Сырға толы жырлардың иесіне арналды
Ұлымын жомарт, дарқан бай даланың.
Күн сайын жапырақтай жайқаламын,
Аруын құшып-сүйіп, аймаладым», – деген өлең жолдарын төгілте жазған ақын, жерлесіміз Қайырбек Асанов биыл сексеннің сеңгіріне шыққаны белгілі. Сырға толы жырымен поэзияда өзіндік орнын қалыптастырған ардақты азаматтың мерейтойы жыл көлемінде тойланады. Мәселен, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Қайырбек Асановтың туғанына 80 жыл толуына орай мәдениет үйінде «Өлеңмен өрген өмірді» тақырыбында аудандық жазба ақындар мүшәйрасы өтті.
Жазба ақындар мүшәйрасы 2 кезеңнен тұрды. Ең алдымен, аузымен құс тістеген ақындар Қайырбек Асановқа арнау өлеңдерін оқыса, екінші кезеңде еркін тақырыпта жырдан шашу шашты. Өз кезегінде аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы міндетін атқарушы Жеңісбек Төрәлиев сөз алып, ақынның өмір жолына тоқталды.
– Сырдың сырбаз перзенті Қайырбек Асанов биыл 80 жасқа толып отыр. Тереңөзекте туылып, Тараз шаһарында тұратын ақынның шығырмашылығы сан алуан бағытты құрайды. Лирикалық өлең-жырдың шеберіне айналған ақын ағамыз әлі күнге туған жерімен байланысын үзген емес. Біз қашанда жастардың санасына ақынның шығармашылығын дарытқанымыз жөн. Оның зайыбы Күләш Ахметованы поэзияда өшпес із қалдырған нағыз талантты жан ретінде білеміз. Бүгінгі қатысып отырған барлық ақынға сәттілік тілеймін, – деді Жеңісбек Үсенұлы.
Ақындардың өнерін аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұса Келдібаев, мәдениет саласының ардагері Жантемір Айсин, «Тіршілік тынысы» газетінің бас редакторы Аружан Мұханбетқали тамашалады. Ал қоғалыкөлдік Байрон Есенбаев, іңкәрдариялық Марал Сағындықова, нағилық Жанерке Байсынова, қалжан ахундық Самат Жұмаділ, ақжармалық Айтмағанбет Темірханов, жетікөлдік Қанат Көзейбай, тереңөзектік Ақтөре Ибригимұлы, Нұрсұлтан Сүйіндіков, Ақмарал Кәдірханова кіл мықтының ішінен кім жүйрік екенін анықтауға тырысты. Ақындардың өнеріне Халықаралық «Қазақ тілі қоғамы» қоғамдық бірлестігінің аудандық филиалының төрағасы Шаһарбек Нұрсейітов, мәдениет үйнің әдіскері Гаухар Сәрсенбаева, «Тіршілік тынысы» газеті бас редакторының орынбасары Балтабай Ордабеков баға берді.
Бұл ретте ақындар аудандық мүшәйра барысында Қайырбек Асанов хақында кеңінен жырға қосты. Оның ел үшін, әдебиет үшін атқарған қызметі айшықталды. Туған жер топырығынан түлеп ұшқан перзенттің даңқы асқақтай түсті. Аудандық мүшәйраның қорытындысы бойынша бас жүлдені Ақтөре Ибрагимұлы, І орынды Самат Жұмаділ, ІІ орынды Айтмағанбет Темірханов, ІІІ орынды Байрон Есенбаев, Қанат Көзейбай, Ақмарал Кәдірханова еншіледі. Барлық қатысушыға арнайы сыйлық, диплом мен алғыс хат табысталды.
Тағылымы мол іс-шара аясында аудандық мәдениет үйінің қызметкерлері өнер көрсетті.
«Тт» ақпарат