Шетелді таңғалдырған төл өнер

Қолөнер – қазақтың ежелгі тарихының көрінісі. Ата-бабамыздан келе жатқан салт-дәстүрімізді дәріптейтін әрбір шеберлікпен жасалған қолөнер қазақтығымызды айқындайды. Ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан бұл шеберлікте ұлтымыздың тұрмысы мен өнер көкжиегі жатыр. Бүгінгі таңда қолөнерде қолтаңбасын қалдыра білген, салтымызды ұрпақтарға дәріптеп жүрген тігінші, қолөнер шебері Салтанат Әбдраманова шәкірт тәрбиелеп отыр. Шәкірті Қырмызы Серікқызы бұл өнерге бүлдіршін кезінен қызығып, қазір кішігірім текемет тоқып үйренген.
Іс-шара барысында Салтанат Әдрамановаға сөз кезегі берілді. Өз сөзінде кешке қатысушыларды Рамазан айымен құттықтап, ежелгі қолөнеріміз жайлы тілге тиек етті.
– Ауылдық жерде өсіп өнгеннен кейін кішкентай кезімнен әжеме қолғабыс қылып киіз басып, жүн түтіп үйрендім. Кілем тоқуды 9 сынып оқып жүргеннен бастадым. Әрі қарай шеберлігімді арттыру мақсатында тігінші мамандығын оқыдым. Сол жылдары киім тігумен айналысып бастадым. Балалар киімін пішіп тігіп жүрдім. Сонымен қатар көрпеше құрақтарын құрап үйрендім. Клуб меңгерушісі болған кезде біршама оқушылармен жұмыс жасадым. Бар білгенімді балаларға үйретуді алдыма міндет қыламын. Бұл кілем тоқуды 2001 жылы шәкіртім Қырмызының әжесі екеуміз бастадық. Кілем тоқу – ата-бабамыздан келе жатқан салт-дәстүр. Қойдың, түйенің жүнінен жасалған кілемнің неше жыл өтсе де түсі мен өңі оңбайды. Алдымен жүн түтіп, киіз басудан бастадық. Одан кейін кілем тоқып республикаға танылдық. Тіпті Америка, Италия елдерінен көп тапсырыс берді. Шетел азаматтары қолөнер бұйымдарын өте жақсы бағалайды екен. Қазіргі таңда өзім моншақтан сөмке тігуді әдетке айналдырып жүрмін. Шәкіртім Қырмызы кілем тоқуға деген қызығушылығы 3-4 жасынан басталды. Қазір шағын кілемдерді өзі тоқып шыға алады.
Қырмызы Серікқызы – №139 орта мектептің 5-сынып оқушысы. Облыстық, республикалық көрме мен шеберлік сағаттың қатысушысы. Сондай-ақ Қазақстанның шеберлері атласына енген. Оқушы Қырмызы өз сөзінде сабақ пен кілем тоқуды алып жүру қиын еместігін жеткізді. Кілем тоқумен сабақтан бос уақытында айналысатынын айтып өтті.
Шеберлік сағатта кеш қонақтарына бірнеше өзекті сұрақ қойылып, тұщымды жауап берілді. Әрі қарай қолөнер шебері Қырмызы оқушыларға қалай кілем тоқылатынын көрсетті.
Қолы алтын, сөзге шебер, іске де ұста халқымыздың мәдениетін паш ететін құндылықтардың бірі – қолөнер. Осы тұста сөз кезегі Сырдария аудандық тарихи-өлкетану музейінің меңгерушісі Салтанат Нұрмағанбетқызына берілді.
Қолөнер тек кілем тоқу, көрпеше тігумен шектелмейтіндігін атап өтіп, оның түрлеріне тоқталды. Сонымен қатар олардың шығу тарихын да айтып өтіп, кейбірінің пайдасы мен қасиетін түсіндірді. Сөз соңында қолөнер шебері Салтанат Әбдраманова мен шәкірті Қырмызы Серікқызына «Алғыс хат» табысталып, сый-сыяпатымен құрмет көрсетілді. Шеберлік сағаттың соңы музей ішіндегі тарихи жәдігерді көріп, тамашалаумен аяқталды.
Ұлттық құндылығымызды ұлықтап, асыл мұраларымызды бірге насихаттап жүрген жерлестеріміздің қатары көбейе берсін. Қолөнер – баға жетпес мұра. Әр қазақтың төрінде шебердің жасаған құнды бір дүниесі тұруы керек. Ол мейлі кілем болсын, мейлі көрпе болсын, мейлі текемет болсын. Қазақтығымызды айқындайтын бұл асыл мұраны ешқашан ұмыт қалдырмай дәріптеуіміз керек.
Гүлсезім ЖАНСЕРІКҚЫЗЫ