Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » "Қош бол балабақша" атты іс-шара өтті

"Қош бол балабақша" атты іс-шара өтті

Бүгін, №1 "Қызғалдақ" бөбекжай балабақшасында бүдіршіндердің "Қош бол балабақша! Сәлем мектеп" атты тақырыпта ересек "Жауқазын" тобының қоштасу салтанатты кеші өтті. Тәрбиешісі Гүлназ Наватова мен ән-әуез жетекшісі Айгерім Қозбағарованың топқа қосқан үлесі орасан зор.

Мерекелік кеште, балалардың балабақшада болған қызықты сәттерін еске түсіру арқылы мектеп қабырғасына дайындау мақсатында әр бүлдіршін өз өлең шумақтарымен бөлісті. Әр тәтті балабақша түлегі өз былдырлаған тіліменен ән шырқап, ата-аналардың көңіл-күйін көтерді. Бүлдіршіндердің еркелігін көтере білген тәрбиешісі Гүлназ Наватованың топ түлектерінің дамуына, тәрбиесіне атсалысқан еңбегі еш кетпей, балалардың мектеп қабырғасындағы алған әр білімі дұрыс қалануына көрсетер жолы өлшеусіз. Топ түлектерінің қойған мерекелік кеші ата-аналарының өсіп келе жатқан ұл-қыздарына деген сенімін одан әрі арттыра түсті. Өнерлерімен көрерменнің көңілінен шыға білген бүлдіршіндерге балабақша меңгерушісі Ақанай Шоханова ақ тілегін білдірді.

– Бүгінгі балабақшаны бітіру кеші де өз мәресіне жетті. Әр бүлдіршін саналы, ортаға мейірімді, білімді ұрпақ болып өсуіне барлық білім саласындағы қадам өте маңызды. Қазіргі сәтте сол қадамның алғашқы сатысын аяқтап, орта білімге аяқ басқалы тұрған ересек "Жауқазын" тобына тек алдағы уақытта сәттілік тілеймін. Ата-аналарыңның үмітін ақтап, оқуда озат бола біліңдер. Әр басқан қадамдарың тек жақсылыққа толып, білімді, иманды ұрпақ болып дами беріңдер. Осы даму жолдарыңа қосқан біздің үлесіміз, көрсеткен жолымызды сара жол деп біліп, үлкен ортада қалыптасуға қосқан еңбегіміз еленіп, белестерден көріне беріңдер. Ақ жол түлектерім, – деді балабақша директоры.

Гүлсезім ЖАНСЕРІКҚЫЗЫ

28 мамыр 2025 ж. 231 0