Онлайн табыстың да сұрауы бар
Әрбір дәуір жылнамасында адами құндылықтар санаты өзгеріп, өмір сүру дағдысы өзгеше қалыпқа түседі. Нарықтық қоғамда табыс табудың сан түрлі әдіс-тәсілі жеткілікті. Әлемдік деңгейде мамандықтар атласына жаңа қызмет түрлері еніп, көптеген қаражат көзін алуға арналған жұмыс жасау тетігі пайда болды. Мәселен, әлеуметтік желі дамып, онлайн жүйеде ақша табатын жандар қатары аз емес. Мұндай кәсіп иелеріне еліміз бойынша кірістер комитетінің мамандары назар аудара бастады. Алдағы уақытта әлеуметтік желі арқылы табысын еселеген жандар салық төлеуге міндеттелді.Адамдар бір тәуліктің орта есеппен 3-4 сағатын әлеуметтік желіге жұмсайды. Ал кәмелетке толмаған балалар мен жастар 5-6 сағаттап желідегі сан түрлі дүниеге алданатыны тағы бар. Ең маңыздысы – «инстаграм», «тик-ток», «ютуб» әлеуметтік желісі арқылы табыс табуға дағдыланған жандар өз кәсібін дөңгелентіп отыр. Монетизация ұғымына ие онлайн қызметтің адамға тиімділігі жоғары. Өз кезегінде кірістер комитетінің хабарлауынша, кірістердің барлық түріне, соның ішінде шетелдік компаниялардан түсетін кіріске салық төлену керек. Сонымен қатар елімізде заңды түрде жұмыс істейтін платформалардан төлем автоматты түрде ұсталады.
Айта кетейік, монетизация арқылы табыс табатын жандар 270 нысан бойынша декларация тапсыруға міндетті. Салық көлемі 10 пайызды құрайды. Әлеуметтік желі арқылы қызмет көзін тапқан жандар жұмысшы жалдамайтын болса, жеке кәсіпкер ретінде тіркелудің қажеті болмайды. Бұл ретте, қажеттілік туындаған уақытта банк көшірімі мен әлеуметтік желідегі монетизация мәліметін көрсетуі тиіс.
Балтабай ОРДАБЕКОВ
Фото: Нұрболат Нұржаубай











