Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Мемлекет басшысы «Абай институтын» шетелдерде ашуды ұсынды

Мемлекет басшысы «Абай институтын» шетелдерде ашуды ұсынды

Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдағы сөйлеген сөзінде айтты, деп хабарлайды Egemen.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Биыл Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толады. Мен осыдан бес жыл бұрын ұлы ойшылдың туғанына 175 жыл толуына орай Семейде абайтанушы ғалымдармен кездестім, сол кезде Абай институтын құру туралы ұсыныс айттым. Бүгінде бұл бастама цифрлық платформа форматында іске асырылды, яғни біздің диаспоралар мен басқа да шетелдіктерге қазақ тілін үйрету құралы ретінде жұмыс істеп тұр. Енді осы жобаны толыққанды мәдени-ағарту мекемелеріне айналдыру қажет. Бұл құрылым Конфуций, Гете, Сервантес институттары сияқты жұмыс істеуі керек», деді Президент.

Мемлекет басшысы Абай институты шетелдерде де ашылуы керектігін айтты.

«Абай институты негізгі серіктес елдердің бәрінде төл мәдениетімізді насихаттайтын орталық болуға тиіс. Бірқатар елде, мысалы, Қытай, Түркия, Моңғолия және басқа да мемлекеттерде осындай орталықтар ашылатын болды. Сыртқы істер министрлігі мен «Отандастар» қорына Мәдениет және ақпарат министрлігімен бірлесіп, шетелде осындай орталықтар ашу мәселесі бойынша тиісті жұмысты жалғастыруды тапсырамын.

Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы белсене айналысуда. Бұл ұйымның бастамаларын біз тұтас қоғам болып әрі қарай қолдауымыз керек.
Мәдениет дегеніміз – жай ғана ғимараттар мен мекемелер емес. Бұл – ұлттық сана-сезімді жаһандық ауқымда нығайта түсетін мықты тұғыр», деді Президент.


Фото: Ақорда
14 наурыз 2025 ж. 45 0