33912 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылы егіледі

– Қанат Айтмағамбетұлы, биыл аудан бойынша қанша гектарға егін егіледі?
– 2025 жылы аудан бойынша жалпы 33912 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылын егу межеленген. Оның ішінде, негізгі дақыл күріш 22000, жаздық бидай 2000, арпа 40, мақсары 600, жаңа жоңышқа 2200, картоп 142, көкөніс 180, бақша 350, ескі жоңышқа 7400 гектарды құрайды. Су үнемдеу технологиясын пайдалана отырып жаңбырлатып суару әдісімен Жетікөл ауылдық округіне қарасты «Жетікөл Жері» ЖШС-гі 200 гектар жерге күнбағыс дақылын егу жоспарлануда.
– Минералды тыңайтқыш пен тұқым қоры жеткілікті ме?
– Биылғы егін егу маусымына 5250 тонна күріш тұқымы әзірленді. Атап айтқанда, 7 «Айсара», 2483 «Лидер», 1380 «Янтарь», 360 «Яхонт», 290 «Патриот», 730 тонна «Маршал» сұрыпы бар. Осы күні 4545 гектар ескі жоңышқа тырмаланып, 855 гектар жаңа жоңышқа, 1823 гектар жаздық бидай, 73 гектар мақсары дақылы егілді. Күріш егісіне қажетті минералдық тыңайтқыштың көлемі – 10600 тонна болса, 9245 тоннасы сатып алынды. Жалпы сатып алынған минералдық тыңайтқыш қорында аммоний сульфаты, аммофос, карбамид бар.

– Ауыл шаруашылығы құрылымының сұранысы бойынша биыл арам шөпке қарсы қолданатын гербицидтің барлық қажетті көлемі – 16500 литрді құрады. Гербицидті сатып алу жоспарлануда.
– Ауыл шаруашылығы техникаларын көктемгі егіске жұмылдыру барысы қалай жүзеге асуда?
– Көктемгі егістік басындағы дала жұмысын жүргізуге барлығы – 780 дана техника жұмылдырылған. Мысалы, 376 трактор, 196 трактор тіркемесі, 98 соқа, 47 дән сепкіш, 63 жүк көлігі дайын. ҚР Үкіметі тарапынан көктемгі егіс және дала жұмыстарын 2900 тонна және күзгі егін жинау жұмысына 2730 тонна қажетті жеңілдетілген дизель отынына шаруашылық құрылымдары «Gosagro.kz» веб-порталы арқылы өтінім тапсырды. Көктемгі егіс және дала жұмысын жүргізу үшін қажетті дизель отынының 295,6 тоннасы «Жібек жолы ЛТД» ЖШС, «РК Мұнай» ЖШС арқылы барлық шаруашылық құрылымына жеткізілуде. 2025 жылдың қаңтар-наурыз айларында шаруашылықтар 259,2 млн теңгені құрайтын 10 дана ауыл шаруашылығы техникасын сатып алды.
– Су тапшылығын болдырмау мақсатында атқарылған жұмыстарға тоқталып өтсеңіз...
– Қашыртқы мен каналды тазалау, гидротехникалық құрылысты жөндеу жұмысы бойынша ішкі су жолын тазалау жүргізілді. Яғни 195400 текшеметр топырақ шығарылып, 12 дана гидротехникалық құрылыс, 15 дана гидробекет, 48 дана су тартатын қондырғы жөнделді. Каналдарды механикалық тазалау, гидротехникалық құрылыстарды жөндеу жұмысы жалғасуда. Сонымен қатар су тапшылығын болдырмау, оны үнемдеу мақсатында өткен жылы бірқатар жұмыс атқарылды. 2024 жылы суды үнемдеу және тиімді пайдалану негізінде аудан бойынша 13 шаруашылық құрылымындағы 25 дана заманауи лазерлік жер тегістегіш техникасымен 3340 гектар жерге тегістеу жұмысы жүргізілді. Биыл 3500 гектар жерге тегістеу іс-қимылы жоспарланып, 1700 гектар жер тегістелді. Бүгінде күріш алқаптарының 47,1 пайызы лазерлік тегістелсе, шаруашылықтар алдағы уақытта 63 пайызға жеткізеді деп күтілуде. Тәжірибе көрсеткендей лазерлік тегістеу арқылы суды 15 пайызға дейін үнемдеуге мүмкіндік бар.
Балтабай ОРДАБЕКОВ
Фото: Ашық дереккөзден