Еңбек бәрін жеңбек

«Жасыл ел» жастар еңбек жасақтарының жұмысы маусым айынан басталды. 16-35 жас аралығындағы жастарды қамтитын еңбек маусымы тамыз айына дейін жалғасын табады.
– «Жасыл ел» қозғалысы жастарды еңбекке баулып қана қоймай, сондай-ақ ортақ идеялар төңірегін топтастыруда. Жаңа дос табудың, еңбекпен тапқан нанның тәтті екендігін ұғындыратын орта деуге негіз бар. Қазіргі таңда біздің еңбекқор жастарымыз екінші ауысым бойынша өз жұмыстарын жалғастыруда. Сарбаздарымыз «Парасат» алаңы, орталық көшелерде тазалық, көркейту-көгалдандыру жұмыстарын жасап жүр. Таңертеңнен басталған жұмыс көңілді жалғасын табады. «Жасыл елдіктер» сондай-ақ аудандық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруындағы іс-шараларға, жобаларға ұдайы қолдау көрсетіп, белсене қатысып келеді, – дейді еңбек жасағының аудандағы жетекшісі Нұржан Сейтжан.
Айта кетейік, жалпыұлттық жоба 2005 жылдан бастап жүзеге асырылып келеді. Яғни биыл игі бастаманың бастау алғанына 20 жыл толып отыр. Осы уақыт аралығында қаншама жас еңбек етіп, жұмыстың қыр-сырын үйренді. Бұл жастар арасындағы әлеуеттендіру бағытындағы ең маңызды бағдарламалардың бірі.
Жас буынға жасалған мүмкіндікті тиімді пайдаланып, еңбекте шымырланып келе жатқан жастың бірі – Дамир Русланұлы. Ол туған жерді көркейтуге үлес қосумен қатар шаруаның қыр-сырын үйреніп жүргеніне дән риза.
– Тереңөзек – ортақ үйіміз. Тазалық туралы үйде де, теледидар мен газет-журналдарда күн сайын айтылып жатыр. «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында ауқымды істер жүзеге асып жатқанын да білеміз. Біз «Жасыл ел» еңбек жасағы құрамында өзіміз күнде жүріп өтетін көшелерді тазалап, көркейту-көгалдандыру жұмыстарын жүргіземіз. Кейбір балалар көшеде жұмыс істеуге қымсынады. Бірақ мен осы ауданда туғанымды, кенттің көркеюіне аз да болса үлес қосып жатқанымды мақтан тұтамын. Біз бұнда жұмыстың қыр-сырын үйренудеміз. Бұл ер балаға өте керек нәрсе деп білемін. Сондай-ақ жаңа орта, жаңа достар тауып жатырмыз, – дейді Дамир.
– «Баланы аясаң, аяма» деген даналық сөз бар ғой. Сол айтпақшы, баланы жастайынан еңбекке баулу ертеңгі күні ұрпағыңның дұрыс өмір салтын қалыптастыруына ықпал етпек. Әсіресе жазғы демалыстағы бос уақытты тиімді өткізу маңызды. Бала алдымен еңбекке ысылады және еңбектің наны тәтті екенін түсінеді. «Күннің ыстығында, далада жұмыс істетіп» деген секілді кереғар пікірлер айтып жатады кейбіреулер. Бірақ сіз дәл қазіргідей балаңызды өмір бойы көлеңкеде мәпелеп отырмайсыз ғой. Үйрету керек, тәрбиелеу қажет. Ал осы орайда «Жасыл ел» еңбек жасағының берері мол деп білемін. Өзім қызымның осы жоба аясында жұмыс істеуіне қарсылық танытпадым, – дейді ата-ана Нұргүл Шалабаева.
Айта кетейік, биылғы маусымда «Жасыл ел» еңбек жасағы бойынша ауданда жүзге жуық оқушы-студент және жұмыссыз жастар жұмыспен қамтылады.
А.МҰХАНБЕТҚАЛИ