Күміс қасық
Біздің үйімізде сонау соғыс жылдарынан қалған сынбайтын, майыспайтын, керемет шай қасық бар. Өзіміз «күміс қасық» дейміз. Енем Күләш орынбаеваның қасығы. Оның тарихын таратып айтсам былай.
Сонау сұрапыл соғыс жылдары темір ұстасы болған атамыз Әубәкір Базарбаевты тылға жібереді. Ақтөбеден 4-5 сағаттық жердегі Орынбор қаласына түседі. Сол жерде пойыз жолда темір ұсташылығымен айналысқан. Темір жолға шпал төсеген, оқ жасап, тылда еңбек еткен.
Сол жылдары Жезқазған қаласындағы балалар үйін Орынборға көшіреді ғой. Ішіндегі ересек ұл-қыздарды Тұзтөбеге апарып, тұз қазуға салады. Енеміз Күлшікенді орыс-қазағы аралас тәрбиеленушілер «Катя» деп атап кеткен. Бес жасынан балалар үйінде өскен. Соғыс уақыты болғанымен жастар жүрген жер у-шу, ойын-күлкі. Кешкі тамақтан кейін балалар үйінің тәрбиеленушілері орысша-татарша ән айтады, гармон тартады.
Қыз жүрген жерге жігіт үйір емес пе? Ауыр жұмыстан діңкелеген тылдағы жігіттер де кеш батса, қыздарға қосылып, бір ауық олар да ән салады. Сөйтіп жүргенде атамыздың көзі үріп ауызға салғандай, өзі әнші, өзі орысша ағып тұрған енеміз Күлшікен – Катяға түседі. Сол арада танысады. Сөздері жарасып, екеуі отау құрады.
***
Ауыр жұмыстан қашпайтын, ықтиятты, он саусағынан өнері тамған атамыз командирлердің жылы лебізіне ие болған. Соғыс жылдары жұмысшыларға «паёк», яғни азық беріліп тұрған. Жақсы жұмыс істегендерге азық молдау жазылған. Оның ішінде кір сабын, үлкен бір қант, нан, шәй, консерві, тағы да басқа қажетті азық-түлік қамтылған. Бірнеше рет Алғыс алып, азық-түлік те молдау тиетін атамызға қыстың бір күні ауылға барып қайтуға 10 күндік демалыс беріледі.
Бұл кезде балалар үйіндегі қыздардың алды жергілікті жігіттерге тұрмысқа шыға бастайды. Сол 10 күндік демалыста атамыз енемізді де рұқсатпен ауылға алып келеді. Жол жүрер алдында берілген азықты жинап, жолдастарына, қыздың достарына арнап дастархан жаяды. Дастархан басында достары қолында бар тәуірлерін қызға сыйлыққа береді. Сонда Көлбеков деген балалар үйінің тәрбиеленушісі:
– Катя, менде мына қасықтан басқа ештеңе жоқ, бұл қасық сенің балаңның баласына кетеді, – деп сондай бір қимастықпен күміс шай қасықты сыйлаған екен.
Әрине күміс қасықты енем көзінің қарашығындай сақтады. Бұл туралы енем үнемі айтып отыратын. Айтпақшы, Күлшікен – Катяға ауылға келін болып түскеннен кейін абысын-ажындары «Күләш» деген есім береді. Кейбіреулері «Орыс келін» деп атады.
Беріде, енеміз о дүниелік болғаннан кейін (2007 жылы) шай қасықты үнемі тасалап, жоғалып кетпесін деп орап ұстап жүрдім. Қазір енді өзім де ене болдым, келін түсіргеннен кейін күміс шай қасықты күнделікті ұстайтын қасықтарға қосып қойдым. Енді мен де балаларыма, келіндеріме ертегідегідей етіп айтып отырамын.
***
Кейде қасыққа қарап отырып, соғыс жылдарынан бері сақталып келе жатқанына таңданысымды жасыра алмаймын.
Атам мен енем нағыз соғыс уақытында, тылдың қақ ортасында ауыр бейнет көрсе де, ешқандай құрмет-қошеметке бөленген жоқ. Өйткені «Тылда болған» деген қағазы сонау 1950-54 жылдары егіс басында жүргенде үй отқа оранып, бүкіл құжат өртеніп кеткен. Содан кейінгі жылдары біз «Тыл ардагері едік» деп ешкімге міндетсінбеді де. Атам 76 жасында, енем 80 жасында өмірден өтті.
Міне, биыл қан майданның Жеңіспен аяқталғанына 75 жыл толып отыр. Сол Жеңісті жақындатуға тылдағы ерен еңбек еткен менің атам мен енемнің де үлесі бар деп мақтанышпен айта аламын. Менің осы бір күміс қасық жайлы естелігім сол кісілерге құрметім болсын деймін.
Көлбековтің «...балаңның баласына кетеді» деген күміс қасығы қазір атам мен енемнің шөберелеріне жетіп отыр. Оларда да мұны көздерінің қарашығындай сақтайтынына сенімдімін. Өйткені бұл отбасы құндығылығы, біз үшін үш ұрпақ куәгер болған қасиетті қасық.
Ұлы Жеңістің 75 жылдығы құтты болсын! Енді мұндай нәубетті халқымыз басынан кешпесін!
Шолпан ЖҮСІПОВА,
келіні,
Алматы қаласы