Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Егін жинау қарқын алды

Егін жинау қарқын алды

Аграрлы ауданымыз үшін егін егу, жинау, келесі егін науқанына дайындық жұмысын пысықтау қай кезде де маңызды. Соңғы жылдардағы су тапшылығы Сыр диқандарына кері әсер етпей қоймады. Десек те биыл бұл мәселелер барынша өз шешімін тауып, шаруа адамы еңбегінің жемісін қайтаруда.

Ауданымызда ауыл шаруашылығы саласы жүйелі дамып келе­ді. Жыл сайын аудан егін саласы бойынша жоғары белестерден көрініп жүр. Биылғы жылы аудан бойынша жалпы 34273 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары, оның 21872 гектарына Сыр салысы егілді. Сонымен қатар, жаздық бидай – 2368 гектар, арпа – 40 гектар, мақсары – 391 гектар, күнбағыс – 40 гектар, тары – 4 гектар, жаңа жоңышқа – 1996 гектар, ескі жоңышқа – 6760 гектар, картоп, көкөніс, бақша дақылдарының барлығы 802 гектарды құрап отыр.

Осы тұста аймақ бойынша да көрсеткіштер көңіл қуантады. Атап айтар болсақ, биыл аймақтағы ірі шаруашылықтар күріштің әр гектарынан орташа есеппен 90 центнерге жуық өнім алып жатыр. Жалпы облыс бойынша 189 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілген. Оның ішінде негізгі дақыл күріш – 85,6 мың гектарды құрайды.

– Мемлекет тарапынан көрсетілген қолдаудың арқасында биылғы жылы диқан қауымға су қажетті деңгейде жеткізілді. Шаруа­шылық құрылымдары егілген ауыл ­шаруашылығы дақылдарына күтіп-бап­тау жұмыстарын агротехникалық талап­­тарға сай жүргізді. Сонымен қатар, егін жинау жұмыстарына қажет­ті ауыл шаруашылығы техникаларымен, жанар-жағармаймен, минералды тыңайт­қыш­тармен толық қамтамасыз етілген. Биылғы жылдың егісіне 6062 тонна күріш тұқымы себілді. Отандық сорттар бойынша «Сыр Сұлуы» 105 гектарға, Ресейлік сорттар бойын­ша «Лидер» 15657 гектарға, «Янтарь» 3723 гектарға, «Яхонт» 214 гектарға, «Патриот» 314 гектарға, Украиндық сорттар бойын­ша «Маршал» 1769 гектарға, «Премиум» 35 гектарға, «Виконт» 35 гектарға себілді. Шаруашылық құрылымдары қажетті минералдық тыңайт­қыштармен де толық қамтамасыз етілді, – дейді аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Қанат Нұрсейіт.

Айта кетейік, бүгінде аудан бойынша егілген 21,8 мың гектар күріштің 12,4 мың гек­тары орылып, 10,3 мың гектары бастырылды. Тиісінше, егілген әр гектардан орташа есеппен 51,0 центнер­­ден өнім алынуда. Күзгі егін жинау науқанына ауданда бар­лығы 989 дана ауыл шаруашылығы техникасы қатысуда. Сондай-ақ аталған жұмыстарға 1939 тонна жанар-жағармай бөлінген. Бүгінде жанар-жағармай қоры жеткілікті.

Мемлекет тарапынан көрсетілген қолдаудың арқасында биыл диқан қауымына су қажетті деңгейде жеткізілді. Шаруашылық құрылымдары егілген ауыл шаруашылығы дақылдарына күтіп-баптау жұмыстарын агротехникалық талаптарға сай жүргізді.

Аудандағы ірі шаруашылықтардың бірі – Н.Ілиясов ауылын­дағы «Мағжан және К» ЖШС биыл жалпы 4291 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдарын егіп, бүгінде жоғары көрсеткіш көрсетуде. Оның ішінде 2520 гектарға күріш егіп, әр гектарынан орташа 67,0 центнерден өнім алуда. Бұдан бөлек, серіктестікте 664 гектарға бидай, 1107 гектарға ескі жоңышқа дақылдары егіліп, жиналды.

Қазір­гі таңда ауданда егін жинау жұмыстары қарқынды түрде жүргізілуде. Аудан диқандары егінді қазан айының ортасына дейін толық жинап алуды межелеп отыр.

Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ
24 қыркүйек 2024 ж. 272 0