Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Әскердегі достардың әсерлі басқосуы

Әскердегі достардың әсерлі басқосуы

Еңбексүйгіш, қоғаммен етене араласуға бейім, еті тірі азаматтар болады. Біз білетін еңбек ардагері Мағауия Асқаров сондай азаматтардың санатынан. Ардагер ағамыз жақында журналистика саласының майталманы Шаһарбек Нұрсейітпен бірге редакцияға келді. Айтуынша, әскердегі дос­тарымен бірге 50 жылдан кейін бас қосып, арнайы іс-шара өткізіпті.

Әскердегі достардың әсерлі бас­қосуы туралы Мағауия Асқаров бізге кеңінен әңгімелеп берді. «Біз сонау 1972-1974 жылдары Отан алдындағы азаматтық борышымызды өтедік» деп бастады ардагер сөз басын. Бұл кісілер әскери міндетін Ресейдің атақ­ты Бай­кал көлі төңірегіндегі Чита қала­сын­­да атқарыпты. Тереңөзектен 23 ма­­мыр­да пойызға мінген олар діттеген жерге 11 күн дегенде жетіпті. Араның алыстығын осыдан-ақ аңғаруға болады.


«Қазір әскери қызметті бір жылда атқарады және сол бір жылда бір­неше рет кездесу мүмкіндігі де қарас­тырылған. Біздің кезімізде екі жыл еді және сол екі жылда бірде-бір рет ауылға келмейтінбіз. Мен әскерден қашып, жалтарып жүрген жастарды түсінбеймін. Ер жігіт Отанды сүю керек, оған қызмет ету керек» дейді Мағауия Асқаров.

Қазақ халқы достықты үшке бөледі екен. Достықтың бірінші сипаты қалта­дан пұл шыққанша, яғни дүние-мүлікке қызығып достасатындарға қарата айтылады. Екінші достық мұрыннан қан шыққанша, яғни қиындық кездескенше ғана дос болатындар жөнінде айтылады екен. Ал үшінші достық кеудеден жан шыққанша, яғни өмірден өткенше дос болатындарға қатысты. Әскердегі достық достықтың осы үшінші сипатына сай келеді. Арада қаншама жыл өтсе де сыйластықты үзбей, тығыз бай­ланыс орнатып, жыл өткен сайын достықтан бауырға, ағайын-туысқа айналып кеткен ардагерлердің арасындағы құрмет пен қошеметті көріп, өзіміз де тәнті боламыз.

М.Асқаровтың айтуынша, бұл кісі­лер бұдан бұрын 30, 45 жылдықты да атап өтіпті. Оған облыс аудандарында тұратын 50-ге жуық азамат қатысқан. Биылғы басқосуға 30-ға жуық ардагер келіпті. Қатысушылардың арасында отбасымен келгендер де бар. 50 жылдан кейінгі басқосуды өткізуге атсалысқан азаматтардың бірі – Дүйсенбек Қадіров болса, екіншісі – Серік Байтұрғанов. Қос ардагер басқосу барысында «Тағзым» алаңына барып, әскерде бірге болған, бүгінде өмірден өткен азаматтардың рухына Құран бағышталғанын айтты. Мұнан бөлек күннен-күнге көркейіп келе жатқан Тереңөзектің көрікті жерлерін аралап, естелік суретке түскен. Сонымен қатар «Шаңырақ» мейрамханасындағы сал­­та­нат­ты басқосуға қатысқан. Ал Кенжебай Омаров пен Жаппас Жүнісов жарты ғасырдан кейінгі жүздесу­де кейбір азаматтарды танымай қал­ғанын да жасырмады. Бұл – өмірдің заңдылығы, жалынды жастық кезеңін бірге өткерген азаматтардың бүгінде ардагерлік кезеңге жетіп, жүздерін әжім басқандығының белгісі. Халқымыз «Елу жылда – ел жаңа» деп бекер айтпаса керек-ті. Жарқын жүздесуден ерекше шабыт алған азаматтардың қатарында Еркін Аяпов, Әділбек Мұратов, Бұқарбек Пермақанов және Қобылан Қалжановтың есімін атап өтуге болады. Ардагерлер бұл басқосу әскердегі достардың жүздесуінің басы да, соңы да емес екенін айтты. Бұйырса әлі талай той-қуанышта, жақсылықта бас қосып, бір-біріне тілектес ниетте жиналмақ. Бұл жолы бір-біріне қазақы үрдіспен тақия сыйлаған қариялар келесі басқосуды да бірлікпен, ынтымақпен өткізуді жос­парлауда.

Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ
25 маусым 2024 ж. 186 0