Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Жерлес ақынның жыр кеші

Жерлес ақынның жыр кеші

Аудандық «Достық» үйінде орналасқан №1 филиал кітапханасында Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, Қазақстанның еңбегі сіңірген қайраткері, Сырдария ауданының Құрметті азаматы, жерлесіміз Қайырбек Асановтың 75 жасқа толуына арналған «Сырда туған сырбаз ақын» атты жыр кеші өткізілді.
Игі шараны кітапханашы Л.Серікбаева ашып, Қайырбек Асановтың қазақ поэзиясында өзіндік орны бар ақын, жырлары таусылмас қазына екендігін атап өтті. Сондай-ақ оның жүрегінен шыққан құдыретті жырлары тыңдаушы мен оқырманды тамсандыратынын, әдебиет пен мәдениет әлемінде тың үн болып естілгенін айтты. Мұнан соң Қайырбек Асановтың өмірдерегімен оқушы Нұрлытаң Тобжанова таныстырды. Жыр кешінде ақынның өлеңдері оқылды. Оқушылар Қарақат Балашбек «Ағаға», Ұлжан Нышанбекова «Туған жерге», Нұрай Мұратова «Күз» атты өлеңін тебірене жатқа айтты. Кеште әуез мектебінің ұстаздары Бекзат Сәдуақасов «Ағаларым» әнін шырқаса, Мейрамбек Кенжебаев Қазанғаптың «Шыныаяқ» күйін, Сансызбай Ғалымжан Құрманғазының «Адай» күйін күмбірлетті. Игі шарада ақынның қарындасы Гүлбарам Асанова ағасы туралы естелік айтып, абзал азаматтың бауырларына қамқор болып жүргенін тілге тиек етті. Ақынның кластастары Әсия Масилова мен Раушан Мәтібаева мектептегі күндерінен естеліктер айтты. Бүгінде қазақтың белгілі ақыны болған Қайырбек Асановтың оқушы кезінен талантты бала, үздік шәкірт болғанын, сол кездің өзінде жас ақынның жырлары аудандық, облыстық газеттерде жарық көргенін айтты.
Кеш соңында «Ақынын ардақтаған ел бақытты» атты кітап көрмесі таныстырылып, әдебиеттерге шолу жасалды.

Шаһарбек НҰРСЕЙІТОВ
07 наурыз 2020 ж. 674 0