Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№ 45 газет

21 маусым 2025 ж.

№ 44 газет

17 маусым 2025 ж.

№ 43 газет

14 маусым 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Маусым 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30 
» » Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден

Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден

Мегажұлдыз, еліміздің мақтанышы, әнші Димаш Құдайберген жақында «Тау ішінде» әніне арналған челлендж байқауын ұйымдастырғанын көпшілік жақсы біледі. Аталған байқауға еліміз бойынша көптеген адам қатысып, жеңімпаз атануға барын салды. Астана қаласындағы Ілияс Жансүгіров атындағы №58 мектеп-гимназиясының директоры Ақмоншақ Нұғман оқушыларымен бірге бақ сынап, байқауда барлық қатысушыдан оқ бойы озып шықты. Челлендж байқауының жеңімпазы, талантты Ақмоншақ Нұғман Сырдария ауданының тумасы екенін айта кетейік. Жерлесімізбен басылымның «Шалғайда жүрген бір түлек» айдары бойынша сұхбаттасудың сәті түсті.

– Ақмоншақ Нұртазақызы, сізді бүгінде қазақс­тандықтар жақсы таниды. Халық әртісі Димаш Құдай­бер­геннің «Тау ішінде» әніне жасалған бейне челлендж бай­қауына қатысу жөніндегі басты идея кімнің ойы­на келді?

– Өзім үнемі БАҚ өкілдеріне берген сұхбаттарымда челленджге қатысу үшін оқушыларға ең бірінші болып ұсыныс тастағанымды айтып келемін. Шындығында, әлеуметтік парақшаны көмекшілерім арқылы жүргіземін. «Тау ішінде» әніне жа­сал­ған челлендждің көп қаралым жинап жатқанын арада бір күн өткеннен кейін біліп, оның байқау екенін әріптестерімнен естідім. 24 мамыр күні соңғы қоңырауды аман-есен аяқтап, көпшілік арасын­да сұранысқа ие болған трендті түсір­ген едік. Екі күн ішінде 3 мил­лионнан астам қаралым жинап, қарсыластарымызды артқа қалдырдық десек болады.

– Байқау жеңімпазын Алматы қаласында өткен фан кездесуде жариялаған сәтте нендей сезімде болдыңыз?

– Әрине, қуанышты сезімде болдым. Хэштег арқылы қаралым бойын­ша алдыңғы орында тұрғанымды біліп, Алматы қаласына бардым. Дегенмен, байқаудың аты байқау екенін жасырмаймын. Өзгеше толқыныс болды. Ұйымдастырушылар ме­нің фан кездесуге келгенімді білмейді. Концерт аяқталғаннан кейін Димаштың анасы жеңімпаз болғанымызды айтып, Еуропадағы кон­цертке жолдамамызды алдық. Жер­гілікті тұрғындар құттықтап, керемет, ерекше әсер қалдырды.

– Өзіңіз және отбасыңыз жө­нін­де кеңінен айтып бересіз бе?

– Мен, Сырдария ауданына қарасты Ақжарма ауылының қызы­мын. Әкем Нұртаза Нұғман – мемлекеттік қызмет саласында қажырлы еңбек етті. Ауданға қарасты бірнеше елді мекенде жұмыс жасап, абырой биігінен көріне білді. Анам Дина мәдениет саласында қажыр-қайратын танытып, нәтижелі жұмыс атқара білген жан­ның қатарында. Тереңөзек кенті мәде­ниет үйінің директоры қызметін атқарып, зейнет демалысына шық­ты. Өзім Ақжарма ауылындағы №130 Абай атындағы және Асқар Тоқмағамбетов ауылындағы №135 Асқар Тоқмағамбетов атындағы орта мектепте білім алдым. Соны­мен қатар 2006-2010 жылдары Астана қаласындағы гуманитарлық-педагогикалық колледжде «Бастауыш сынып мұғалімі» мамандығы бойынша диплом алдым. Астана қаласындағы Еуразия гуманитарлық институтында бакалавр дәрежесіне қол жеткіздім. Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде психология мамандығы бойынша магис­тратураны тәмамдасам, бүгінде осы оқу орнында «Әлеуметтік педагогика» мамандығы бойынша докторантурада оқып жатырмын. Білімімді жетілдіре жүріп, №49 орта мектепте бастауыш сынып мұғалімі, №10 мектеп-гимназиясында педагог-психолог, білім басқармасында бас­тауыш сыныптар бойынша әдіскер, «Білім беруді жаңғырту орталығы» КММ-де бөлім басшысы, «Даму» жеке мектебінде тәрбие ісі жөніндегі директордың орынбасары, №12 «Қарлығаш» балабақшасының меңгерушісі қызметтерін атқарған болатынмын. Қай салада болсын өзіме жүктелген міндетті лайықты орындауға тырысып келемін. Отба­сында 4 перзенттің анасымын. Жолдасым Мақсат Арушаев – Сәкен Сейфуллин ауылының тумасы. Ер азаматым логистика қызметін жолға қойған жеке кәсіпкер. Өзінің транспорттық компаниясы бар. Қазіргі уақытта Астана қаласының тұр­ғыны атанғанымызға 20 жылға жуық уақыт болды. Көпбалалы анамын.

– Іргелі білім ошағының директоры ретінде білім беру саласына соңғы жылдары жасалған реформаларға көзқарасаңыз қа­лай?

– Жыл сайын білім саласына қатысты сан түрлі реформа жасалып тұрады. Мәселен, 2026 жылы біршама өзгеріс орын алады деп күтілуде. Басшы, мұғалім, қарапайым адам ретінде кез келген реформаға бейімделуге болады деп есептеймін. Адам өзгерісті өзінен бастау керек. Соңғы екі жылда мектеп-гимназияға басшылыққа келгелі айтарлықтай өзгеріс жасадым деп айта алмаймын. Біздің білім ошағында 140 педагог, 2181 оқушы бар. Үнемі оқушылардың қабілетін зерттей отырып, бірнеше жобаны жүзеге асыру үшін өзгеше әдіс-тәсілді қолдану керектігін ұғына алдым. Басшылардың, ұстаздардың тарапынан үлкен қолдау тауып, тың бастамамызға иек артып келемін. Ескі толқын ұстаздарының түсінбей жатқан тұстары көп. Қабылдау оңай емес. Қамалды бұзу қалай қиын болса, қалыптасқан жүйені өзгерту ауырлық етеді. Расында, әрбір мұғалімнің өзіндік оқушыға сабақ беру тәсілі секілді басшының да ұжымға жетекшілік ету мәнері қалыптасады. Соңғы жылдардағы рефор­маларды басшылыққа ала отырып, өзгеріс жасай білгенім – өз нәтижесін бергені қуантады.

– Ақмоншақ ұжымда қандай басшы?

– Ұжымда талапшыл басшымын. Тапсырылған жұмыстың уақытылы орындалуына аса мән беремін. Көп адам мені еркіндікке көңіл бөледі деп ойлауы мүмкін. Әйтсе де, еркіндікті қолдай отырып, ұжым алдына талап қойылмаса, басшы адамға болмайды. Әрбір дүниені өз мөлшерінде ұстауға тырысамын. Ең алдымен, көпшілікпен қарым-қатынасты дұрыс бағытта ұстау керек. Алдыңа келген ұстазбен, ата-анамен еркін, жақын сөйлесе алған жөн. Қай кезде де, мәселесімен келген адамның толықтай қанағаттанып кетуі үшін басшы ретінде жауапкершілікті сезінген абзал. Сан түрлі жағдайдағы ата-ана қабылдауға келеді. Мұн­дайда адаммен сөйлесе отырып, мәселені шешу – айрықша қабілетті, мықты болуды талап етеді.

– Үнемі ізденісте жүресіз бе?

– Иә, мен үнемі ізденісте жүремін деп айта аламын. Докторантурада білім алғандықтан, шет мемлекеттермен байланыстамын. Ғылыми бағытта білім саласындағы оң өзгірісті қамтитын мақалалар жазу барысында шетелдік және заманауи тәжірибеге жүгінемін. Өзге мемлекеттердің білім беру ісіндегі әдіс-тәсілін қазақ халқының ұлттық құндылықтарымен ұштастыра бі­лемін. Өз-өзін дамытамын деген адам күнделікті ізденісте болғаны жөн.

– Аудан топырағынан тү­леп ұшқан Сізбен ерекше мақ­танамыз. Алдағы уақытта жүзе­ге асыратын жоспарыңыз көп шығар...

– Жерлестерімнің мені мақтан ететініне өте қуаныштымын. Негізі­нен, мен жерге бөлінбеймін. Бірақ қасиетті Сыр топырағының, берекесі тасыған ауданымның перзенті болғанымды мақтанамын. Әрбір адам үшін туған жері ыстық көрінеді. Жы­лына 1-2 мәрте туған жерге ат басын бұрып тұрамыз. Көбіне, менің араласатын ортам «батыс өңірінің қызысың ба?» деп жатады. Оларға «қойнауы жырға толған Сырдың ерке қызымын» деп жауап беремін. Адам алдына мақсат қоймаса, өзіндік жос­пар жасамаса, мүлде дамымайды. Алға қойған жос­пар көп. Қазіргі уақытта әлеуметтік парақшаны тұрақты жүргізіп отыр­ғаннан кейін білім саласының мамандары менен өзгешелік, серпін, жаңашылдық күте­ді. Сондықтан бірнеше жаңа жоба жүзеге асырғым келеді. Менің қызмет барысында жасап жатқан әдіс-тәсілім жұртшылыққа ерекше болып көрінгеннен кейін, бір орнымда тоқтап қалғым келмейді. Осы жазда әлеуметтік желі арқылы ұстаздар мен оқушыларға қарапайым адамдарға шабыт, мотивация беретін өнер, білім, спорт бағытында байқау ұйымдастыру ойда бар.

– Өмірлік ұстанымыңыз жа­йында айтасыз ба? Мәселен, алдағы 10 жылдықта біздің кейіп­керіміз өзін қандай қыз­метте сынағысы келеді?

– Ұлт көсемі Әлихан Бөкейханның «Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден» деген тағылымды сөзін өмірлік ұстанымға айналдырғанмын. Жалпы кез келген адам елім маған не береді деп емес, еліме мен не беремін деген қағиданы ұстанған дұрыс. Біз секілді жастар елдің дамуына өзіндік үлесін қосу керек деп санаймын. Расында, баланы балабақшадан бас­тап, болашақтан қандай маман иесі болатындығын ұстаз бен ата-ана түсіндіре алған абзал. Саналылық пен жауапкершілік сезіне алмаған көпшілік елдің мәселесі тұрмақ, отбасын сақтай алмай жатады. Жалпы қоғам өмірінде бала тәрбиесімен айналысқан кезімде отбасылық жағдайына аса мән беремін. Бүгінде толық емес отбасында өскен балалар өмірге бейімделе алмай жатады. Ата-аналардың ажырасуы, балалардың өз-өзіне қол жұмсауы елімізде алдыңғы орынға шығып кетуі – алаңдатарлық мәселе. Менің негізгі мақсатым – ел балаларына қызмет ету, тағылымды тәрбие беру. Білім сапасын көтеруге басымдық бергенімізбен, отбасы құндылығын, тәрбие мәселесін ақсатып ал­мағанымыз дұрыс. Алдағыны Алла Тағала біледі. Кейін қандай қызмет болсын атқаруға дайынмын. Ең бас­тысы, бала қабілетін аша білетін мұғаліммін, ізденімпаз ұстазбын.

– Айтпақшы, Сізді ауылдас­та­рыңыздан өнерге жақын деп естіген едік...

– Кішкентайымнан өнерге жақын болып өстім. Ән айтқанды жақсы көремін. Сан түрлі бай­қау­ларда жеңімпаз атандым. Шы­ғар­машылығым арқылы көп­шілік ықыласына бөлендім. Білім оша­ғында оқушылармен іс-шара­ларда ән айтамыз. Бұл менің өнерге деген құлшынысымды арттырса, бір жағынан өнерден кенде емес балаларға шабыт сыйлау болып табылады.

– Басылымның оқырманына айтар тілегіңіз болса, мархаббат...

– Сырдария ауданының халқына Астанадан жалынды сәлем жолдаймын. Әлеуметтік желіде біздің жерлесіміз деп Сыр елінің халқы ақжарма тілегін жаудырып жатады. Алдағы уақытта туған жерге барып, ауылдағы ағайынның, жастардың ұсынысы негізінде фан кездесу ұйымдастыру ойда бар.


Сұхбаттасқан
Балтабай ОРДАБЕКОВ

21 маусым 2025 ж. 25 0