Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№ 26 газет

12 сәуір 2025 ж.

№25 газет

08 сәуір 2025 ж.

№24 газет

05 сәуір 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
282930 
» » Тарихта қалған айтыс

Тарихта қалған айтыс

Басылыммен байланысын үзбейтін екі адам болса, соның бірі – асқарлық Манат Есенбаева. Қашанда қоғам өміріндегі келелі мәселелерге ойын жеткізіп, оқырманға рухани азық болатын ақпарат ұсынып келеді. Жақында редакцияға келген Манат Есенбаева соғыс жылдарындағы құнды дүниемен таныстырды. Яғни 1943 жылдың 21 қарашасынан бастап «Жауынгер Сырдың ұлдары, Жеңіске жаңа бастасын, Ақындардың жыр­лары!» деген ұранмен облыс ақындарының слеті өткен. Сол кезде Жазушылар одағының Қызылорда облысының уәкілі Әбдікәрім Оңалбаев болған. Слетке қатысқан ақындардың айтысы облыстық, аудандық газеттердің бетіне жарияланып отырған. Бұл ретте Жаңақорған ауданының халық соты Аббаз Досымбаевтың Тереңөзек ауданының халық соты Ысқақ Байженовке жолдаған өлеңі 1944 жылдың 1 қыркүйегінде газет бетінде жарық көрген. Жеңістің 80 жылдығы мерекесі аясында қос ақынның айтысын басылым бетіне қайта жариялауды жөн көрдік.

Редакциядан
ТЕРЕҢӨЗЕК АУДАНЫНЫҢ ХАЛЫҚ СОТЫ
БАЙЖЕНОВ ЖОЛДАСҚА

Ісеке, көптен кеттік тілдесе алмай,
Болған соң қоныс бөлек, ірге шалғай.
Аман ба ауыл-аймақ, елің, жұртың,
Болсаңдар сіздер аман, біз де сондай.
Інілік өз жолымды есіме алып,
Сәлем хат жолдап тұрмын Сізге осындай.
Аға едің ақыл айтар, кеңес берер,
Ініден бүкпелемей, сыр жасырмай.
Құрметтеп кеңсе заңын ұстаушы едің,
Салмақтап қорытылған қорғасындай.
Кең ойлап, терең толғап отырушы ең,
Билерше кеңес айтқан дөң басында-ай.
Салмақты ел басына іс түскенде,
Тұрғанда қарлы дүлей жел басылмай.
Екі есе еңбек істер күн туғанда,
Маңдайдан күні-түні тер басылмай,
Ойласып тәжірибеңнен ауыс деуге,
Мен Сізбен көптен жүрмін кездесе алмай.
Бір сыр көңілімді божыратып,
Жүр менің жүрегіме үйлесе алмай.
Еліңде есітемін егін аз деп,
Жатыр деп шыққан көгі жер жасырмай.
Қазылмай су каналы дер кезінде,
Отақтан шыққан егін ол да ашылмай.
Бар дейді колхозыңда жатқан ауыл,
Бір ісі бір ісіне қосыла алмай,
Майжарма, Ырысымбет сусыз қалып,
Жатыр дейді жап жердің тұлғасындай.
Бұл күнде Тереңөзек не болмақшы,
Егінсіз қала берсе жылда осылай.
Ерлер ойлау елдің қамын керек еді,
Қайратсыз құрғақ тілмен мырзасынбай.
Шаттанып аз табысқа жүргендер бар,
Гүмпілдеп күні бұрын үйге сыймай.
Соркөлдің сорын суға тұншықтырып,
Жатыр деп есітеміз шу басылмай,
Қыйға шап қылышыңды жау кеткен соң
Ұят-ау, болса егер тура осындай.
Малдың да мәнісі жоқ деп айтады,
Төліне жылдағыдай төл қосылмай.
Туды деп тумағанды қоса салу,
Баланың түсте тапқан олжасындай.
Пайдасыз сұлу сөздің қажеті не,
Көз тартқан қыздың бейне сырғасындай.
Айтылып әлденеше ескертсе де,
Айқайдан келесіздер бір басылмай.
Болған соң өте жаман көп істерің,
Әркімге-ақ азайыпты сенгіштерің.
Бір кемдік ауданыңнан орын алса,
Басқамен дей алмассыз тең істедік.
Салынып сен саларда, мен саларға,
Аз жүгін нарға артыпсыз өгізшенің.
Қомпиған көрінісің болмаса тек,
Дәл биыл дей алмассыз семізшеңмін...
Барғанда жаңа адамдар ауданыңа,
Оларға сол ма көмек беріскенің.
Жер жайын, ел жағдайын біле тұрып,
Қатені осыншама неге істедің?
Деседі істеріңнің мардымы жақ,
Дәніндей үгітілген шемішкенің.
Аудан ең батыр шыққан облыста,
Сондықтан керек еді көп істеуің.
Бұл үміт анығында ақталмады,
Сөзімді дей алмассыз теріс менің
Аздаған кемшіліктер бізде де бар,
Демеймін бәрін түгел жөн істедім.
Жол ашық, жөні келсе сізде айтарсыз,
Көрінсе көзіңізге кеміс жерім.
Мал басы кеміген жоқ артылмаса,
Қарқынға істеудеміз қарқын қоса.
Өседі қойдан қозы, жылқыдан тай,
Тәртіппен іс істеліп ауқымдаса.
Талпыну талабымыз жаман емес,
Мақтаулы болмағанмен айтулы аса.
Әр дәннің жауға атылар оқ кезінде,
Тастамай бір түйірін көзден таса,
Кірістік жыйнап-теріп қызылдауға,
Жұмыла іс біте ме жұлқынбаса.
Әдейі айтып сізге ескерткенім,
Тыңдайтын кісі еді деп бір тыңдаса.
Әрине, жұмыс бітпей қалуы анық,
Белбеуің босап, белің былқылдаса.
Әдейі айттым, жаным, ашығынан,
Жалқаулық басып жатқан ұйқыңды аша.
Айтарсыз басқаларға бізден сәлем,
Аббаздың бұл несі деп қыңқылдаса...
Осымен сөз аяғын тоқтатқаным,
Сын айтып сыпайылау хатпен қоса.

Жаңақорған ауданының халық соты Аббаз Досымбаев басылымның 1944 жылдың 19 қыркүйегінде­гі санына «АББАЗ ІНІМЕ» деп жауап жазған.

Оқыдым өлеңіңді Аббаз інім,
Анықтап айтылыпты барлық мінім.
Сөзіңде жұрттың бәрі ұйықтап жатып,
Жалғыз сен істегендей көрмей тыным.
Айтайын айыбыңды алға салып,
Қалай боп шығар екен менің мұным.
Азамат арттан жеткен жеткіншексің,
Жабықсам жарық берер ай мен күнім.
Ардақты алда туған ағаң едім,
Орынсыз ұрмалығыңа келді жыным.
Колхозды Қосүйіңкі ұмыттың ба,
Газетке жазған Асқар оның жырын.
Күнінде 21 август айы
Қойшыбаевтың айтылды ісі қырын кеткен.
Жел шашып дестелерді жоқ етті деп,
Социалистік Қазақстан айтқан бұрын.
Бітік еді баста сенің егіндерің,
Баға алмай қалдырдыңдар жұртта жұрын,
Әрине, сіздер судың сағасында,
Табиғат берген ол да жердің нұрын.
Отырсың ақ егісті орындамай,
Он бес күн бастағанмен бізден бұрын.
Создыңдар ақ егісті елу күнге
Өткіздің ерте егіспен жаздың күнін.
Қонағым өз үйіңе қарай отыр
Жазба сөз, құр далаға айтып білім.
***
Колхозың Талап және Мәдениет
Ішінен астық ұрлап шықты тегі жат,
Оларға неге шара көрмедіңіз,
Бір жақын жаның бе еді құда, жекжат.
Көктемде көкпар шауып күмпидіңдер
Сындырып қабырғаңды, өлтіріп ат.
Оза алмай орақ кезде артта қалдың,
Астықты тапсыруда болдыңдар мат.
Масайрап мал жөнінен мақтанасың
Ол рас, қайтты бізден шалыс сәт.
Білмейтін жұмыс көзін кейбірулер
Жіберген есеп жәйлі аздап ағат.
Қатені қайта жөндеу қиын емес,
Ол үшін Аббаз не деп сөзбен шағат.
Жөндеді басшыларым кемшілікті
Есептің былыққанын білген сағат.
ЛЕНИН ЖОЛЫ газетіне тағы түстің
Орасан кемдігіңе етпей тағат.
Оныншы сентябрді оқығандар
Мен айтып көрсетпей-ақ өзі-ақ табад.
Соркөлдің сын тағыпсың көлдеріне,
Жалқау деп жала жауып елдеріме.
Ішінде жиырма күннің канал қазып,
Шұбыртып су шығарды көлдеріне.
Көпіртіп көк егіске су әкеліп,
Су берді тоғыз колхоз жерлеріне.
Жоспарын көк егістің көктеп өтіп,
Су берді ақ егістің кем жеріне.
Қазір де төкпей, шашпай жинап алып,
Жібермек соғыстағы ерлеріне.
Аббазым алғыс айту міндет еді,
Колхозшым, риза бол деп терлеріңе.
Уақытымен мал тамағын жиып алдық,
Беруге қыстың күні төлдеріне.
Ерлерді ет пен майдан қамсыз етіп,
Фашисті енгізуге көрлеріне.
Қанағат аз да болса етер-ау деп,
Аббаздай жаздым жауап мергеніме.
Сөзімді кешіктірді деме, шырақ,
Газеттен болды екі-ақ күн көргеніме.
Қарт ағаң хат жазушы – кәдімгі Ысқақ,
Біраз күн жарар сенің ермегіңе.
12 сәуір 2025 ж. 69 0