Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Кассациялық сот құрылады

Кассациялық сот құрылады

Үшінші биліктің беделін биіктетіп, қызметін жетілдіру мақсатында 2024 жылдың 5 шілдесінде «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық Заңына үлкен өзгерістер енгізілді.

Заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес, кассациялық сот осы жылдың 1 шілдесінен бастап Астана қаласында құрылып үш бағытта, яғни қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істерді толық қарайды.

Жаңа үлгідегі кассациялық соттарды енгізу- халықтың қалауы.

Себебі азаматтар бүгінгі күні тәжірибеде колданылып отырған «Таңдап қарау кассациясына» көңілі толмайтынын айтып келді. Жоғарғы Сотқа жолданған шағымдардың таңдаулылары ғана кассациялық алқаның қарауына жіберілетініне өкпелі болатын. Ел ішінде үнемі айтылатын бұл кемшілікті Мемлекет басшысы 2023 жылы 12 қыркүйекте отандық бизнес өкілдерімен кездесуде «Бүгінде қылмыстық және азаматтық істердің небәрі 5 пайызы ғана кассацияға жолданады. Бұл өте аз, әрі азаматтардың сұранысына сәйкес келмейді. Сондықтан заңгерлер және кәсіпкерлер қоғамдастығымен өз алдына бөлек кассациялық инстанция құру мәселесі жөнінде кеңес өткізу қажеттігі пісіп жетілді деп ойлаймын» дей келе, құзырлы органдарға арнайы тапсырма жүктеген болатын.

Бұл жаңа реформаның негізгі мақсаты- әрбір сот сатысының тиімділігін арттыру. Себебі сот төрелегін жүзеге асырудың сапасы мен азаматтардың соттарға деген сенім деңгейі сот сатыларының тиімді жұмыс істеуіне байланысты. Кассациялық соттардың тәжірибеге енгізілуімен кассациялық өтініштерді алдын ала қарау тәртібі жойылып, кассациялық сатыдағы істерді тараптарды шақыра отырып, ауызша сот процесінде істі талап ете келе, кемінде үш судья катысатын алқа құрамы қарайтын болады.

Халықтың қалауына сай қолға алынған реформа сот жүйесіне ғана емес, мемлекеттің ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтарымен бостандықтарының мүлтіксіз сақталуын қамтамасыз етеді деп сенеміз.

Дархан КУЗЕРБАЕВ,
Сырдария аудандық сотының жетекші маманы
Фото: Нұрболат НҰРЖАУБАЙ
17 ақпан 2025 ж. 112 0