Ұлт руханиятының алтын діңгегі

Бүгінгі таңда еліміз үшін ұлттық құндылықты сақтау мен жаңғырту ерекше маңызға ие. Осы тұрғыдан алғанда, Абай мұрасын тану, оны терең түсіну әрбір ұрпақтың парызы. Рухани кешті аудандық білім бөлімінің әдіскері Қаракөз Қалжанова мен мектеп директоры Жанболат Назаров ашып, ұлы ақынның шығармаларын дәріптеу арқылы өскелең ұрпақты тәрбиелеу керектігіне баса назар аударуды атап өтті. Ағартушының өлеңдері мен қара сөздеріне тоқталып, рухани құндылықтарымызды нығайту және кеңінен насихаттау мақсатында ұйымдастырылған іс-шараның мазмұнын түсіндірді.
Бұл рухани кеш – ой мен сөздің, білім мен тәрбие тағылымының ұштасқан алаңы бола білді. Семинар аясында жазушы Жүніс Сахиевтің «Айдағы жасырынбақ» және «Табиғи ресурс түрлері» атты тақырыптарында пән мұғалімдері Салтанат Кенебаева мен Гүлфайруз Қалбаеваның ашық сабақтары өтіп, оқушыларға ерекше әсер қалдырды. Әрі қарай, Гүлзат Амангелдиеваның «Connection mnemonics» стратегиясы арқылы оқушылардың есте сақтау қабілетін арттыру» шеберлік сағаты өтсе, оны Аружан Абдрахманованың «Заманауи әдіс-тәсілдер арқылы Абай шығармаларын оқыту» тақырыбындағы көрнекілікке толы сабағы жалғады. Сонымен қатар «Қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінен 5 және 8 сынып пен 10 сыныптарда емтихан өткізу тәртібі» тақырыбында түсіндерме жұмыстарын Қаракөз Қалжанова жүргізді. Түрлі форматта өткізілген рухани іс-шара әдеби-сазды кешпен толықты. Оған Жанерке Байсынова, Рзахия Мұхан, Құралай Досаева және Алуа Мәлібекова атсалысты. Семинар сурет пен кітап көрмелерімен жалғасып, көз сүйсіндіретіндей кешке ұласты.
Абай шығармалары – қайталанбас мұра. Осы орайда ұстаздар мен оқушылардың іс-шара соңында ақынның өлеңдері мен қара сөздерін үш тілде жатқа оқығаны ерекше ұмытылмас әсер қалдырып қана қоймай, көрермен дүниетанымына жаңа бір серпіліс бергендей болды. Әрі қарай, «Көзімнің қарасы», «Айттым сәлем, Қаламқас» және «Желсіз түнде жарық ай» әндері шырқалып, өнерпаздар көптің құрмет-қошеметіне бөленді.
– Абай – ақын ғана емес, терең ойлы философ. Оның шығармаларынан адам жанының тереңіне үңілген, адамзаттық құндылық туралы кеңінен пайым жасаған ғұламалықты көреміз. Ақын өз заманының айнасы бола білген жан. Сол қалыптастырған мұра қазір де өсіп келе жатқан ұрпақтарға – рухани азық. Биыл ағартушы Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толып отыр. Осы ұлы есім ұмытылмауы шарт. Келешек жас буынға дәріптеу біз үшін үлкен жауапкершілік. Сондықтан да «ұлағатты ұстаз» ретінде біздің береріміз орасан зор маңызға ие, – деді білім бөлімінің әдіскері Қаракөз Қалжанова.
Абайдың шығармашылығы – рухани жаңғырудың нақты көрінісі. Жүректен шыққан туындыларын оқыған адамға ой қалдырмай қоймайды. Ұстаздардың осы семинарда тәжірибе алмасуы – соның бір дәлелі. Рухани кештің соңы әр бағыттың сараланып, қорытынды жасалуымен аяқталды. Жұмылған жұдырықтай атсалысқан әрбір қатысушыға білім бөлімінің сертификаты табысталып, құрметке бөленді.
Ұлт руханиятының алтын діңгегіне айналған Абай мұрасы әрдайым жаңғыру үстінде. Кез келген жас ұрпақтың ақынның шығармаларымен таныс болуына үлес қосуымыз шарт. Сондықтан білім мен ғылымға толы әр өлең дәріптеліп, ағартушының рухани азыққа толы қырық бес қара сөзі жадымызда сақталуы тиіс.
Гүлсезім ЖАНСЕРІКҚЫЗЫ