Онлайн жұмыс оңай ма?
Қымбатшылық бүйірден қысқан кезде отбасында сан түрлі қиындық туындайды. Күннен-күнге баға бағамы тығырыққа тірегенде көпшілік бір айлық табыстың күнкөріске жетпейтіндігін алға тартады. Сонымен бірге отбасылық демалыс, той-томалақ, денсаулықты түзеу, балаларды қосымшаға беру, несие секілді дүниелер қалтаны жұқартатыны да рас. Сондықтан декреттік демалыста немесе жұмыссыз отырған қыз-келіншек біткен қосымша ақша табуды ойлайды. Сананы тұрмыс билеген уақытта жарнамасы желіні «жарған» онлайн жұмыстың көбісі адамды қызықтыратыны сөзсіз. Бұл ретте, біз интернет арқылы табыс табудың шынайылығы жөнінде кеңінен тарқатып айтпақпыз.
«АҢҚАУ ЕЛГЕ – АРАМЗА МОЛДА»
Қазақта «Аңқау елге арамза молда» деген тәмсіл бар. Бүгінде кез келген әлеуметтік желіде «Тәулігіне 5000-20000 теңге аралығында табыс табуға болады» деген онлайн жұмыстың жарнамасы қаптап жүр. Жекелеген сайтқа тіркелу үшін жарна сұрайтын олар оңай ақша табудың жолдарын үйрететін көрінеді. Яғни, бастапқыда өзі сатып алған оқу курсынан үйренуге шақырып, адам тарта бастайды. Өз кезегінде ақылы курсты сатқан жарнама иесі онлайн жұмысқа тіркелу жолдарын егжей-тегжей көрсетеді. Дегенмен, курс өткізушімен ортақ түсіністік таба алмаған жұмыс іздеуші онлайн қызметті одан әрі үйлестіре алмауы бек мүмкін. Себебі, сан түрлі қызмет түрін ұсынатын сайт ресми тілде жазылады. Сондай-ақ сайттың функциясы өте күрделі.
Телефонға телмірген жандар күніне бір-бірімен мазмұндас сайтты ақтарумен уақытын өткізеді. Кейбір сайттың пайдалы жағы бар. Мәселен, 7 мыңға жуық қызмет түрін ұсынатын «Мегамастер» сайтында тасымалдау қызметінен бастап, құрылыс жұмысын жасайтын маман да шоғырланған. Бірақ, онлайн жұмыс бөлігінде қарапайым адамға түсініксіз мәселе көп. Осындай тектес интернетте бірнеше сайт жүздеген онлайн жұмысқа шақырып әлек. Шындығында, онлайн қызметтен көздеген пайданы таба алмау – алтын уақытты құртудың жолы.
– Үй шаруасындағы кез келген қыз-келіншек уақытты тиімді пайдалануға барын салады. Осыдан 8 жыл бұрын «Бастауыш сынып» мамандығы бойынша оқуды бітірген болатынмын. Осы уақытқа дейін түрлі салада еңбек еттім. Бүгінде негізгі мамандыққа байланысты жұмыс табу қиын. Әлеуметтік желіден онлайн қызмет түрлері көптеп кездеседі. Бастапқыда қызығушылық танытқанамызбен, ұртымыздың майланғаны шамалы. Көбісі өтірік болып шығады. Сондықтан барлық сайтты заң шеңберінде реттеу керек секілді, – дейді жас ана Г.Мырзағұлова.
Иә, адамнан айла арылмасы анық. Қоғам өмірінде күніне онлайн жұмыс арқылы 20000-50000 теңге табыс тапқан жанды жиі жолықтыра алмаспыз. Барлығы жалған жарнаманың жетегінде кетуге мәжбүр. Демек, тұрмысты сана билегендігін анық байқауға болады. Көпшілік болашағын байыппен бағамдай алса, қабілетін пайдалы іске қолданар еді.
БИЗНЕС ӘЛІППЕСІН МЕҢГЕРТУГЕ БАРЛЫҒЫ ҚҰМАР
Ғаламторда бизнес әліппесін жетік меңгерген маркетолог пен кәсіпкер семинар-тренинг өткізуге әуес. «Ютуб» әлеуметтік желісінде тауарды сату, жеткізу, сақтау жолы кеңінен насихатталады. Мың бір түрлі тауарды сату үшін кез келген адамға ақша керек. «Азғантай ақшамен кәсіп бастауды үйретеміз» деген сөзге иланған жұртшылық ақылы курсқа жазылатыны бар. Кәсіпті ашпастан бұрын, тауарды өткізу үшін жергілікті халықтың сұранысын зерттеп-зерделеу маңызды рөл ойнайды. Ахметбек Нұрсила, Жұлдыз Ақболат, Адия Аралбай секілді жүздеген бизнес және маркетолог өкілі тауарды сатудағы және кәсіпкерлік бастаудағы негізгі элементке тоқталады. Бұл ретте, тауар сату бизнесі де, жарнамалық сайтқа келіп тіреледі.
Қазіргі уақытта өзге мемлекеттен тауар әкелу жолын үйрету де жұмыссыз адамды қызықтыратыны жасырын емес. Қымбат бұйым, ыдыс-аяқ, брендке айналған киім, озық технологияны тасымалдау қызметі жақсы дамыған. Мәселен, Түркия мемлекетінен тауар әкелу үшін арнайы бағдарлама мен сайттың көмегіне жүгінеді. «Ютуб» әлеуметтік желісінде зауыттан бір дана тауардан бастап, жүздеген затты алуға болатыны туралы жарнама жеткілікті. Бірнеше бағытта жүргізілетін жарнаманы көрген көпшілік сауда-саттықпен айналысуға бел буады. Қолда бар ақшасын тауар айналымына салатын олар істің көзін таба алмай даурығады. Мұндайда өткен ғасырдың 90 жылдары жаппай ауыл халқы ала дорбасын арқалап, базарға шыққаны еріксіз еске түседі.
– Қай кезде де кәсіппен айналысу үшін қолыңда жеткілікті деңгейде мол қаражат қоры болуы тиіс. Адам не нәрсемен әуестенеді, қандай дүниеге қызығушылық танытады деген заңды сауал туындағаны жөн. Соған орай, қолдағы қаражатты жұмсай білсеңіз, табысыңыз еселенеді. Ең алғаш мен кәсіпті бастайтын кезінде тасымалдау қызметін жолға қойдым. Кейіннен, шағын дүңгіршек ашып, балмұздақ саттым. Бүгінде балаларға арналған ойыншық машинасын жалға беремін. Алдағы жоспарым бойынша қаражат жинау үстіндемін. Барлығын бірден бастап кету оңай емес. Сатылап дамыған кезде кәсіпкерлікті толықтай игеруге болады, – дейді жас кәсіпкер Ш.Болатов.
Тауар сату дегенде жайылма базар еске түседі. Шындығында, күнкөрісті жақсарту үшін ала дорбасын арқалаған көпшілік мекеме аралап, көшедегі адамға жарнамалап, тауарын сатады. Қайтпек, керек? Бала оқытып, қыз ұзатқан ағайын несие жабу үшін түрлі амалға баратыны бар. Бір жылдары «Мектеп жайылма базарға айналып барады» деп дабыл қаққан жұртшылық көптеп шыққан еді. Ұстаздар қауымы жалақысы көтерілгеннен бері, сауда-саттықты азайтқан секілді.
АУЫЛДА ТҰРЫП ТА, ТАБЫСТЫ ЕСЕЛЕУГЕ БОЛАДЫ
Нағыз маркетелогтың жарқын үлгісін ауылдағы қыз-келіншектер жақсы біледі. Қарапайым ауылда тұрып, онлайн жұмыспен шаруасы жоқ әйелдер қауымы күн сайын табысты еселеу үстінде. Әрине, олар қол еңбекке жүгінеді. Яғни, азанымен сиыр сауады, айран піседі, құрт қайнатады. Кей жағдайда отбасылық кәсіпті жолға қойған ауылдың азаматы бие байлап, саумал сатады. Мәселен, Асқар Тоқмағамбетов ауылының халқы ертеректен мал шаруашылығымен айналысады. Соңғы 30 жылда шаруаға бейім ел аналары Қызылорда қаласына қатынап, сүт, айран, құрт, ірімшік сатады.
Тереңөзектік Нұржан Қасымбеков жергілікті халық үшін жаңа қызмет түрін ұсынуда. Ол – «Кент такси» жобасы арқылы тасымалдау қызметін ұйымдастыруда.
– Тереңөзек кентінің аумағы кеңеюде. Кент орталығында бернеше бағытта қатынайтын такси тұрағы бар. Өз кезегінде біз жаңа қызметті қолға алдық. Кезекшілікпен жұмыс жасайтын «Кент такси» жүргізушілері күні-түні тасымалдайды. Жолда жүру ақысы межелеген жердің қашықтығына байланысты белгіленеді. Қазіргі кент ішінде 2-3 көлік қатынайды. Алдағы уақытта кәсібімізді кеңейтуге күш саламыз. Ең бастысы, біз үшін әрбір тұрғынның талап-тілегі басты орында тұрады, – дейді бізбен әңгімесінде жоба авторы.
Айта кетейік, күніне 60-70 шақыру қабылдау арқылы «Кент такси» жүргізушілері онлайн қызметті жандандыруда.
ТРЕНДКЕ АЙНАЛҒАН ҚАНДАЙ МАМАНДЫҚ?
Осы уақытта ғаламтордың қарыштап дамуына байланысты жаңа мамандық желісі пайда бола бастады. Мәселен, онлайн жұмыстың бір түрі «таргетолог» деп аталады. Таргетолог мамандығын меңгерген адам әлеуметтік желі парақшасын жүргізеді. Ірі кәсіпорын және сауда-саттық дүкеннің тауарын жарнамалау таргет арқылы жүзеге асырылады. СММ маманың дайындау соңғы жылдары жақсы дамыған. Жарнаманы жасау барысында сапалы сурет өңдеу, бейнеөнім дайындау, тауарды сипаттау аса маңызға ие. Әлеуметтік желіге оқырман тарту үшін арнайы ойын, акция ұйымдастыру да, осы қызмет түріне кіреді.
Сонымен бірге копирайтинг мамандығы көпшілік арасында сұранысқа ие. Копирайтинг дегеніміз – сатылым әкелетін жарнама мәтінін жазу. Мысалы, жарнама сайтына хабарландыру беру кезінде сапалы мәтін жазу айрықша рөлге ие. Әрбір тауарды жарнамалауда өзінің кілт сөзі болуы тиіс. Тұтынушыны сендіре алатындай сапалы мәтін жазуға дағдыланған жөн. Копирайтинг мамандығының бірнеше түрі бар. Оның әдіс-тәсілін меңгерген маман қазақ менталитетіне келетін жарнаманы көптеп жасауға тырысады.
2022 жылы тренд болатын топ 6 мамандық жайлы ғаламторда бірнеше жылдық тәжірибесі бар кәсіби маман мысал келтірген. Оның ішінде, таргетолог, сайтолог, копирайтинг, СММ маманы, веб-дизайнер, мобиллограф мамандығы бар. Бұлардың барлығы меңгере отырып, сәтті игеріп кетуге қажырлы күш пен ұтымды уақыт керек.
P.S. Бүгінде әлеуметтік желі шырмауына түскен қаншама адам оңай жолмен ақша табуды көздеген. Қалыпты өмірде бір айлықтан жоғары жалақы алу үшін көпшілік осындай негізсіз әрекетке барады. Күнкөрісті жақсартуға амалсыздан баратын жандар ақырында алаяққа алданып, қаржысынан айырылып қалмаса екен дейміз. Ғаламторды кәдемізге жақсы жағынан жаратқан абзал.
Балтабай ОРДАБЕКОВ