Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қош бол, балабақшам!

Қош бол, балабақшам!

№2 «Балдәурен» бөбекжай балабақшасының «Қарлығаш» тобында «Арман қуып барамыз – болашаққа жол саламыз» атты ертеңгілік кеш өтті. Ертеңгілікке балабақша меңгерушісі Аханай Шоханова мен ата-аналар қатысып, балалардың өнерлерін тамашалады.

Салтанатты іс-шараны Аханай Сапар­хожа­қызы сөз сөйлеп, ашып берді.

– Құрметті тәрбиешілер, ата-аналар бүгінгі мерекелеріңіз құтты болсын. «Балдәурен» бөбек­жай балабақшасы 1973 жылдан бері жұмыс жасап келе жатыр. Тарихы терең балабақшада қаншама жан еңбек етіп келеді, қаншама тәрбиеленуші мектепке қанат қақты. Балапандар әрқашан көз қуаныштарыңыз болып жүре берсін. Балабақшаны бітіріп жатқан бүлдіршіндер тарыдай болып кіріп, таудай болып шығып жатыр. Алдағы уақытта мектепті жақсы оқып, «Алтын белгі» иегері болуына тілектеспін. Жеткіншектеріміз егемен еліміздің ертеңгі бола­шағы, – деді балабақша мең­геру­шісі.

Тәрбиеші Мархавад Жап­пасбаева мен Әсел Төлегенова жетекшілік ететін «Қарлығаш» балақайлары мерекелік кешті «Жұлдыз» биімен бастады. Соны­мен бірге барлық қызметкерлерге арнап тақпақ айтты. Өнерлі өрендер «Біз мектепке барамыз», «Тәрбиенің бастауы», «Балабақша арайлым» әндерін қосыла шырқап, қоштасу биін биледі. Мұнан бөлек жігіттер жағы «Асық» биін, флешмоб билесе, қыздар жағы «Қазақ қыздары» биін билеп, өз өнерлерін көрсетті. Мерекелік іс-шарада ата-аналар да «Кім шапшаң» ойынын ойнап, ұйымшылдықтарын көрсете білді. Кеш соңында «Балабақшамен қоштасу» әні мен биі биленді.

Өз кезегінде ата-ананың да, балғындардың да көңілінен шыға білген, байқауға дайындаған тәрбиешілер мен білікті мамандарды балабақша меңгерушісі Аханай Шоханова марапаттады. Ата-аналар да сөз алып, өз риза­шылықтарын білдіріп, перзент­терінің қуанышымен құттықтап, ізгі тілектерін жет­кізді. Балақайларға балабақша атынан арнайы «Алғыс хат» табысталып, ата-аналар сыйлық бер­ді. Ертеңгілік кештің қызық­ты өткенін ата-ана мен балалардың қуанышты жүз­дері­нен байқауға болады.

– «Балдәурен» балабақ­ша­сының ұжымына рақмет айтамыз. Келген кезде баламызды жылы шыраймен қабылдап алады. Әрқашан жұмыс­тарыңыздың жемісін көріп, еңбектеріңіз елене берсін. Біздің балаларымызды тәрбиелеп, мектепке шыға­рып салғандарыңызға мың алғыс. Бала­қайлардың жолдары ашық болсын. Биік белестерден көрініп, балабақшаның атын жақсы жағынан көрсетсін, – дейді ата-ана Құндызай Разақова.

Айта кетейік, «Қарлығаш» ересектер тобында 18 бала бітіріп, алтын ұя мектепке қанат қаққалы тұр.

Таңшолпан ҚАЛДЫБЕКҚЫЗЫ
18 маусым 2024 ж. 117 0