен марапатталған.
Ұмытпастың қызы Мөлдір Байдәулетова 2013 жылы Кембридж университетінде халықаралық сертификатқа ие болды. Қазір «Теңізшевройл» компаниясының кадр бөлімінің маманы. Жолдасы Елдар Абитаев та 2013 жылы АҚШ-та «Болашақ» бағдарламасы бойынша жоғарғы оқу орнын бітірген. Қазіргі таңда «Теңізшевройл» компаниясының инженер-механигі.
Бірнеше немеренің сүйікті атасы Ұмытпас Байдәулетов осыдан 65 жыл бұрын шілде айында аймаққа белгілі ауыл – Шағанда өмірге келді. Саналы ғұмырын шәкірт тәрбиелеуге, мемлекеттік қызметке арнады. Әлі де аттан түсіп тұрған жоқ. Әлеуметтік желінің белсендісі. Ауданда жасалып жатырған игі істерге әрдайым жанашыр. Өйткені мемлекеттік қызметте жүріп, халық алдындағы жауапкершілік жүгін жүрегімен сезінген азамат.
Шаһарбек НҰРСЕЙІТОВ