Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Трендтен қалмаудың ақыры қандай болады?

Трендтен қалмаудың ақыры қандай болады?

Бүгінде көпшілік бірнеше әлеуметтік желіде кеңінен тараған қазақтың әдет-ғұрпына сай емес, таңсық дүниеге әуестеніп келеді. Осы күні кез келген әлеуметтік желіде кездесетін жандардың өрескел іс-әре­кетінен адам ұялатыны рас. Заманауи трендтен қалмауды мақсат тұтатын олар кісі шошырлық қадамдарға барып жүр. 

Соңғы күндері әлеуметтік желіде кеңінен тараған трендтің бірі – желідегі достар ара­сындағы бір-бірінен ақша сұрау әдісі. Танысын, мейлі танымасын әлеуметтік желідегі статус немесе сториске «Мені 200 адам көреді екен. Егер әрқайсысы 100 теңгеден «Каспи голдқа» аударса, армандаған затымды алуға болады екен» деп жазып қояды. Мұндай чел­лендждің арқасында ақшалы болуды ойлайтын жұртшылық өз ұяттарын жиып қойған. Әрине, онлайн платформада отырған жекелеген адамның бұл әрекеті мұқтаждықтан туындамаса керек-ті. Тек қана айтарымыз, оларға «заманауи тіленші» деген атақ алған абырой әпермейтіндігін ойлаған дұрыс.

Әркез жиналған жұртшылықтың ортасында жиі талқыға түсетін тағы бір жағдай бей­таныс жандардың несиесін өтеу үшін өзге­лерден қомақты қаражат сұрауы екені мәлім. Мұндай фактор «Facebook» және «Инстаграм» әлеуметтік желісінде жиі кездеседі. Осы тектес адамдардың жасаған іс-әрекеті кей кісі­лердің жүйкесіне қатты әсер етуі мүмкін. Сонымен қатар қомақты қаражатты қажеттілік туын­да­ған жағдайда әрбір адам шынайы еңбек етіп табу керектігін ескерген абзал. Бейтаныс жандар бірнеше рет жақсылық жасауы мүмкін. Бірақ ұдайы емес екендігін саналы түр­­де әрбір адам түсінсе дейміз.

Нарықтық заманда әлеуметтік желідегі ұтыс ойындардың дәурені жүріп тұр. Ғалам­тор­­­дың жұлдызына айналған блогер, гиб ойнатушы ұтысты ұйымдастыру барысында өз автокөлігін, қымбат сыйлық пен ақша беруді көздейді. Күн сайын мыңдаған адамды иландыратын ұтыс ойыны барысында: «125 демеушіге тіркел, пост астына пікір жаз, өз достарыңды шақыр» деген сөздерді ұйымдастырушы не­гіз­гі қағида етіп алған. Бар уақытын зая ке­тіретін жұртшылық «ұтпаған оқырманға да, ақша таратамыз» деген мазмұндағы жаз­­­­­баға сенетіндігі тағы бар. Қарапайым халықты барынша сендіретін әлеуметтік желі белсенділері мей­­лінше  жиі тікелей эфирге шығып тұрады. Уыс-уыс ақшаны көрсетіп, мұқтаж жандарды қызық­тырумен болады.

Қазақта «Әркім барын жейді, ұятсыз арын жейді» деген мақал бар. Осы күні жастардың санасын улайтын жазбалар мен сұхбаттар көп­теп кездеседі. Әлеуметтік желіде жасөс­пірімдер мен жастар танымал блогерлерге ұятсыз, мағынасыз бағытта сауал жолдау­дан тайынбайды. Арсыздықтың шегіне жет­­­­­кен жандар бала үшін жабық тақырып­тарды қоз­ғаудан тайынбайды. Кейде ата-ана­лар бала тәрбиесіне жіті көңіл бөлгені жақсы. Ғалам­торға бос уақытын жұмсайтын жас­өспі­рім жүздеген ұятсыз әрекеттің куәгері болуда.

Жоғарыда мысал ретінде көрсетілген адам­дардың іс-әрекеті қоғам өмірінен алынған. Сонымен бірге анасын, әкесін, әйелін немесе күйеуін, бауырын алдауға арналған пранктер желі қолданушылары үшін де өтімді. Бірнеше әзілден құралған ойындар үлкендердің шамына тигенімен, жастардың арасында әдетке айналып кеткен. Пайдасы мен зияны таразыға түскенде әлеуметтік желіні жақтаушылар мен даттаушылар қатары теңеседі. Көп адамға танымалдылық әкелген әлеуметтік желіні дұрыс жағынан пайдалана білген абзал. Сон­дай-ақ өзгенің ту сыртынан бейнекөрініске түсіріп, әлеуметтік желіге жүктеу арқылы пайда тапқысы келетін жандар жеткілікті. Мұн­дай­да адамның көңіл-күйіне қарай отырып, өміріне нұқсан келтірмеуді ойлаған ұтымды болып табылады.
Б.ОРДАБЕКОВ
21 қаңтар 2023 ж. 226 0