Ауданда 19 наркобекет құрылған

Медицина саласының мамандары бірнеше білім ошағы мен емханада жергілікті халықпен кездесу өткізуде. Бұдан бөлек, дәрігер-нарколог Салтанат Досжанова жергілікті тұрғындарға жан-жақты профилактикалық тексеру жүргізуде.
Аудандық ауруханада жыл көлемінде ҚР-ның нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары аясында жүйелі жұмыс жасалып келеді. Бүгінде медицина саласының мамандарының нұсқауымен 19 наркобекет құрылған. Оның ішінде, 17 білім ошағы, Сырдария аграрлы-техникалық колледжі мен аудандық емхана бар. «Есірткісіз аймақ» жобасы шеңберінде 884 оқушыға ата-анасының келісімімен тест тілімше жасалып, барлығы теріс нәтиже көрсеткен. Осы күні нашақорлықпен 44 науқас «Д» есепте тұрады.
– Есірткіге тәуелді болған әрбір адамды қалыпты өмірге қосуға барымызды саламыз. Кешенді ем-шара жүргізіп, науқастың оңалып кетуіне көңіл бөлеміз. Әлеуметтік жағдайына мән береміз. Жастар денсаулығы орталығының мамандарымен бірлесіп, барлық білім ошағында, емханада семинар-тренинг, акция, жедел-профилактикалық іс-шара ұйымдастырамыз. Әріптесім, фельдшер Қалдыбек Жұмабеков осы бағыт бойынша тынымсыз еңбек етуде. Сырдария ауданының прокуратурасы қолға алған айлық акцияда медицина қызметкерлері белсенділік танытуда. Акцияны қолдау мақсатында сала мамандары флеш-моб билеген болатын, – дейді дәрігер-нарколог Салтанат Досжанова.
Сала маманының айтуынша, есірткі қолданатын жандардың әлеуметтік сипаты өзгерген. Әлеуметтік жағдайы орташа және жақсы қамтамасыз етілген отбасының балалары нашақорлықтың құрбаны атануда. Өлім-жітім факторын көбейтетін нашақорлықпен күресте заңның тегеуріні едәуір байқалады. Айлық акцияның маңыздылығын арттыру мақсатында Сырдария аудандық ауруханасының ұжымы тарапынан жергілікті халыққа түсіндірме жұмысы тоқтаусыз жүргізілетін болады.
Балтабай ОРДАБЕКОВ