Өзен-су – елдің ырысы

Кейінгі кезде су қоры азайып, егіс көлемінің көбеюіне байланысты бөгет, көпірлер салынып, өзеннің бұрынғы арнасы техниканың күшімен өзгертілген. Сыр суы азайған тұста, көлдер бірінен бірі бөлініп, ортасынан ойпат жерлермен «Шіркейлі» өзені пайда болған. Көлдер батпақтанып, судағы жәндіктер мен балықтары сасып, шыбын-шіркейдің көптігінен маңайынан адам жүру қиын болған. Сол кездегі ата-бабаларымыздың айтуымен шыбын-шіркейі көп жер дегеннен «Шіркейлі» атауы шығыпты.
Ауылдың ортасынан сағасын «Шіркейлі» каналынан алатын «Қожарық» – бірнеше шақырым жердің суландыру жүйесінің күретамыры. Ауыл тұсынан өтетін арықтың екі жағы бау-бақша, әртүрлі жеміс-жидек ағаштарымен тамылжып тұрған. «Қожарық» каналын қаздырғандардың қатарында сол кездегі «Қызыл Ту» колхозының басқарма төрағасы Емберген Сейдекеұлы, ауылдық кеңес төрағасы Әлайдар Сарбасұлы, партия ұйымының хатшысы Қожақан Қожамжарұлының есімдері аталады.
1936-1937 жылдары «Қожарық» каналын қазуға ауданнан мұраб Серікбай Бедебеков араласқан. Мұраб судың жүретін жолын, егіс егілетін жерді анықтап, картаға түсірген. Ауыл халқына есімі белгілі Әжібай Тоққожаев «Шіркейлі» каналынан саға алдырып, канал қаздырады. Өзі бас болып қаздырған каналын кейін көпшілік «Әжібай арық» деп атап кетті. Әжібай Тоққожаев өзі қарулы, балуандығы бар батыр кісі болыпты. Су жүргеннен кейін «Шіркейлі» өзенінің жағасында отырған халық қазіргі қонысқа көшіп келіп, егін еге бастайды.
Ал ауылдағы «Байділда» каналы туралы мемлекеттік қызмет саласының ардагері Мағрипа Жүсіпбекова айтып берген болатын.
– 1970 жылдары Шіркейлі ауылының орталығы аяқсусыз қалады. Совхоз орталығында судың болмауы үйдің іргесіндегі бақша мен көшені көгалдандырудың адымын аштырмайды. Сол кездегі ауылдық кеңестің төрағасы Байділда Жүсіпбеков аудандағы, ауылдағы гидротехник мамандармен ақылдасып, орталыққа келетін арықтың ізін сызып көрсетеді. Арық ауылдың батысынан емес, оған мүлдем қарама қарсы шығысынан келу керек екен. Ол жақта «Құмкөл» мен «Астаукөл» жатыр. Бір қызығы бұл көлдерге су құйылмаса да судан арылған емес. Сондықтан арық көлді жағалап жүреді және әдеттегі арықтай болмайды, көп бөлігі жер қазылмай екі жанына дамбы жасалады, кәдімгі астау сияқты. Бұл өте қиын, судың құлап кету қаупі өте жоғары аса нәзік жұмыс еді, – дейді ардагер.
Уақытты да көп алатын, қашан жағасы су жүріп қатайғанша адамның бақылауын қажет ететін жұмыстың, яғни арықтың қазылуын барынша зерттеген Байділда Жүсіпбеков сол кездегі Қазақстан Компартия Тереңөзек аудандық комитетінің басшылығына ұсынысын айтады. Басшылық ПМК мекемесіне тапсырма беріп, арық қазылады. Арықтың қазылуы барысында ауыл тұрғындары барынша қолдау көрсетіп, өз көмектерін берген. Сөйтіп аяқсу ауылға келген. Ауыл тұрғындары арықты Байділда Жүсіпбеков өмірден озғанша «Ауылнай арық» деп атаса, кейін «Байділда» каналы деп атап кетті.
Бибісара
ТАҢАТАРҚЫЗЫ