Ақын рухына арналды
Биыл елімізде атаулы күндер жеткілікті. Соның бірі – Алаш қайраткері, ақын, қазақ әдебиетінің жарық жұлдызы Мағжан Жұмабаевтың туғанына 130 жыл толып отыр. Жыл көлемінде қазақтың арынды ақынына арналған айтулы іс-шаралар күнтізбелік жоспарға қойылған. Өз кезегінде Қоғалыкөл ауылдық клуб үйінде өлеңдерімен оқырман жүрегінен жол тапқан Мағжан Жұмабаевты еске алуға арналған жазба ақындар мүшәйрасы өткізілді.
«Мен жастарға сенемін» тақырыбында өткізілген жазба ақындар мүшәйрасы 2 кезеңнен тұрды. Аталған мүшәйрада жас ақындар Мұхамеджан Мансұров, Елдос Жаппасбаев, Бақтөре Айтбаев, Құндыз Бажиева, Әсел Зұлпар, Тұмарлан Өмірбек, Баубек Әуесхан, Асанова Гүлжазира, Нұрсұлтан Сүйіндіков, Ержан Мұхиятдинов бақ сынады. Алғашқы кезеңде аузымен құс тістеген жасқа ақындар Мағжан Жұмабаевқа арналған өлеңдерін оқыды. Сонымен бірге екінші кезеңде олар еркін тақырыптағы өлеңдерін көпшілікке ұсынды. Өз кезегінде мүшәйрада оқ бойы озып шыққан 5 ақын арасында үшінші кезең ұйымдастырылды. Заматында жас ақындар «Ақ шашты көрдім апа самайыңнан» тақырыбында 2 шумақ өлең шығарды.
Өз кезегінде Қоғалыкөл ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Базарбек Жаныбаев пен №44 орта мектептің Сламбек Қаюпов ардақты ақын жайлы ойларын ортаға салды.
– Бүгін біз Қоғалыкөл ауылында ерекше жыр кешіне куә бола білдік. Жас ақындар шама-шарқы жеткенше Алаш қайраткерінің өмірін, тым қысқа ғұмырын жырға қосты. Барлық ақынның талабы таудай. Өлеңнің техникасын меңгерген жас ақындар тақырыпты аша білді. Жалпы, елінің егемендігі үшін күрескер атанған Мағжан ақын өлеңдері арқылы халықтың мұң-мұқтажын жырлай білді. Әрине, осындай дара тұлғаға лайықты құрмет көрсетлуі керек, – деді Қоғалыкөл ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Базарбек Жаныбаев.
Мүшәйрада жасқан ақындардың өнеріне жергілікті ақын Байрон Есенбаев, аудандық мәдениет үйінің әдіскері Гаухар Сәрсенбаева, аудандық «Тіршілік тынысы» газетінің тілшісі Балтабай Ордабеков баға берді. Сөз сайысының нәтижесінде, ІІІ орынды Тұмарлан Өмірбек, ІІ орынды Бақтөре Айтбаев, І орынды Мұхамеджан Мансұров, бас жүлдені Ержан Мұхиятдинов еншіледі. Барлық ақынға арнайы диплом мен бағалық сыйлық табысталды.
Балтабай ОРДАБЕКОВ