Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» Несие беру тәртібі өзгертілді

Несие беру тәртібі өзгертілді

Бүгінгі таңда несие қоғамдағы өзекті мәселенің бірі. Бұл жағдай әр отбасындағы күрмеуі шешілмей тұрған түйін десе де болады. Несиенің төңірегінде алаяқтықтардың талай қитұрқылығы мен жымысқы істерін естіп, көріп жүрміз. Бір несие отбасындағы мүшелердің келісімімен алынса, бірі айтылмай жасырын алынып, төлер кезде қаражат таппай айрандай ұйып отырған отбасының ортасына сызат түсіріп жатады. Осы орайда ерлі-зайыптылардың бір-бірінің келісімінсіз несие берілмейтіні жөнінде жаңа ереже бекітілді. Қандай жағдайда несие алуға жұбайының келісімі керек?

Енді 1 қыркүйектен бастап жеке тұл­ға­ға банктік қарыз немесе микрокредит алуға жұбайының (зайыбының) келісімін алу ережесі күшіне енетін болады. Жаңа ережені ҚР Қаржы нары­ғын реттеу және дамыту агенттігі бекіт­кен болатын. Құжат Мемлекет бас­шысы 19 маусымда қол қойған қарыз алушылардың құқықтарын қор­ғау және кредиттеу кезінде тәуекел­дерді азайту туралы заңды іске асыру шеңберінде қабылданды. Қаулы негізінде жұбайының келісімі қажет болатын банктік қарыздың немесе микро­кредиттің ең төменгі мөлшері 1000 АЕК болып бекітілді.

Ең алдымен, банктік қарыз немесе микрокредит шартына қол қоймас бұрын банк немесе микроқаржы ұйы­мы клиенттің некеде бар-жоғын Әділет министрлігі жүйесі арқылы тек­серу­ге тиіс. Егер клиенттің некеде екені расталса және алғысы келетін соммасы 1000 АЕК-тен асып кетсе, онда кредитор жұбайының (зайыбының) келісімін алуға міндетті. Аталған келісім еркін жазба­ша нысанда банк­тің бөлім­шелерінде немесе МҚҰ фи­лиалында қағаз тасымал­дағыш­та не электронды нысанда рәсімделетін болады. Сондай-ақ, заңда несие алу­шының жұбайының келісі­мін­сіз берілген қарызды несие беруші есептен шығаруы керек. Ал алатын несие сомасы белгіленген мөлшерге 1000 АЕК-ке жетпесе ерлі-зайыпты­лар­­дың рұқсаты керек болмайды.


– Нормативтік-құқықтық акті­­­­нің жобасында алдын ала 1 мың АЕК (1АЕК – 3 692 мың теңге) деңгейінде болуы керек деп белгіледік. Бұл – шамамен 3 млн 700 мың теңге. Мәсе­лен, ерлі-зайыптылардың біреуі шетелде болуы мүмкін. Осы кезде жұбайы­на шұғыл түрде қаражат керек болуы ықтимал. Біздің ойымызша, бұл сома (1 мың АЕК-ке дейінгі сомадағы нессие) қандай да бір шұғыл қажет жағдайларға, оның ішінде медици­налық көмек мәселесін шешуге жетіп қа­лады, – деді ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары О.Қизатов.


Таңшолпан ШАНЖАРХАНОВА

Фото:El.kz
---
27 тамыз 2024 ж. 54 0