Денсаулық сақшысы
Сан түрлі сала мамандарының ішіндегі ең ардақты да қастерлі маман иесі – дәрігерлер қауымы қашанда үлкен құрметке лайық. Басымыз ауырып, балтырымыз сыздаған сәтте бірден ақ халатты абзал жандардың көмегіне жүгінетініміз белгілі. Жауапкершілігі мол медицина саласының қызметкерлеріне артылар жүк те, атқарар жұмысы да ауыр. Уақытпен санаспай адам өміріне араша түсіп, науқастың денсаулығына бей-жай қарамай, жазылып кетуіне күн демей түн демей бар көмегін аямайтын дәрігердің еңбегі өлшеусіз, әркез бағалы. Осы ретте медицина қызметкерлерінің кәсіби төл мерекесіне орай игі істің жаршысы болып жүрген ақ желеңді абзал жандарға құрмет көрсетіп, елеулі еңбегін дәріптеуді жөн көрдік.
Өмірін медицина саласына арнап, бүгінде жемісті еңбек етіп, халық ықыласына бөленіп жүрген білікті маманның бірі – Сырдария аудандық ауруханасының перзентхана бөлімінің неонатолог дәрігері Алтынай Ижазова. Қызметіне адал маман 1989 жылы Сәкен Сейфуллин ауылында дүние есігін ашқан. Бала кезінен дәрігер болуды армандаған ол №137 қазақ орта мектебінде білім алып, 2006 жылы аяқтап, бұрыннан жоспарлап жүрген медицина саласын таңдауға бекінеді. Бала күнгі арманға қол созып, соған жетуге күні-түні оқудан бас алмай, медицина саласының қыр-сырын меңгеріп, 2012 жылы Ақтөбе қаласындағы М.Оспанов атындағы медициналық университетінің педиатрия факультетін үздік қызыл дипломмен бітіріп шығады. Бір орында тоқтап қалмай, білімін одан әрі жетілдіру мақсатында 2013 АГИУВ деп аталатын жоғарғы оқу орнында неонатология курсынанан өтеді. Осылайша мамандықтардың асылы дәрігер болуды армандаған Алтынай Шаншарқызы алғашқы еңбек жолын 2013 жылы облыстық периниталдық орталықтың нәрестелер жан сақтау бөлімінде реаниматолог-неонатолог маманы болып бастайды. Білікті маман үшін жауапкершілік пен жұмысқа деген адалдық үнемі бірінші орында. Тәжірибесі мен білімі толысқан маман 2020 жылдан бастап Сырдария аудандық ауруханасының перзентхана бөлімінде неонатолог дәрігер қызметіне ауысып, бүгінде халықпен тығыз байланыс орнатып жүйелі жұмыс жасап келеді. Денсаулық сақшысы атанған білікті дәрігер қызметімен қатар білдей бір отбасының отынын түтетіп отырған ибалы келін, аяулы жар.
– Неонатология – қызығы мен қиындығы қатар жүретін саланың бірі. Жалпы неонотология – балалардың физиологиялық ерекшеліктері мен ауруларын туғаннан өмірінің 28 күніне дейін зерттейтін бөлім. Біздер, яғни неотанолог маман жаңа туған нәрестенің бірқатар потологияларын емдеумен және оның алдын алумен айланысамыз. Сәбилердің дамуы мен өсу ерекшеліктерін бірнеше айға жуық уақыт бойы мұқият бақылаймыз. Бізге жұмыс барысында мүлдем қателесуге болмайды. Бір ғана қателіктің салдары үлкен қайғылы жағдайға әкеліп соғуы мүмкін. Сондықтан шала туылған шақалақпен жұмыс істеу оңай емес. Адамның тәнін емдеумен қатар білікті дәрігер оның жанын да емдей білу керек және аурудан жазылатынына сенімділік ұялата білу қажет деп ойлаймын. «Дәрігер – арыстандай айбатты, қыздай икемді, анадай мейірімді болуы керек» деген екен Ұлы дәрігер Гиппократ. Расында бұл салада мейірімді жүрек, ептілік, шыдамдылық қажет. Өмірге келген өте ауыр жағдайда туылған сәбиді аман алып қалуға қолымыздан келгеннің барлығын жасап, тырысамыз, үмітімізді үзбейміз. Жұмыс барысында емдеген нәрестелердің ата-аналарымен әлі де байланысымды үзбей, хабарласып отырамын. Біз үшін әр сәбидің денсаулығы маңызды. Бұрын соңды емдеп жазған нәрестелерім бүгінде аттай шауып, балалық шақтың ең қызық сәттерін кешуде. Халықтың алғысы мен ризашылығын алу мен үшін үлкен жетістік, мәртебе. Дәрігер үшін осыдан асқан бақыт бар ма? Өз мамандығын шын сүйетін дәрігер үшін атақтың да, байлықтың да қажеті жоқ. Дәрігерге ең керегі және ең қымбат – адамның денсаулығы, оның өмірі. Аналарға үнемі саламатты өмір сүру қағидасы – дені сау ұрпақ әкелудің кепілі деп айтудан жалыққан емеспін, – дейді білікті маман.
Адам денсаулығының сақшысы Алтынай Ижазова өзінің ақ адал еңбегімен-ақ көпшіліктің қошеметіне бөленіп, алғысын арқалап жүрген білікті дәрігер. Әріптестерінің арасында сыйлы Алтынай Ижазова өз ісіне тиянақты, сауатты, білікті, жауапкершілігі мен өзіне жүктелген міндетті абыроймен атқарып жүрген озық дәрігер.
Адал еңбекті бағалай білген адамға медицина саласы мамандары тұғыры биік тұлға. Медицина саласының мамандары қандай мəртебе, марапат болсын əбден лайық. Соған сəйкес құрмет көрсету – қайқайсымыздың да азаматтық борышымыз.Қаншама адамның өміріне араша болып, дертіне шипа таба білетін маман иелеріне әрқашан үлкен сенім артамыз.
Алтынай ҚАЙРАТҚЫЗЫ