Бірлескен акцияның берері мол

Дертті жеңудің кешенді жоспарына сәйкес өткізілген іс-шара аясында акцияның маңыздылығы арта түсті. Аталған іс-шараның қонағы ретінде облыстық балалар мен жасөспірімдер арасындағы туберкулез мәселелері бойынша үйлестіруші, облыстық штаттан тыс фтизиопедиатр Ержан Сағындықов, облыстық фтизиопульмонология орталығының дәрігер-фтизиатры Кәмшат Маханова шақырылды. Бұл ретте, облыстық денсаулық сақтау және білім басқармасы, санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің ықпалымен айлық жоспары бекітілген.
Акция аясында №191 орта мектеп пен Іңкәрдария ауылдық фельдшерлік-акушерлік бекетінің мамандары туберкулез дертін алдын алуға қатысты көпшілікке кеңінен ақпарат берді. Мектеп оқушылары ән айтып, шығармашылық бағытта өнер көрсетті. Аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының эпидемиологиялық бақылау, қызметті жоспарлау және талдау бөлімінің басшысы Данияр Балтабаев, аудандық аурухананың фтизиатр дәрігері Ләззат Ибраймова, фтизиопедиатр Анар Ибраймова сөз алып, кез келген дертті болған жанды қолдау, туберкулез ауруын алдын алу, халық арасында сырқат белгісін ерте анықтау, жыл бойы емдеу мекемелеріне жасалған мониторинг жұмысының қорытындысы жөнінде айтты.
– Негізінен, туберкулез дертінің 143 жылдық тарихы бар. 1882 жылдан бері қоғам өміріне енген дертпен күрес үздіксіз жүргізіліп келеді. Дерттің асқыну салдарынан қаншама адам оңалып кете алмады. Сондықтан ақ халатты абзал жандар қай кезде де зерттеу жүргізіп, оны емдеу тәсілін ойлап табуда. Ал аудан көлемінде медицина саласының мамандары сырқатты болған жанға қолдау көрсетуде. Шын мәнінде, көпшіліктің толықтай айығуына уақытылы ем-шара жүргізілуі – өз өзектілігін жоймайды. Біз қашанда аудандағы әріптестермен байланысты үзбей жоспарлы жұмысқа иек артамыз. Осындай жоғарғы деңгейдегі іс-шараны ұйымдастыруға ықпал еткен Іңкәрдария ауылының жұртшылығына алғыс айтамыз, – деді Ержан Сағындықов.
Іңкәрдария ауылының әкімі Сәулет Есдәулетов осы күні елді мекендегі туберкулез дертімен ауыратын жандарға әлеуметтік көмек көрсетілуіне ықпал етуде. Сонымен қатар жеке кәсіпкер Алтынбек Ахметов қайырымдылық көмек беруде. Акция қорытындысында белсенділік көрсеткен мектеп оқушылары марапатталды.
Б.АЯБЕКҰЛЫ