Облыс тұрғындарына есігін айқара ашқан бөлімше

Емдеу ісі мамандығы бойынша мол тәжірибе жинақтаған Гүлфарида Қайыпқызы жетекшілік ететін бөлімше 60 орынға лайықтандырылған. Бұған дейін өз біліктілігінің арқасында талай науқасты аман алып қалуға себепкер атанған дәрігер бөлімше жұмысын ұтымды үйлестіріп отыр. Бұл ретте, бөлім меңгерушісінен бөлек, терапевт-дәрігер Сандуғаш Асанова мен Жанерке Шахтаева науқастарға үздіксіз бақылау жасауда. Ал осыған дейін аға медбике қызметін Әйгерім Майрашова атқарса, қазіргі уақытта Гүлзина Ақжайларова жұмыс барысын бақылап, ыждағаттылық танытуда.
Осы күні «Паллиативтік көмек» бөлімшесінде 60-тан аса науқас ем қабылдауда. Оның ішінде, Қызылорда және Байқоңыр қаласынан, Сырдария, Қармақшы, Шиелі, Жалағаш, Жаңақорған, Қазалы, Арал ауданынан келген емделушілер бар. Міне, сапалы қызметке иек артқан ұжымда 4 бекет бойынша орта буын және кіші буын мамандары, 2 массаж маманы, 1 ЛФК инструктор лайықты еңбек етуде.
– Өмір үшін күресте әрбір уақытты бағалы санайтын ауыр хәлдегі науқастар біздің бөлімшеде ем қабылдайды. Күтімді ұдайы қажет ететін әрбір сырқат жанды назардан тыс қалдырмаймыз. Қапелімде әңгімесін айтып отырған науқастың жағдайы нашарлап кетуі ықтимал. Сондықтан олардың ағайын-туысына сабырлық тілеп, барлық жағдайға дайын болуға шақырамыз. Бірнеше жыл бойы көзбен көрген сан түрлі жағдайдың қорытындысында медицина мамандығы – қателесуді кешірмейді деген қорытындыға келгенмін. Әрине, аурухана сыртында кез келген жанның аяқтан тұруы үшін жақындары үміт күтіп, телеулес болады. Мұндайда барлығына бей-жай қарамаған дұрыс. Сала мамандары күні-түні ауыртпалықты сезінгенімен, кәсібіне адалдық танытады, – деді «Паллиативтік көмек» бөлімшесінің меңгерушісі Гүлфарида Қайыпқызы.