Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№ 29 газет

22 сәуір 2025 ж.

№ 28 газет

19 сәуір 2025 ж.

№ 27 газет

15 сәуір 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
282930 
» » Өнегелі өмір

Өнегелі өмір

Аудандық газет өз оқырмандарымен тығыз қарым-қатынас орнатып, әркез бірлесе жұмыс жүргізіп келеді. Осы ретте жақында аудандық редакцияға Қанат Қабылбай есімді азамат арнайы келді. Біршама құнды әрі тарихи деректерді ұсынған оқырман өзінің немере ағасы Айтбай Әлібаев туралы мақала жария­лауды ұсынды. Зерттеп қарасақ, арғы атасы елші, өзі тура қылды қақ жарған құқық қорғау қызметкері болған, бүгінде өмірден өткен арда азамат туралы дерек баршылық екен. Тіпті құқық қорғау саласы мен қара қаламды қатар серік еткен азаматтың өзі жазған кітабын да қолға алып, көп дерекке тұшындық.

Ертеректе Таңатар деген кісі өмір сүрген. Өзі елші әрі Сырдың төмен ағысында өмір сүрген бұрынғы және бүгінгі тұрғындарға кеңінен таныс. «Елдестірмек елшіден, жауластырмақ жаушыдан» деген сөз бар ел аузында. Орта жүздің арғын аталығынан тарайтын Таңатар Жайықұлы 1768-1867 жылдар аралығында Сырдария өзенінің төменгі ағысында өмір сүріп, Сырдария өзенінің төменгі ағысында тұратын қазақтар мен Бұхара, Хиуа хандықтары арасында қырық жылға жуық елшілік қызмет ат­қарған. Бұл кісі туралы кезінде жур­налист-зерттеуші Тынышбек Дайрабай зерттеу жүргіз­ген. Таңатар бабадан өркенін кең жайған өнегелі ұрпақ өсіп-өнген. Ел басына қиын-қыстау күн туғанда халық тағдырына бей-жай қарамаған Таңатар бабаның бір баласы Құлбайдан Шалбай, Әлібай, Қалыбай, Қалабай есімді ұлдар тарайды. Осы Әлібайдан Сүйінбай, Сүйінбайдан біз мақалаға арқау етіп отырған Айтбай өсіп-өнген. Сүйінбай ақсақал 1903 жылы туып, 1984 жылы дүниеден озған. Аптал азаматтың соңғы демі осы Тереңөзек кентінде үзілген екен. Ұлттық тәрбиеде қанға, ұлтқа, руға, текке аса мән беретін халқымыз «тегіне тартып туған» дейді бұндайда. Әлібайдың Сүйінбайынан тараған Айтбай Әлібаев – білікті заңгер, ҚР Тергеу саласының құрметті қызметкері, об­лыс­тық Әділет басқармасының бастығы, әділет генерал-майоры, ҚР Журналистер одағының мүшесі бол­ған. Таңатар бабадан тарайтын басқа ұрпақтар да еліміздің елеулі, белгілі, халыққа қызмет қылған азаматтар екеніне тоқталып өтіп, негізгі мақала арқауы болған кейіпкерімізге біржола ойыссақ.

Айтбай Әлібаев 1947 жылы Сұлу Сырдың бойында, Тереңөзек кентінде дүниеге келген. Жалпы тарихта немесе әдебиетте зиялы қауым, ұлт үшін туып, есімі ел аузында сақталған жандардың өмірдерегінде бір ұқсас­тық бар. Ол – көбіне бала кезінен жоқшылық көру, ерте жастан еңбекке араласу, солай пісіп-жетіліп, үлкен өмір­ге қадам басу. Бұл көп жағдайда кездесетін жайт. Расында ол кездің заманына, кезеңіне қарай ахуалдың тұрақ­сыздығы адам тағдырына әсер еткенін айтып өту орынды. Осы орайда біздің кейіпкеріміз де жастайынан еңбекке етене араласып, ерте есейген. Біз бұл туралы Айтбай Әлібаевтың өз қолымен жазған ғұмырнамалық еңбегінен оқып, тұшындық.

«...Алғаш мектеп табалдырығын аттаған күнім кешегі сұрапыл соғыс­тың аяқталғанына көп болмаған 1954 жыл болатын. Елдің тұрмысы әлі оңала қоймаған кезең еді. Иә, бұл шақта оқулық, басқа да оқу құралдары тапшы болатын. Сабаққа ұстайтын қолсөмке деген атымен жоқ-ты. Оның орнына шешеміз қолдан тігіп берген қолдорбаны, қолдан (қарандаштан) жасалған сияны сауытымен алып жүре­тінбіз» деп жазады Айтбай Әлібаев өзінің «Тағылымға тағзым» атты кітабында.

Жастайынан әкенің тәлімін, ана­ның тәрбиесін алып, еңбекпен есейген кейіпкеріміздің әу бастан арманы заңгер, прокурор болу болған. Ол арманына үлкен еңбектің, табанды жұмыстың нәтижесінде жеткен арда азамат мынадай бір естелік оқиғаны жазады. «Сонау 1958-1959 оқу жылы. Мен Тереңөзек қыстағындағы №35 қазақ орта мектебінің 5 сыныбының оқушысымын. Қазақ тілі пәні мұғалимасының тапсырмасы бойынша «Келешекте кім боламын» деген еркін тақырыпқа шығарма жазып, онда заңгер боламын деппін». Иә, бала арман мен қиялға ерік берген оқиғаны да тәптіштей өтіпті. «Заңгер болуға, «прокурор боламын» деп шығармаға өз ойым­ды білдіруіме әкем Сүйінбайға және басқа ағайындарға 1950-1958 жылдар аралығындағы жасалған қиянаттар негіз болған-ды» деп бір түйіп, «Жас та болсақ, әкеміздің сол кездегі көңіл-күйін сезетінбіз. Кейіннен аудандық прокурор Т.Көптенбаев әділетті шешім қабылдапты. Прокурордың әділ шеші­міне риза болған әкем «осы милиция­ларды жөнге салатын бір баламды прокурор етсем, бұл дүниеде арманым болмас еді» деді. Әкемнің сол сөзі есімде қалған-ды. Әкемнің аузына мұны Құдай салған болуы керек, заңгер-прокурор болуды жастайымнан аңсап, армандап жүретінмін» деп жазады. Міне, асқақ арман мақсаты айқын бозбаланы биік белес, үлкен асуларға жеткізді. Бірақ оңай жолмен емес.

1963 жылдың тұсында кейіп­кері­­міздің әкесі ауыр жарақат алып, төсекке таңылады. Күн өткен са­йын үйдегі тұрмыс төмендеп, бұл үйдің үлкені Айтбайға салмақ салмай қоймайды. Үйелмелі-сүйелмелі 7 бала, науқастың тақсыретін тартып жүрген шешесі Зүбайрада да қауқар жоқ. Содан үй іші ойлана келе, бозбала Айтбайды жұмысқа орналастыруды ұйғарады. Ол кезде кейіпкеріміздің жасы небәрі 16-ға да толмаған, қара жұмысқа да жарамайды. Содан әкесі Сүйінбайдың досы Мұстафа Баджанов қолғабыс етіп, бала Айтбайды есепшілік жұмысты үйренуге шақырады. «Білмеймін» деп қол қусырып отыруға тіпті болмайды, амал да аз. Содан не керек, Айтбай Әлібаевтың еңбек жолы осылайша басталып кетеді. Жұмысшылар кооперациясына есепшілік жұмысқа қабылданады. Бұл кезде ол мектепті де бітірмеген. Бала көңілі достарымен асыр салуға, мектепке барып ел қатарлы білім алуға ауа бергенімен, үйдегі ахуал жанын да қоймай барады. Солай қатарластары мектепке бара жатқанда бұл жұмысқа бара жатады. Амал жоқ. Мектеп жасындағы балаға жұмыс істетуге болмағанымен, ауыл іші бір-бірін жақсы таниды, мекеме басшысы мен мектеп дирекция­сы өзара келісіп, жағдайды ескеріп, бұны жұмыста қалдырады. Ал білім алу кешті, кешкі мектепті күтеді. Осылай қатарластарынан ерте есейген азамат үлкен өмірге де ерте араласады. Содан да болар, қатар құрдастан бір саты алда, еңбегі мен білгені де артығырақ болып ер жетеді. Үй шар­уасы да, ақша табу да осының мойнында. Өзінен кейінгілерге де қарасады. Осылай уақыт өте береді. «Бірақ білімнің қажеттігін сезіндім» деп жазады кейіпкеріміз біздің қолымыздағы өз өмірі жайлы жазған кітапта. Сонымен не керек, көп тауқымет тартып, ақыры білім алуға бел буады. Сөйтіп кезі келгенде оқуға тапсырып, әке-шешесінің батасын алып «байлама Құдай ба­ғымды, сындырма менің сағымды» деп 1966 жылы Алматыға барып, Қазақ мемлекеттік университетінің заң факультетіне оқуға түседі. Осылайша арманына үлкен қадам жасаған бозбала студент атанып, мақсатына жақындай түседі.

Қарап отырсақ, қай ата-ана да баласының адам болуын, иманды, саналы ұрпақ болуын тілейді. Кейіп­керіміз Айтбай Әлібаев ата-ана разылығын алған, сол тәлім мен тәрбиені өз балаларына көрсете білген жан. Ардақты ағаның өмір жолы, па­йымды пікірлері біз қолымызға алған «Тағылымға тағзым» атты кітапта толық баян етілген. Автордың оған дейін «Әке өсиеті» атты кітабы да жарық көргенін айтып өту орынды. Құқық қорғау саласында қызмет етіп, тура қылды қақ жарып, әділ төрелігін айтып, талай тағдырды түзу шешіммен талқылаған арда азамат қолы қалт еткенде қалам мен ақ парақты серік етіп, оңаша ойын түсірген, кейін оны кітап етіп басып шығарған. Адамның бір нәрсеге әуестігі, қалауы болса, оны ешнәрсе де тоқтата алмайды. Тек ниет пен әрекет керек. Әйтпесе, қауырт қызметте жүріп бірнеше кітап жазып, мұра етіп қалдыру, әдемі сөз саптап, салмақты ой білдіру екінің бірінің қолынан келетін іс емес. Астын сызып бір айта кететін нәрсе, кейіпкеріміз Айтбай Әлібаев өте қарапайым жан болған. Соншалық жеткен жетістігі мен иығындағы погонға қарамастан, қарапайымдылықтан, өзі тәрбиеленіп өскен жанұядағы тәрбиеден қол үзбеген. Қазақылық пен салт-дәстүрге аса мән берген. Онысын кейінгі буын да, замандастары да әркез қуаттап отырады. Ардақты тұлға жары Раиса мен бірге екі ұл, екі қыз тәрбиелеп өсіргенін де айтып өту орынды.

Еліне ардақты, халқына қалаулы болған азамат 2023 жылдың күз айын­да мәңгілік мекеніне аттанды. «Өмір бар жерде, өлмек бары» рас болғанымен Сыр жұртшылығы ауыр қазаны зор күйзеліспен қабылдады. Арда ұлды, ардақты азаматты қара жердің қойнына қимады. «Орнында бар оңалар» деп бір-біріне басу айтты. Сыр жұртшылығына қайғыра көңіл білдірген қоғам қайраткері Сайлаубай Әбішев жеке парақшасында: «Жа­ны жайсаң, достыққа берік, қа­рапайым­дылықтың үлгісін көрсеткен құқық қорғау органдарының генералы ғана емес, азаматтық қоғамның әді­лет­тік үшін күрескен нағыз әділет гене­ралы еді. Бұл өмірге келген екенсің, қаншалықты бұл жарық дү­ние­ні қимасаң да бір уақыт кезеңінде оны­мен қоштасатының анық, шындық құбылыс екені рас» деп жазды.

Айтбай Сүйінбайұлының артында ұрпағы, мәңгілік мұра болған өз қолымен жазған кітаптары және ұр­пағына, түгел ұлтына өсиеті қалды. Біз бағанадан бері сөз етіп отырған «Тағылымға тағзым» атты кітаптың ең соңында ұл-қыздарына өсиет қал­дырыпты. «Ұл-қыздарым, «Өмір сүру­­дің ең ұлы құпиясының бірі – ол өзі­ңе берілген өмірдің сыйынан ләззат алу» деген бар, осыны есте сақтаңдар» деп тәмамдапты сөзді. Расында, бұл сөз кейінгі буынға қалдырған өсиеттей болып жаңғырып тұр.

Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ
22 сәуір 2025 ж. 248 0