Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұстазға құрмет – шәкіртке міндет

Ұстазға құрмет – шәкіртке міндет

Ата-ана үшін баласының, ұстаз үшін шәкіртінің өмір­ден өз орнын тауып, биіктен көрінуінен асқан қуаныш жоқ. Сенімі мен үміті ақ­талған ұлағатты жандар өмір­дегі барлық құрметке лайықты. Мереке қарсаңында шәкірттерінің құрметіне бө­лен­ген Ләззат Мығымбаева – ау­данның білім беру саласында ұзақ жылдардан бері абыройлы қызмет атқарып келе жатқан білікті мамандардың бірі.

Редакцияға бір топ түлек келді. Олар аудандық газеттің оқырманы екендіктерін айтып, бас редактормен қалай кездесуге болатынын сұрады. Айтуларынша, ұстаздарына құрмет көрсетіп, өздерінің шәкірттік ілтипаттарын насихаттамақ ниетте екен. Сәрсенбінің сәтіндегі жақсы кездесудің орайы келе қалды.

«Біз аудандық газеттің тұрақ­ты оқыр­мандары боламыз. Газет­­­­­­теріңіздің әр нөмерін үз­бей оқып келе­міз» деп бастады Ер­кін Мақ­палбай есімді азамат. Оның сөзін Жарқынай Ижазова жалғай түсті. Ол мұғалімдер ме­ре­­кесі қар­саңында шәкірттерінің құр­метіне бөленген ұлағатты ұстаз Ләззат Мығымбаеваға жыл сайынғы дәс­түрлі құрметтерін көрсетіп келе жат­қандарын айтты. Ал Жеңісбек Фазы­лов осы іс өзгелерге үлгі болсын деген ниетте аудандық газетте ақпараттық мақала жарияланса деген ұсыныс білдірді.

Түлектердің ұсынысына бас ре­дактор міндетті түрде қолдау көр­сетілетінін айтып, аудандық га­зеттің есігі тұрақты оқырмандар үшін ашық екенін атап өтті. Сонымен қатар, ұстазға жасалған құрметті ұлағатты іс санайтынын жеткізді. Осылайша, біз қолға қалам алып, шәкірттерінің ыстық ықыласына ие болған ұстаз туралы жазуды жөн көрдік.

Ауданның білім беру саласына есімі белгілі Л.Мығымбаева – С.Сей­фуллин ауылының тумасы. Еңбек жолын өзі туып өскен ауылда жұмысшы болып бастаған ол Қызылорда қаласындағы бұрынғы Н.В.Гоголь атындағы педагогикалық институтының түлегі. Институттың фи­зика-математика факультетін бі­­­тір­ген мұғалім алғашында Сұлу­тө­бе қыстағындағы орта мектепте, балабақшада жұмыс істеген. Кейін өзі оқыған мектепте ұстаздық жолын жалғап, математика пәнінен ауыл балаларына дәріс берген. Педагогикалық ұжымда өзін жақсы қырынан көрсетіп, тәжірибелі маман ретінде танылған ұстаз жиырма жылға жуық уақыттан бері аудандық білім бөлімінде еңбек етіп келеді. Жетекші маман, бас маман секілді қызметтерді абыроймен атқарған білім саласының білікті өкілі әр жылдары аудандық білім бөлімі басшысының міндетін де қоса атқарды. Ауданның білім саласының тізгінін нық ұстап, аудан көлеміндегі қоғамдық-саяси іс-­шаралардың жоғары деңгейде өтуіне өзіндік үлесін қосты. Бүгін­де аудандық білім бөлімінде жауапты қызмет атқарып келеді. Әр жылдары Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің, облыс, аудан әкімдерінің, облыстық білім басқармасы басшыларының «Алғыс хатын» иеленді. Мұның бәрі ізденіс пен еңбектің жемісі.

Ұлағатты ұстаздың биік белес­терді бағындырып, білікті маман атанып, өмірден өз орындарын тап­қан шәкірттері көп. Олардың есімі жоғарыда аталды. Ал айтыстың ақ­­таңгері, «Сырдария ауданының Құр­метті азаматы» Нұрмат Мансұров әркез Л.Мығымбаевадан білім алға­нын мақтан тұтады.

– Ғылым иесі ғалым да, ел қор­ғаған батыр да, тілінен бал тамған ақын да, егін егіп, мал баққан шаруа да бәрі ұстаздан тәлім алған. Сол себепті ұстазды қалай мақтасақ та, қалай құрметтесек те жарасады. Міне, осындай ұстаздардың бірі – бізге математика пәнінен білім берген Мығымбаева Ләззат апай. Абай атамыз «Адамның адамшылығы жақ­­сы ұстаздан» деп бекер айт­па­ған» дей­ді Нұрмат Мансұров. Ал Еркін Мақпалбай ұстазының жолын қуып, бүгінде шәкірт тәрбиелеп келе жатыр. «Мен Ләззат апайыма ұқсап жауапкершілігі мен қиындығы көп математика пәні мүғалімі болдым. Апай қиындықты жеңуге және жауапкершілікте болуға үйретті. Оқу­шы кезімде Ләззат апайдың ұс­тамдылығы, дарындылығы, бай­сал­­­дылығы, ізденімпаздығы ұнай­тын. Мұғалімге қажет қасиеттің бә­рі апайдың бойынан табылды. Шә­кірт­терін білім нәрімен сусындатып, тәлім-тәрбие беріп, жақсы қа­сиеттерді бойына дарытып, адам­­­­­гер­шілік ба­ғыт-бағдар беруде апайдың еңбегі зор» дейді №35 Иса Тоқтыбаев атындағы мектеп-ли­цейінің математика пәні мұғалімі Еркін Мақпалбай.

Иә, ұстаздың мерейі, абыройы деген осы шығар. Арада қанша уақыт өтсе де төл мерекесінде шә­кірттері іздеп, арнайы көңіл бө­ліп, құттықтап, алғыстарын айтады. Біз де тәрбиелі де тәртіпті, бі­лікті де білімді шәкірт тәрбиелеген Ләззат Рысмаханқызын мерекесімен құттықтап, шығармашылық жеміс тілейміз!

Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ

05 қазан 2021 ж. 542 0