Балауса лагерінде жабылу салтанаты өтті
Жазғы демалысқа шыққан оқушылардың демалысын қызықты да көңілді өткізу мақсатында ауданға қарасты барлық білім ошағында күндізгі сауықтыру лагері жұмыс істеуде.
№131 Талғат Қозыбаев атындағы орта мектепте де «Балауса» лагері оқушыларға қуаныш сыйлауда. Бірер күн бұрын мектеп жанында лагерде «Ұлттық құндылық – өшпес мұра» тақырыбында салтанатты іс-шара өткізілген болатын.
Лагердегі барлық ауысымның әр күні қызықты оқиғалар мен іс-шараларға толы болды. Лагерь бағдарламасында демеуші кәсіпкерлер арқылы қаладан аниматорлар шақырылып, балмұздақтар таратылып, спорттық іс-шаралар ұйымдастырылған. Дәстүр бойынша балалар лагерь ауысымының соңында ауысым кезінде басынан өткерген барлық жақсы оқиғаларды еске алды.
Тәрбиелік мәні зор іс-шарада мектеп директоры Айнұр Әлиева мен аудандық білім бөлімінің әдіскері Салтанат Сақтағанова сөз сөйлеп, балаларға шығармашылық табыс және жазғы демалысын жақсы өткізуге тілектестігін білдірді.
–Биылғы жылы мектеп жанындағы «Балауса» тынығу лагерінде 160 бала демалды. Демалыс кезінде арнайы іс-шара жоспарына сәйкес балаларды жақсы тынығуына жағдай жасалды. Түрлі сауықтыру іс-шараларымен қатар, ой-өрісін дамытатын дәрістер өткізілді. Қызықты демалыс күндер мұнымен аяқталмайды. Алдағы екі ай бойы балалар жақсы демалып, жаңа оқу жылына үлкен құлшыныспен келеді деген сенімдеміз,– деді мектеп директоры Айнұр Тоқшылыққызы.
Мұнан бөлек ардагер-ұстаз Алтын Нұртаева тігін тігу мен құрақ құрау қалай жасалатынын айтып берсе, көркем еңбек пәнінің мұғалімі Уалихан Таңсықбаев ағаш бұйымдарының жасалу әдісі мен жолын түсіндіріп, балаларды үйренуге шақырды. Тағылымы мол іс-шараға жиналған қонақтар балалардың шығармашылық концертін тамашалады.
Жалпы мектеп жанындағы лагерь бастауыш сынып оқушылары үшін 3 ауысым бойынша жұмыс жасады.
– «Балауса» лагерінде 7 күн демалдым. Осы уақытта түрлі ұлттық спорт ойындарын ойнап, ағаштан жасалатын бұйымдармен таныстым. Тәлімгер апайлар уақытты ұялы телефонсыз да жақсы өткізуге болатынын дәлелдеді. Алдағы жазғы демалысымды спортпен шұғылданып, айналамды таза ұстап, табиғатты аялап ұстауға уақыт бөлемін, – дейді 2 сынып оқушысы Ернұр Әлібек.
АҚТОТЫ ТЕМІРХАНҚЫЗЫ